Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбек етсек тіленбей!.. - АРҚА АЖАРЫ

Еңбек етсек тіленбей!..

Осы тақырыпты індете іздегенде қымыз өндірісін өрге бастырмай тұрған кеселдің бірнешеуі кесе-көлденең шықты. Жылқы басы бар болғанымен жайылым тар, мал тұқымы азып кеткен, өзге түліктен алынатын өнімге берілетін субсидия қымызға жоқ. Ең бастысы, ауылдағы ағайынның өзі ас атасын дайындауға жұқалап айтқанда, енжарлау.

  1. Қымыз өндірісі неге өрге баспай тұр?!

Осы тақырыпты індете іздегенде қымыз өндірісін өрге бастырмай тұрған кеселдің бірнешеуі кесе-көлденең шықты. Жылқы басы бар болғанымен жайылым тар, мал тұқымы азып кеткен, өзге түліктен алынатын өнімге берілетін субсидия қымызға жоқ. Ең бастысы, ауылдағы  ағайынның өзі ас атасын дайындауға жұқалап айтқанда, енжарлау.

Күні кеше жаман тұмау жалпақ дүниені жалғыз қауызға сыйғызып, жан алқымнан алған кезде жан сауғалаған ағайын ыдысын ұстап саумал іздеп кеткен. Ұзақ жылдар бойы көзден таса, көңілден жырақ қалған ата сусыны сонда барып жадымызға оралып еді. Қымыздың астық қасиеті, қуаты, ағзаға оң әсері туралы тереңдей таратып айтудың өзі артықтау. Ендеше неге екі қолын алдына сыйғыза алмай отырған ауылдағы ағайын жаратқан иенің өзі пешенесіне тарту еткен қымыздың игілігін көре алмауда.

Сылтау керек болса, табылады. Ең бастысы, ынта жоқ деуіміз керек шығар. Әйтпесе, өңірдің жайлауында мыңғырған жылқы малы жетерлік. Бие саууды бүгінгі жұрт азапты шаруа санайтын сыңайлы. Әрине, бозала таңнан тұрып, бие ұстау, бастықпаған асау құлынды желіге байлау керек. Бие сағат сайын сауылады. Саумал болғанымен, дәмі тіл үйіретін қымыз дайын болғанша қаншама шаруа. Ерніңе тигенше, есің кететіні де рас. Бірақ, түптеп келгенде өз отбасының ғана ырыздығы емес, іске жарата алса, көл-көсір табыс.

–Қазір елге барсаң бір кесе қымыз таба алмайсың, – дейді көкшетаулық ел ағасы Болат Мырзахметов, – ілкіден жалғасып келе жатқан дәстүр үзілген, ел жалқауланып бара жатыр. Қымыз ішпеген баланың денсаулығы қайдан жақсарсын? Баланы айтасыз, ертеректе сексеннің сеңгіріне табан іліктірген ақсақалдар жайдақ атқа қарғып мінетін. Соның барлығы атадан қалған астың қуаты. Бар дүниені ұқсата алмай отырған келін-кепшекке ренжисің де қоясың.

Көкшетауда қазір қымыз өндірісімен айналысатын жалғыз-ақ орын бар. Жалғыз қымыз ғана емес, бұл күнде көпшіліктің көзінен бұл-бұл ұшып, жеңсік асқа айналғанұлттық тағамдарды дайындайтын «Бауырсақ» орталығы.

–Қымыз өндірісімен айналысуға тағдырдың өзі мәжбүрледі, – дейді орталықтың меңгерушісі Ақыл Нұрмағамбетова, – 2013 жылы қатерлі ісік ауруына шалдықтым, тілім аузыма сыймай кетті. Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында екі жыл емделдім. Аурудан арылу үшін тілімді түгел кесу керек болды. Ота жасауға көнгенім жоқ. Несін айтасыз, не тамақ іше алмаймын, не сөйлесе алмаймын. Адам айтқысыз азап шектім. Алматы маңайындағы ауылдардан саумал, қымыз әкеліп сатады. Қорегім сол ғана. Әлде бес баламның көз жасы, әлде саумалдың әсері, аман қалдым. Сол сәттен бастап өзіме-өзім қымыз өндірумен айналысамын деп сөз бердім.

Ақыл Төлеубекқызының айтуына қарағанда, қымызды көп көлемде өндіру тәжірибесі біздің өңірде тапшы екен. Әрине, бірді-екілі бие сауып отырғандар бар. Ондай үрдісті бала кезінде өзі де көрген. Керегі көп мөлшердегі саумалды іске жарату. Табанынан таусылып біраз жерді шарлаған. Ақыр соңында Семей өңірінен тауыпты. Бақайшақтап бар қыр-сырын үйренген. Қазір Көкшетау төңірегіндегі бірнеше ауылдан әкелетін саумалды көтере сатып алып, қымыз дайындап отыр.

–Саумалды сізге сатқанша, өздері неге қымыз дайындамайды? – дейміз біз.

–Машақаты көп қой, бәлкім, содан қашатын шығар. Одан саумалды өткізе салған әлдеқайда жеңіл.

Ақыл Төлеубекқызының айтуына қарағанда, сыйымдылығы 100-150 литр бернеше күбісі бар. Піспек электр қуатымен жұмыс істейді. Күбілерді ақ қайыңның шоғырмағымен ыстап, сүр қазымен, қаймақпен майлайды. Шиенің ағашымен ыстаса, тіпті дәмді болмақ.

–Тұлымымыз желбіреген бала кезімізден әке-шешеміздің қымыз баптауын көріп өстік қой, – дейді орталық меңгерушісі, –бие саууды әншейін жай ғана бір тіршілік көзі саналатын күнкөріс деп емес, айырықша бітімді, көшпелі халықтардың ғана маңдайына жазылған өнер деп ұғынуымыз керек. «Ағы бардың бағы бар» деп халық тегін айтты дейсіз бе, қымыз көпшіліктің асы болатын. Бие байлаған үй несібесін көпшілікпен бөлісіп ішетін. Көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-бірін биені байлап, қашан ағытқанша дейін сыбағасы деп, ақтан ауыз тиіңіз деп шақырысып жататын, мұның барлығы сол кездегі адамдардың бір-біріне деген кең қолтық, жомарт пейілі. Дәл бүгінгідей қымыз сатуды ел естіп көрмеген.

Қазір жылқы ұстағанымен оның пайдасын өз басына жарата алмай отырғандар көп. Ұлттық тағамдардың ішіндегі ең құрметті дастархан мәзірі осы қымыз. Әдетте сауылатын биелер сақа бие, қулық бие, қысырақ бие деп үшке бөлінетін. Сақа бие – сан мәрте құлындаған, саууға әбден көндіккен, бас білген бие. Қулық-құнажын немесе дөнен кезінде алғаш құлындаған бие. Ал, қысырақ бие деп соңынан былтырғы құлыны, қазіргі жабағы еріп жүрген қысыр қалған биені айтады. Тай еміп жүргендіктен қысырақ биелер сауыла береді. Ол тұста шөптің шығымына,малдың күйіне қарай сауылатын сүтті биелерді үйдегі үлкендер іріктеп, таңдап, тұқымын үзбей ұстайтын. Құлын байлайтын қазыққа, айғырдың жалына май жағып, ырымдаушы еді. Бие байлау мерзімі мамыр айының бас кезінде болатын. Бұл кезде құлындар марқайып, жетіледі.

Алматыдан оралған соң Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылындағы «Көкше Құлагер» серіктестігінде сауыншы болып істеген. Екі адам 45 биені қолмен сауыпты. Баяғыда жадында жатталған, кейін ұмыт болған қымыз баптау дәстүрі көкіректе қайтадан қылаң берген. Қыр-сырын әбден меңгерген соң технолог болып қызмет еткен. Қазір күніне 200 литрден астам қымыз дайындайды.

–Ауылдағы ағайын қымыз былай тұрсын,сиырдың сүтін де дұрыстап қажеті жарата алмай отыр, – дейді орталық меңгерушісі, – қазір осы маңдағы ауылдарда тұратын келіншектер сары майға тапсырыс береді. Өздерің сиыр бағып отырсыңдар ғой, неге май былғамайсыңдар десем, күледі. Құрт-ірімшік туралы айтудың өзі артық.

Осы бір сөзді естігенде, қайда бара жатырмыз деген сұрақ мазалайтыны да рас. Төрт түлікті тегіс өсіріп, мал сүмесімен күн көрген жұрттың бүгінгі кейпі шынымен қынжылтарлық.

–Қазір біздің өңірде қымыздың литрі сапасына орай 1000-1200 теңгенің шамасында, – дейді Зеренді ауданы Игілік ауылының тұрғыны Жібек Алпысбаева, – сүтті бие тәулігіне бес литр сүт береді деп есептесеңіз, кем дегенде бес мың теңге табыс табады. Егер бес бие саусаңыз, күніне 25 мың теңге кіріс кіреді. Оны айға көбейтсеңіз, көл-көсір табыс емес пе. Отбасың да тоқ, бала-шағаның аузы аққа тиіп, бір жырғап қалмай ма?!

Бала-шаға демекші, қала балалары бүгінде қымыздың дәмін татып көрмеген. Ұсынсаң, ұмтылмайды. Өйткені, туғалы таңдайына тимеген.

–Алдыңғы жылы облыста «Қымыз мұрындық»байқауы өткізілгенде, тоғыз түрлі қымыз дайындап апардым, – дейді Ақыл Төлеубекқызы, – талап бойынша бес түрін дайындау керек еді. Мен балаларға арналған төрт түрін қостым. Олар түрлі шие, қарақат, таңқурай тәрізді жеміс қосылған қымыз. Осындай дәмді қымыздарды балалардың ас мәзіріне жаратып, қымыз ішуге үйретуге әбден болады. Бұған дейін дәмдеуіштерді іргедегі Ресейден алып тұрушы едік, қазір тым қымбаттап кетті.

Орталық меңгерушісінің айтуына қарағанда, саумал күбіге құйылмай тұрып 36 градусқа дейін жылытылады екен. Жылқының дене жылуымен бірдей болу керек. Сонда ғана қымыз дәмді болмақ.

–Алғаш рет қымыз ашытарда биенің сүті арнайы ашытқының немесе қордың үстіне құйылады, – дейді Жібек Алпысбаева, – ашытқыны әдетте сүр жаяның, қазының сынық-сүйемін салып сүттен, ол болмаса сүтке нан ашытқысын езіп әзірлейді. Қор дегеніміздің өзі ескі, бұрынғы қымыз. Қазақта көне заманнан бұрын келе жатқан «қоры үзілмеген» деген астарына көп мағына сиятын сөз тіркесі бар. Бұл арада жалғыз қымыздың қоры айтылмаса керек, ондағы айтпақ ойдың ұшығы қорлы, қордалы шаңырақ өзінің әрбір ісіне ұқыпты, тыңғылықты отбасы деген ұғымды білдіреді. Қордың үзілмеуі күнделікті тіршілікте бір-біріне сабақтасып жататын қат-қабат шаруаның рет- ретімен атқарылуына қажетті тұрмыстық жайлардың өзара жарасым табуы. Сары қымыз қашан да адам ағзасындағы сан алуан дертке шипа, денеге күш құятын қастерлі, құдіретті тағам болап саналады. Қымыздың ерекше дәмді, айырықша құнарлы, жан сарайыңды ашып, сіңімді келетіндігі жылқы малы жаратылысынан өте кірпияз. Ол мың сан шөп  өсетін жайылымнан тек асылын ғана теріп жейді, суды жалдап жүріп, тұнығын ғана ішеді. Осының бәрі айналып келгенде бие сүтінің құнарын өзге төрт түлік малдың сүтінен әлдеқайда құнарлы етіп тұрады.

Облыс орталығының іргесінде, қалың қайыңды-қарағайлы орманның етегінде «Ауыл дәмі» деп аталатын этноауыл бой көтеріпті. Ұлттың тағамын ұлықтап жүрген Ақыл Төлеубекқызының талпынысы. Алты қанат киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылған. Саумалдың дәміндей саф ауаны жұтып, ауылдың дәмінен ауыз тисеңіз, бағзыдағы ауылға барып келгендей боласыз. Қайран да қайран ауылдың көне кейпі көкірегіңізде жүрсе, қандай жақсы?!

  1. Балыққа да бап керек

Ұқыптап ұқсата білсек, балық та дастарханның берекесін келтірер еді. Бүгінгі таңда бұл салаға мемлекет тарапынан бірқатар қамқорлық жасалуда. Жергілікті жерде де атқарылып жатқан ауқымды іс бар.

Алдымен, балықтың өрісін тарылтып тұрған қыруар кемшілік туралы айта кетелік. Ерейментау ауданындағы Торғай  селолық округінің аумағындағы Ащыкөл, Тайбай селолық округінің аумағындағы Үшмырза, Жарлыкөл тәрізді су айдындарын балықтандырып, ісін дөңгелетіп отырған шаруа қожалығының басшысы Жанмұрат Тілеубердиновтың айтуына қарағанда, жергілікті шаруалардың көлден мал суаруы ақылға сыйымсыз. Малсақ қауыммен арадағы келіспеушілік осы арадан туындап отыр. Мәселен, үш көл де Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолының бойында орналасқан.

Тіпті, қолсозым жерде. Жадыраған жаз айында бір шеті Нұр-Сұлтан, Екібастұз, Шідерті қалаларынан демалушылар дүмеп келеді. Әуесқой спортшылардың да балық аулауға деген ынтасы жақсы. Дегенмен, айдынның іргесінде топырлап мал жүргендігін жақтыра бермейді әрі төрт аяқты мал көл жиегін ластайды. Ал, өздері болса қысы-жазы айдын маңайын тазалап, күтіп ұстауға ұмтылады. Жалғыз балық қана емес, туризмді де тәп-тәуір дамытуға мол мүмкіндік бар. Бірақ, қолдың қысқалығы мүмкіндік бермей тұр.

–Қаражатымыз болса көл жиегіне келушілердің көңілінен шығатындай етіп үй жайларды сатып алар едік, – дейді Жанмұрат Айдарханұлы, – бұл шаруамен алдымен әкеміз айналысқан. 2005 жылы белгіленген тәртіпке сай осы үш көлді алып, балық өсіре бастады. Кейін інім екеуіміз әкеміз бастаған істі жалғастырып әкеттік. Алдымен су құрамын тексеріп, зертханадан өткіздік. Кейін Қарағандыдағы балық тұқымбағынан сазан мен тұқы балығының дернәсілдерін әкеліп, су айдындарына жібердік. Балыққа сұраныс өте жақсы, бағасы да қолжетімді.

Биыл ғана көл тауарлы балық шаруашылығы ретінде құрылған ұжым субсидия алып көрмепті. Қазір тиісті құжаттарын толтырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектен дәметіп отыр. Барлық шаруаны өз қаражаттарымен атқарып жатыр.  Көктемде Зеренді тұқымбағынан 300 мың рипус, дөңмаңдай балықтарының дернәсілдерін әкеліп, айдынға жіберген. Әсіресе, дөңмаңдай балығы көлді қоғадан тазарту үшін қажет. Қазір көл иелерінің айтуына қарағанда, алғашқы сынақ ретінде өрістеткен балық көбейе бастаған.

Балық шаруашылығының қарбаласы да шашетектен. Қырдағы тайыз көлдердің санатындағы су айдындары  қыс қатты болса түбіне дейін қатып қалуы мүмкін. 2014 жылы қақаған аязда әупірімдеп жүріп әзер аман алып қалыпты. Айдындардың тереңдігі 3,5-4 метр шамасында ғана. Сондықтан қыс бойы көк мұзды ойып, оттегін жіберіп, қамқорлық жасайды. Көл суын молайту үшін қар тоқтату қажет. Бір кездегі бұлақ біткен бітеліп қалған, ендігі амал қар, жауын суымен көл кенересін толтыру.

Сөз арасында өңірде Жанмұрат Айдарханұлы тәрізді 330 табиғат пайдаланушы 452 су айдынына ие болып отырғандығын айта кетуіміз керек. Бұл біздіңше өте дұрыс қадам. Иесіздіктің қандай болатындығын көз көріп жүр. Егер көлге ие табылса, балық та молая түсер еді. Бұл тарапта айта қаларлықтай шаруа атқарылуда. Үстіміздегі жылы өңірдің 74 су айдыны көл-тауарлы балық шаруашылығы болып қайта  құрылды. Биыл облыс бойынша тауарлы балық өсіру көлемі 952 тоннаға жетті. Ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін табиғат пайдаланушылар балық шаруашылығын дамыту жоспарына сәйкес 7 166 747 дернәсілді ақ айдынға тоғытты. Оның ішінде 7 150 000 дана пайдабалық, 2000 дана бір жылдық тұқы балығы бар.

–Осы дернәсілдерді сақтап қалу үшін облыстың табиғат пайдаланушылары өздеріне бекітілген су айдындарында қысқы мезгілде көп жұмыс атқарады, – дейді  Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Ақмола облыстық бөлімінің басшысы Мұрат Шалабаев, – бір ғана мысал келтіре кетейін, өткен қыста табиғат пайдаланушылар айдын үстінде 39505 шұңқыр бұрғылап, бұл жұмысқа 532 адам мен қыруар техника жұмылдырылды.

Иен байлықты сақтау да оңай-оспақ шаруа емес екен. Жыл басынан бері 440 рейдтік шара өткізіліпті. Осы шаралар барысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 140 фактісі анықталған. Әкімшілік хаттама толтырылып, 2327880 теңге көлемінде айыппұл салынған, 165,5 келі балық тәркіленген. Сот орындарына үш әкімшілік материал жөнелтілген. Балық шаруашылығы комитетінің бұйрығына сәйкес облыс аумағында әр жыл сайын «таза су айдындары» акциясы өткізіледі. Аталмыш акция барысында су қоймаларынан 118 тор жиналған. Су қоймаларының жағалаулары тазартылып, жүздеген тонна қоқыс шығарылған. Бұл жұмысқа да 500-ден астам адам қатысып, қол ұшын берген.

Балық та бабын тапқанға өседі. Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған қазіргідей кезеңде балықтың да дастарханның берекесін келтірер септігі бар.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 

 

Loading

1 Comment

  • Мыналарыңыз не сұмдық?! Бағана сайттарыңызды ақтарып отырып, осы тақырыпқа «Еңбек етсек тіленбей!..» кезіктім. Бала кезден «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақаланы естіп өстік. Ата-бабамыздан қалған асыл қазына мақалды өзгертіп соншама не көрінді? Бояушы бояушы деген сайын сақалын бояудың кебі ме? Ұят ай!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар