Ең ауқымды домбыра сабағы

Домбыра – қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап.

Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының домбыра жайлы қанатты сөздері де бар:

«Домбыра – қазақтың қасиетті дүниесі. Оны тарта алмасаң да қадірлей біл. Себебі баланың бойына халықтың рухани байлығын сіңіру домбырадан басталады. Домбыраның сырлы сазына ауызданбаған бала уызы жарымаған көтерем қозыдай болады. Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді. Ал, халықтың жанын түсінбеу деген – тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып,сая да болмайды, жеміс те бермейді»

Осы орайда, домбыра аспабын өскелең ұрпаққа кеңінен таныстыру мақсатында еліміздің барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «100 күйдің тарихы»  атты жоба бастау алған еді. Осы жоба аясында сан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соңдай шараның бірі жуырдаелордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінде «Ең ауқымды домбыра сабағы» атауымен өтті. Оны Гиннесс рекордтар кітабына онлайн тіркеу жоспарланып отыр. Қазақ халқының басты музыкалық аспабында бір мезгілде мың оқушы ойнады.

Ең ауқымды домбыра сабағына қосымша білім беру педагогы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған дирижерлік етті. Мыңдаған оқушының орындауында «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» сияқты атақты күйлер күмбірлеп, туындылардың шығу тарихы баяндалды. Елордадағы Зияткерлік мектеп оқушылары бүкіл әлемге біздің еліміз бен мәдениетімізді, халықтың жаны деп атауға болатын басты музыкалық аспапты таныстырды.

«Нағыз қазақ – домбыра екенін бәріміз жақсы білеміз, сондықтан мұны тарихи күн деп атауға болады», – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма  Төрайымы Күләш Шәмшидинова.

Аталмыш мектепте домбыра бойынша элективті курстар 2016 жылы енгізілді. Айтжан Тоқтағанның жетекшілігімен құрылған мектепішілік «Жігер» ансамблі көптеген республикалық және халықаралық музыкалық байқаулардың жеңімпазы, «Sun of Italy» итальяндық фестиваль-байқауының бас жүлде иегері, АҚШ-тың атақты Гарвард пен Бостон университеттері және Массачусетс технологиялық институты сахналарында өнер көрсетті.

«Домбыра – әрбір қазақ үшін қасиетті аспап, ал біздің сабағымызды Гиннесс рекордтар кітабына енгізу – бұл домбыраны бүкіл әлемге паш ету», – деп атап өтті Айтжан Тоқтаған.

Аса ауқымды шарадан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтағанға алғыс хат жолдады.

– Халық мұрасын насихаттау және үйрету ісіне бел шеше кірісіп, көпшілікке белгісіз туындыларды нотаға түсіріп, олардың авторларын анықтауға атсалысып келесіз. Сан жылғы зерттеу жұмыстарыңыздың нәтижесі іспетті еңбектеріңіз қазіргі таңда музыка мектептері мен оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып жүр. Ал, Назарбаев зияткерлік мектебінің мыңнан астам оқушысы қатысқан домбыра сабағыңыз өскелең ұрпақтың ұлттық күй өнеріне қызығушылығын арттырып, білімін тереңдеткен маңызды шаралардың бірі болды. Ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған бұл мәдени іс-шара Гиннесс рекордтар кітабына енеді деп сенемін, – делінген алғыс хатта.

Бір мектептің мыңға жуық оқушысы ұлттық музыкалық аспапты жетік меңгеріп, бірге күй орындауы әлемдегі тұңғыш оқиға. Қазақ халқының басты ұлттық аспабы – домбыра Назарбаев Зияткерлік мектептерінің символына айналды. Бүгінгі таңда еліміздегі барлық NIS-тегі домбыра пәнінің элективті курстарында Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Нұрғиса Тілендиевтің атақты күйлерінің тарихы міндетті түрде оқытылады. Барлық мектепте домбыра ансамбльдері мен студиялары жұмыс істейді. Домбыра сабақтары математика, физика, шет тілі сабақтарымен ұштастырылуда, жас музыканттар «Ұлы дала мұрагерлері» дәстүрлі флешмобында жыл сайын ел сахналарын бағындырып жүр. Домбыра мен ұлттық музыкаға деген қызығушылықты арттыру бойынша жүйелі жұмыс NIS-тің халықтық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау бойынша ауқымды бағдарламасы аясында іске асырылып келеді.

Осылайша барлық Зияткерлік мектептердегі оқу жылы домбыра сабағымен аяқталды. Оның ішінде біздің Көкшетаудағы мектеп те бар.

Әділ ТӨРЕҒОЖИН,

Назарбаев Зияткерлік мектебінің қосымша білім беру педагогы.

 Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар