Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығы 2022 жылдың 21-24 маусым аралығында Бурабай ауданы Қатаркөл ауылының ауылшаруашылық колледжінің аумағында «Көкше сапары» далалық экспедициясын өткізді.
Экспедицияның мақсаты: оқушыларды далалық жағдайында өз өмірін жайластыруға үйрету және экологияны, өлкетануды зерттеуге баулу, туристік дағдыларды дамыту, жас ұрпақты туған өлкенің табиғатына ұқыпты қарауға тәрбиелеу.
Экспедицияға Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі, өлкетану және экология орталығының экологиялық бағытындағы облыстық іс-шараларының жеңімпаздары 30 бала қатысты.
Экспедиция барысында қатысушылар колледждің аумағындағы орманның флорасын, фаунасын, рельефін, топырағын және т.б. зерттеп, талдау жұмыстарын жүргізді.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің кіші ғылыми қызметкерлері Ю.С.Боссерт пен С.Ж.Балташева балалармен бірлесіп далалық тәжірибеде биогеоценоздарды кешенді зерттеді, яғни табиғи-аумақтық кешенін, өсімдіктердің түрлік құрамын, жануарлардың түрлік құрамын анықтап, Қатаркөл көліне гидрологиялық зерттеу жүргізу жұмыстарын, оның ішінде деңгейін, температурасын анықтауды жүргізді. Балаларды жануарлар әлемімен таныстыра отырып, фото қақпан қалай құрылатынын көрсетіп түсіндірді. Далалық экспедиция кезінде балалар бақылау күнделігін толтырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық далалық экспедиция кезінде балалар бақылау күнделігін толтырды. Экспедиция соңында әрбір топ экспедиция нәтижелерін ресімдеп, өзінің зерттеу жұмыстарын қорғап, далалық экспедицияның қорытындылары шығарылды. Бұл зерттеу жұмысы балаларға ұнады.
«Далалық экспедиция «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлерімен бірлесіп өтті. Біз парк қызметкерлеріне зерттеу жұмыстарын сәтті әрі қызықты жүргізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз «,- деп толықтырды ұйымдастырушылар.
Балалар үшін ұйымдастырылған экологиялық эстафета қызықты да тартысты өтті.
Барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.