Романның шерткен күйлері-ай!

Қасиетті өнерді қастерлей білетін көкшелік тыңдарман қауым Роман Борисовский шерткен күйлерді тыңдауға құмар. Жасынан домбыраны жан серігі етіп келе жатқан бозбала  күй тарихын зерттеуге де ынталы.

Талдырмаш денелі, ақсары жігіт бауырына қысып ұстаған домбырасын шертіп отыр. Қос ішектен өрілген жанға жайлы әуен тымық ауаға еркін тарап, елді еліктіріп, баурап, өзіне тартып барады. «Ерке сылқым». Ай дидарлы аруды аңсаған жүректің үні, лүпілі.

–Күй сіңімді болуы үшін тарихын білген абзал, – дейді домбырашы Роман Борисович, – сонда ғана мазмұнын ұғып, мағынасына жетесің. Менің ойымша күйді тартпас бұрын алдымен ондағы қатпар-қатпар ойды, қилы-қилы оқиғаны тыңдарман қауымға айтып жеткізген дұрыс. Күй – қазына дейді ғой. Осы сөздің жаны бар. Күй тарихын зерттеген адам қазақ жұртының бар тарихын қоса білер еді.

Өйткені, күйдің шығуы, ондағы сыр мен сипат еліміздің өткенін айтады емес пе? Музыкасынтыңдап, сол жұрттың бар болмысын, табиғатын аңғаруға болады. Мәселен, мен сүйіп орындайтын «Ерке сылқым» жүрек қылын шертетін әуен ғана емес, қазақ қыздарының әдемілігін, инабаттылығын, еркелігін сипаттайтын шығарма.

Дәулескер домбырашы Әбдімомын Желдібаевтың өзі қазақ қыздарын өзгеден артық көрмесем, мұндай күй тумас еді демей ме, осы әуенді тапқанша жиырма жыл уақыты кетіпті. Әуенді түсініп-түйсінсеңіз, аруды он бесінде толған айға теңеп, толықсып тұрады. Жүректі жаулайтын неткен сұлу үн десеңізші.

Күй туралы келісті пікір білдіріп отырған Роман Борисович Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданындағы Ленинградский ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы №1 орта мектепте оқып жүргенінде жергілікті жердегі ұлттық музыка мектебінде оқыған.

–Романның бала кезінен бейімі күшті болды. Жалғыз бейімі ғана емес, тал бойындағы тамаша мінезге де, ілтипат пен ізетке де дән риза боласың, – дейді ұстазы Қасымжан Тошкен, – 1978 жылы шалғайдағы шағын ауылда музыка мектебін аштым. Алдымыздан талай қабілетті балалар өтті, соның ішінде Романым бір төбе. Қазақ ұлт-аспаптар ансамблінде ойнады.

Қоңыр даусымен ән салғанда, Арқаның ақ самалы жаныңды желпігендей рахат бір сезімге бөленесің. Мектеп бітірерден бір жыл бұрын Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжіне қолынан жетектеп әкеліп, табыс еттім. Мұндай балалар ауылда қалып қоймауы керек қой. Үмітімді ақтап, жақсы оқып жүр. Өнерін де көрсетіп жүр. Қазір колледжде оқып жүріп, облыстық филармонияда ұлт-аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсетеді.

Роман сарғыш өңі алаулап сыр шерткен. Көкшетаулықтардың көзі үйренген дейді, ал, Баянауылға барғанда, Ақтаудағы аламанда көпшіліктің ынтасы керемет болғанға ұқсайды.

–Оқушымның күй өнеріне деген, оның құдіретін ұғуға, болмысын түсініп, бар нәрін бойына сіңіруге деген ынтасы зор, – дейді ұстазы, дәулескер домбырашы Сәкен Біржанов, – кейбір жастарымыз өз тіліне өгейлік танытып жүрген кезінде осындай оқушыға ықыласың қалай аумайды.

Енді бір сәт Роман бар ынтасымен беріліп, күй атасы – Құрманғазының «Адай» күйін орындаған. Жаңа ғана күй тәлім-тәрбиенің үлкен құралы деген сөз ләмі шындық екендігін шымырлай шапшыған күй желісін тыңдап отырып көз жеткізесің. Аңыз былай дейді, қазақтың 300 жауынгері ел шетіне келген екі мыңға жуық басқыншы жауға қарсы тұрады. Қарамы аз болса да, жасанып келген жаудан ықпапты.

Ат құйрығына шұбалтып тулақ байлаған. Жауға шапқан кезде сүйретілген тулақтың әсерінен ұбақ-шұбақ шаңкөтерілген. Әлгінде ғана бір уыс болып тұрған қазақ жауынгерлерінің көзді ашып-жұмғанша қалай көбейіп кеткендігін жау жағы  түсінбей, қарасынан қорқып ат басын кері бұрыпты. Қашқан жауды қырып салса керек.

Осы оқиғаны қыр басында тұрып көрген күйші керемет әсерге бөленіп, «Адай» күйін  шығарған деседі. Тыңдаған кезде алпыс екі тамырыңда ерлік сезімі ойнап, ел қорғаған ерлердің тапқырлығына, жаужүректігіне, туған жердің топырағының сынықсүйемін жат жұртқа бастырмаймын деген өр көңілі мен пейіліне тәнті боларың бар. Демек, ілкі заманнан бері Алаш даласында шалқып тұрған саналуан күйдің бір парасы тыңдаған жасты елдік пен ерлікке тәрбиелейтіндігі шындық емес пе?!

Роман тағы бір әуенді толқыта жөнелді. Болашақтың сара жолы, салтанатты, рәуішті күй. Жайнаған жастар, бас біріктіріп, ел болашағы үшін қиындық атаулыны апырып-жапырып, адымдай алға басып барады. Осындай өнерімізді қадірлеп, әнімізді шырқап ортамызда жүрген азаматтардың бірлігі барда, елдің де ертеңі ертегідей жайнай берері даусыз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар