Жауапкершілік жүгін сезіне отырып

…Кімнің болмасын ауырып, қиналған кезде шұғыл түрде телефонды алып, «103» нөміріне хабарласатыны белгілі. Хабарласушы үлкен үміт артып, хабарды жазып алушының бір ауыз жылы сөзін естіп, осындай уақыт ішінде дәрігер жетеді дегеннен кейін «Жедел жәрдемнің» келуін күтеді. Науқастардың жанашыр туыстары үй алдына жүгіріп шығып, дәрігерлерді қарсы алып жатады. Науқас жатқан пәтерге еш кедергісіз, тез жетсін деген ниет.

Міне, біздің саламызда қызмет істейтін әрбір дәрігер, фельдшер, медбике, көлік жүргізуші, басқа қызметкерлер, қайсысы болсын тұрғындардың осы сенімі мен үмітін жақсы түсінеді. Сондықтан да, әр минутты босқа өткізбей, қысылып, қиналып жатқан адамға тез жетіп, көмектесуге асығады. Осылайша, көптеген жылдар бойы бірге жұмыс істеген қызметкерлер әбден машықтанып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дегендей жұмыла жұмыс жасайды. Бәрін де тек қана түпкі нәтиже – адам өмірін сақтап қалу мазалайды. Осындай аса жауапты жұмыс адамдарды табыстырады, дос-жолдас етеді, өзара үлкен сыйластық қалыптасады.

Облыстық жедел жәрдем стансасында барлығы 829 адам қызмет істейді. Оның ішінде 29 дәрігер, 469 орта медициналық қызметкер, 26 кіші медициналық қызметкер, 275 көлік жүргізушісі бар. Медициналық авиацияда барлығы 69 адам болса, оның 25-сі дәрігер, 18-і орта медициналық қызметкер.

Осындай күшпен біздің ұжым өзінің алдына қойған айқын мақсаты үшін жұмыла жұмыс жасап келеді. Ағымдағы жылдың 5 айы ішінде ғана 128 359 шақыру түсті. Облыс бойынша тәулігіне орта есеппен 719 шақыру қабыданады. Айта кетсек, таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін 331 шақыру, кешкі 6-дан түнгі 12-ге дейін 262, түнгі уақытта 126 шамасында шақыру түседі.

Жалпы, біздің жұмысымыз өте жауапты болған соң да шығар, ұжымда еңбегі сіңген, білікті мамандарды сыйлау, үлкеннен үйрену деген сияқты мәселелер жақсы жолға қойылған. Жас мамандар тәжірибелерін толықтырып, өз білгендерін кейінгіге үйретіп отырады.

Мысалы, Ақкөл ауданындағы жедел жәрдем стансасында 12 адам қызмет істейді. Аға фельдшер И.Я. Собко. Оның еңбек өтілі 36 жыл. Диспетчер бөлімінде Е.А.Рыкина, В.Н. Церф, С.Н.Черняевалар қалтқысыз еңбек етіп келе жатса, шақыру бойынша фельдшерлер О.А. Шиленкова, Д.Е.Қадралиева, Ю.В. Колесова, М.В.Малярчук, К.А.Монаховалар жолға шығып, науқастарға шұғыл көмек көрсетеді.

Қорғалжын ауданында ең тәжірибелі фельдшер Ләззат Дүйсенбаева. Ол өз еңбек жолында жүздеген адамды ажалдан арашалаған адам. 37 жыл еңбек өтілі бар майталман маман. Әлі күн өзінің ізін басқан әріптестеріне ақыл-кеңесін беріп, жөн сілтеп отырады. Өз ұлы Сұлтан да анасының жолын қуып, Нұр-Сұлтан медициналық университетін дәрігер-кардиолог ретінде биыл тәмамдап жатыр. Бұл ауданда осындай қалыптасқан игі дәстүр бары қуантады.

Ал, Біржан сал ауданында жедел шақыруға шығатын 3 фельдшер бар. Бәрі де 1-ші санатты, 17-ден 28-ге дейін еңбек өтілімдері бар тәжірибелі мамандар. Мұндағы аға жүргізуші Евгений Ромадан медицина  саласында 36 жыл тер төккен адам. Оның ішінде 19 жыл «жедел жәрдемде» еңбек етуде. 1966 жылы Степняк қаласында дүниеге келген ол 2003 жылдан жауапты көлікті тізгіндеп, дәрігерлерге мүлтіксіз көмек көрсетіп келеді. Ол жас жүргізушілерге бұл сала жүргізушісінің не біліп, нені қоюы керектігі туралы айтудан әсте жалыққан емес.

Жақсы ауданында Зоя Бухаршина, Әсел Бейсекова, Шерхан Оразғали, Бахтияр Қуанов, Мәдина Есімбекова, Айжан Исімбаева, Гүлжан Әбдірахманова сияқты мамандар аянбай еңбек етуде. Жұртшылық олардың қызметіне дән риза. Ол – ең жоғары көрсеткіш.

Сол сияқты, біздің облысымыздың әрбір ауданында «жедел жәрдем» қызметінде дәрігерлер, медбикелер, тағы басқа қызметкерлер, көлік жүргізушілері өз міндеттерін адал атқаруда. Жоғарыда айтқан ұжымдардағы сияқты әр ұжымда өзара түсіністік пен сыйластық бар. Менің ойымша, мұндай, уақытпен санаспайтын, кез-келген уақытта өте маңызды шешім қабылдауды талап ететін жұмыста кездейсоқ адам болмайды. Бұл жұмыстың маңызын жете түсінбеген адам ұзақ тұрақтамайды. Сондықтан да, уақыт сынымен сұрыптала келіп, «жедел жәрдемнің» өз адамдары қалады.

Мен бүгін осындай құрметті де жауапты қызметте бел шешпей еңбек етіп жүрген әріптестерімді, басқа салада қызмет істеп жүрген ақ халатты абзал жандарды төл мерекелерімен қызу құттықтаймын. Әрқайсысының денсаулықтары мықты болып, отбастары аман, көңілдері шат болуына тілектеспін! Мереке құтты болсын, құрметті әріптестер!

            Александр ВЫСОЦКИЙ,

                      Ақмола облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар