Жақсы аудандық полиция бөлімінің майоры Қымбат Смағұлованың ұяда көрген ұлағаты мол. Әкесі Әмірхан Кенжеболатұлы ұзақ жыл бойы жол полициясы саласында адал еңбек еткен азамат. Жастайынан әкесінің ақ адал еңбегіне тәнті болып өскен қызғалдақ қыз кейін әке жолын қуып, бар ғұмырын осы салаға арнауға бел буады. Бүгінде Қымбат Әмірханқызы ел алғысына бөленіп жүрген майталман маман.
Ол еңбек өтілін Державинск қаласындағы ЕЦ-166 қылмыстық атқару жүйесінде бастайды. Шынын айтқанда бұл ерлерге ғана тән жұмыс болатын. Қиындығы да бастан асып жатады. Саланың сол қиындығына төзе білген Қымбат Әмірханқызы өзінің бойындағы табиғат сыйлаған тамаша қасиеттерін таныта білді. 2000 жылдың басында ішкі қызмет сержанты Қымбат Әмірханқызы техникалық бөлімге ауысып, осы күнге дейін аталмыш ұжымда еселі еңбек етіп келеді.
– Қазіргі таңда барлық сала цифрлық жүйеге көшірілуде. Бұл біз қызмет ететін салаға да өзіндік ықпалын тигізіп отыр. Жасырары жоқ, компьютерлік техника біраз шаруаны жеңілдетті. Компьютерді толық меңгеріп алдым. Аудандағы ірі және ұсақ қылмыстар туралы деректер базасын құрдым. Жұмысты ширатып, жеңілдету үшін материалдар жинақтадым, – дейді Қымбаттың өзі.
– Бұл күнде аудан орталығындағы адамдар көп шоғырланатын жерлерде және ірі нысандардың маңайына бейнекамералар орнатылған. «Жаман айтпай жақсы жоқ », – демекші, бейнекамералар кейде көше бойында орын алатын қылмыстарды ізін суытпай жедел ашуға мүмкіндік береді. Қазір аудандық полиция бөлімінің кезекшілері елді мекеннің барлығын назарда ұстап, орын алатын оқыс оқиғаларды тіркеп отырады. Жағымды жаңалықтың біздің салаға берері өте мол, – дейді ол.
Қымбат Әмірханқызы тек өз қызметінде ғана емес, ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласады. Ол өз саласы бойынша ұйымдастырылатын әртүрлі конкурстарға жиі қатысып белсенділік танытуда. Кейіпкеріміздің бұл әрекеті оның жан-жақты азаматша екендігін айқындап-ақ тұр.
Бойындағы қабілет-қарымының арқасында білім мен білік сарапқа түскен сан мәрте топтан озып, көптеген конкурстардың жеңімпазы атанды. Ал, мергендігі өз алдына бір жыр. Қызмет қаруын пайдалануды біршама жақсы меңгергендіктен құралайды көзге атататын мерген ретінде де танылып жүр. Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігінің, облыстық ішкі істер департаментінің дипломдарымен және мерекелік медальдарымен, Ақмола облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталуының өзі Қымбат Смағұлованың өзіне тапсырылған бар шаруаны тыңғылықты атқаратындығын көрсетеді емес пе?!
Несі бар, қазақтың қыздары да азаматтың пешенесіне жазылған іске араласып, қолынан бұл шаруаның да келетіндігін көрсете біледі. Жаны жайсаң Қымбат Әмірханқызының бүгінгі толайым табысы жастар үшін үлгі-өнеге болары анық.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Жақсы ауданы.