Асқақтай бер, Елорда!

Есілдің жағасындағы ертегі қала! Сарыарқаның ерке самалына нұрға бөленіп, гүлмен көмкеріліп, көңілді көктем еткен көркем қала! Жүректерге үміт, сол үмітке қанат бітірген арман қала! Елімнің жүрегі, халқымның тілегі болған еңселі Елордам! Өзіңмен қауышсам сонау зау биікке қолын созған ғажайып ғимараттардай арманым да асқақтай түседі! «Қазақ елі осындай!», – деймін шүкір етіп. Алаулаған балаң сезімін жасыра алмай тұрған жүрекке шүпілдеп ән толып, көңіл де қуанып сала береді!..

    Рас, Елорда талай қазақ баласының бағын ашты, арманына жол салды, мыңдаған, миллиондаған адамның болашағына зор серпін берді. Алыс-жақын қаладан, тіпті сонау шалғай жатқан ауылдардан арман қанатында Елордаға қарай ағылды жұрт. Бас қала ешкімді жатсынған жоқ. Еңбектенгенге емеуірін танытты. Еліміздің түкпір-түкпірінен солтүстік пен оңтүстіктен, батыс пенен шығыстан, атамекенді аңсап келген ағайындарға қоныс болып, ұлтымыздың ұйытқысына айналды. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртер болсақ, Ақмолада кезінде жергілікті ұлттың үлес салмағы 17-ақ пайыз болса, бүгінде елордалықтардың 80-ге жуық пайызы қазақтар. Қала тілі қазақыланып келеді. Осындайда алаулаған қуанышыңды қайтіп жасырасың!

Күн санап көркейіп, ай санап айшықталып, сағат сайын жаңарған, жасампаз жаһандану үрдісіне сай көз ілестірмес жылдамдықпен заманауи үлгідегі бірінен-бірі өтер, көз суырар көркем ғимараттар бой көтерді. Біздің Елорда әлем тамсанғандай! Себебі, қас-қағым сәтте тарих көшінің алдыңғы легінен көрінген айшықты шаһардың бой көтеруі қазақ өркениетіндегі жаңа бетбұрысты айқындағаны анық. Бұл – игілігі ел қажетіне қызмет еткен тәуелсіздігіміздің айғағы. Бір ғана мысал, 2017 жылы өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне жүз елу бес елден туристер келіп үш айда  төрт миллионға жуық адам тамашалаған. Мінекей, осыдан кейін ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайып қала,  Елорда – әлем назарында емес деп кім айта алады?!

Бұл қаланың желкілдеп өсіп келе жатқан көкөрім жастар үшін берері мол. Иә, Елорда – болашақ қаласы. Ал, болашақ жастармен нұрлы.  Қазіргі таңда қалада 1 миллион адам тұрады, олардың 300 мыңға жуығы жастар екен. Қазіргі қазақ баласы үш тілде еркін сөйлеген, дүниетанымы кең, ой-өрісі жетік, біліммен қаруланған, жан-жақты дамыған ұлағатты ұрпақ. Жастардың төрт құбыласы түгел, кемелі кемерінен асқан, білімі білігімен ұштасқан ұл-қыз болып тәрбиеленуіне Елорданың қосқан септігін жоққа шығара алмаймыз. Себебі, мұнда заманауи білім алатын, өнерге де, өмірге де бейімдейтін білім орталықтары мен өнер ордалары көп. Ал, білімі мен өнері ұштасқан ұрпақтың түбі бір жетістікке жететіні, бір биіктен көрінетіні анық. Білмекке ұмтылған, арманға қанат самғаған жастардың болашағына жол салған қала бұл.  Асқақтай бер, арман қала, еңселі Елордам!

         Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар