Ерлері Көкшетаудың еңселі еді!

Бұл кітап Кербез Көкшенің өткені болып, жақсы да дәуренді күндері болып көз алдыма  Көкшетауды қайра бір жаңғыртты, сана түпкіріндегі  Көкшетауды сағындырды. Әр бетін  қайра-қайра ақтара оқи отырып,  әлдебір алыста қалған  күндер және де  өткен жылдармен, сол енді қайтып оралмас кезеңдердің тамаша адамдарымен қайра бір сырласқандай күй кештім. Бұл кітаптың авторы – Александр Татарский. Бұл кітап – «Көкшетау облысының Социалистік Еңбек Ерлері», («Герои Социалистического Труда Кокшетауской области») деп аталады.

Бұл бір керек кітап еді!  Бұл кітапты «Арқаның Кербез сұлу Көкшетауы» деп сұңқар ақын Сәкен жырлаған, «Арқада жер жетпейді Көкшетауға» деп ақын Мағжан және де талай бір дүлділдер жырға қосқан  аңызды да абызды, бұрынғы Көкшетау облысының  Социалистік Еңбек Ерлерінің өмірлері мен еңбектері арқылы тұтас елдің ерлігін айта білген, жақсылары мен жайсаңдарын еске түсірген құнды бір кітап дер едім.

Көкшелік еңбек ерлерінің бұл энциклопедиялық кітабының Ақмола облысының әкім Ермек Маржықпаевтың  «Еліміздің ірі астықты өңірінің ұлы еңбеккерлері» («Великие труженики крупнейшей житницы страны») атты алғысөзімен ашылуы және де Еркін Әуелбековтің ғұмырнамасымен басталуы әбден орынды әрі жарасып та тұр. Өз сөзінде «Еркін Әуелбеков талантты басшы, күрделі реформалар жүргізе отырып, облыстың даму перспективасын  көре біліп, артта қалған Көкшетау облысының мәртебесін түбірімен өзгертіп,  озаттар қатарына қосты» деп Ермек Боранбайұлы осы бір ауыз сөзімен ел ардағы Еркін Әуелбековтің бағасын асырып, қадірін арттыра сөйлейді.

Бағасын арттырды дегеннен шығады,  ұзақ… тіпті ұзақ жылдардан бері Еркін Әуелбековке Көкшетауда ескерткіш орнату мәселесі шешілмей келсе, облыс әкімі Ермек Маржықпаев соның да орайын келтіріп,  азаматтық жасады, ерлік танытты, парасаттылығын көрсетті, нағыз халықтың адал перзенті екендігін анықтата білді. Ұлтқа қызмет ете білер тұлғалық қасиетін, адал ниеті мен биік өресін танытты, іскер де талантты басшы екендігін әр ісімен көрсетіп-ақ келеді.

Ежелгі де бүгінгі Көкшетауды дамытып және де көркейтіп, сәулеттендіріп, абаттандыру жағынан үлкен де абыройлы іс тындырған және де халқының жадында мәңгілік сақталып қалар  Еркін Әуелбековтен кейінгі басшы осы Ермек Маржықпаев екендігін қазір неге айтпасқа?!

Әлдебір толғаныс үстінде, 2011 жылы жазылып қалған мына бір: «Жүрегінде Көкшетауға деген сүйіспеншілігі, көңілінде Көкшетауға деген адал пейілі мен ниеті бар азамат қана Көкшетауды бүгінгідей көркейтіп, бүгінгідей нұрландырып, бүгінгідей асқақтата алады. Көкшетау сынды бұл қаланы көркейту үшін қаржы ғана емес, бұл қалаға деген махаббат пен сүйіспеншілік те керек!

Иә, Көкшетау көңілдің қаласы, Көкшетау жүректің қаласы, Көкшетау ой мен сезімнің қаласы. Осы бір жай Көкшетауға қызмет бабымен келіп-кетіп жатар кім-кімнің де әрдайым есінде болса екен! Кімде- кім Көкшетауға қызметке келмес бұрын, әуелі менің Көкшетауымды сүйіп кел!»,–деген ойларымды қайра бір жаңғырта отырып, осы сөзіммен  Еркін ағам мен Ермек інімнің Көкшетауға деген іңкәрлік сезімдері алдында басымды иер едім.

Әлқисса… өз елінде Әуелбековке бір ескерткіш орната алмағанымыз елге әрі мін, әрі  сын болып келсе, Ермек Маржықпаев қалың елдің абыройын сақтап қалды, елдің мерейін өсірді. Бір жайды анығын айта кеткен де абзал. Ел азаматы Ермек Маржықпаев мемлекеттік жоғары лауазымдылардың талайының алдынан өтіп, Еркін Әуелбековке ескерткіш орнату жайын  әбден келісіп, пісіріп алғаннан кейін, Президентке елдің атынан хат жазу мәселесі қалған болатын. Осы хатты ұйымдастырудың басы-қасында Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев екеуміз жүрдік.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазу маған жүктелді. Және де сол хатта менің атым мен қолым бірінші тұруы тапсырылды. «Менен  де жасы үлкендер бар ғой, солардың аттары бірінші тұрсын» дегеніме қарамастан, «сізді Президент біледі ғой, атыңыз бен қолыңыз бірінші тұрсын, әкім соны қалап отыр»,– деді Шияп ағам Әлиев. Ақыры  солай болды. Мемлекет басшысы көкшетаулықтардың осы хатын мақұлдап, қолдаған болатын. Енді сол хаттың негізінде Үкімет қаулысын әзірлеу керек еді. Мен  сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қабылдауына бардым.

Рахмет жауғыр министр  Ақтоты Рахметоллақызы бір ауыз сөзімді далаға тастамай, бірден өзінің орынбасары Нұрғиса Дәуешевті шақырып  алып, тез арада Көкшетаудағы Еркін Әуелбековтің болашақ ескерткішін соғу жөнінде конкурс жариялауды және қаулыны тезірек жасап, әзірлеуді тапсырды. Осы ескерткішті орнатуға қатысты құжаттар дайын болғанша, Министрмен де, сол министрліктің жауапты қызметкерлерімен де үнемі байланыс жасап тұрдым. Ақыры соңында келіп, бір топ надандардың қызғаныштан іштері күйіп, шыға келді де, мені даттап ала жөнелді (бұл жайында бөлек сөз болады).

Әлқисса, әлі есімде, 2010 жылы Сыр өңірінің халқы Еркін ағамыздың жетпіс жылдығын елдік тұрғыда кеңінен атап өтті. Қызылордалықтар сол кезде Еркін Әуелбековтің атын атаудан да, мерейтойын өткізуден де ешкімнен жасқанбай, өздерінің елдіктерін танытқан болатын. Марқұм Шапай ағам бастаған көкшеліктердің қатарында болдым.

Сол тұста Ақмола облысының ардагерлер кеңесін басқаратын Шапай аға Әбутәліпов өзі таңдап, өзі жасақтаған көкшелік делегация құрамында, марқұмдар Рүстем Шериязданов, қазіргі Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев,  кәсіпкер Кеңес Бектасов та болып еді.

Сырдың  халқы Еркін Әуелбеков десе ішкен астарын жерге қояды деп естуші едім. Соны көрдік, жақсы әңгімелерін естідік. Сөз кезегі келгенде, шаршы топтың алдына шығып, «Ен далаңды жарып ағып жатқан Сырдарияң бар, Сыр елі сен неге терең болмассың?!

Қасиетті топырағыңда Қорқыт бабамның сүйегі жатқан Сыр елі сен неге қасиетті болмассың?! Төріңде  Байқоңырың мен Төретамың бар, Сыр елі сене неге биік болмассың?! Тереңсің Сыр елі! Қасиеттісің Сыр елі! Биіксің Сыр елі!» деп сөзімді баяғының шешендеріндей толғай бастап, «Манадан бергі әңгімелеріңізде «Әуелбеков Қызылорданың бағына келді» деп жатырсыздыр! Адал сөз! Иланамын!  Алайда, Еркін Әуелбековтің ендігі бағы Сіздер болып отырсыздар Сыр елі!

Егер де Әуелбековтің хатшылығы тек Көкшетау, Торғаймен ғана шектеліп қалғанда, Еркін ағамның аты, істеген ісі бүкіл қазақ даласына аңыз болып тарап кетпес еді! Еркін ағамның ендігі бағы Сіздерсіздер, Сыр елі! Басымды иіп, ризашылығымды білдіремін!–дегенімде қалың халық гуілдеп, толқып кетті.

«Еліміздің бағасын асырып кетті-ау! Мына жігіт шешен ғой, шешен ғой!» деген сөздер анық естіліп тұрды. Сол жолы Сыр елінен «Жабал шешен» атанып, мерейім өсіп қайтып еді. Осы жиынға қатысып отырған марқұм Күлше Оспанқызы бетімнен сүйіп, «айналайын-ай, Еркін ағаңды асқақтатып, мына қалың Қызылорданы аруақтандырып жібердің-ау!» деп көңілі бір толқыған еді.

Қайран сол кездің ерлері-ай! Кісілік келбеттерімен, өз істеріне берілгендіктерімен, қаншама қиындықтар кезіксе де темірдей төзімділіктерімен, жан тазалықтарымен ірі болатын! Нағыз Адам болатын олар! Қайран да, қайран Бәйкен ағам-ай! Бәйкен аға Әшімовтің әңгімелерін тыңдап, батасын алдым. Көкшетауға келген сайын,  шақыртып алатын. Екі аптада  бір телефон шалып, сәлем беріп, амандығын біліп тұрдым.

«Ел аман ба?» деген бір ауыз сөзіне кең жүрегі сыйып жататын. Ал, енді өз басым Баян Жанғаловтың баласындай болып кеткен едім. Не бір сыр ақтаратынбыз. Көп жайды, өмірде айналаңды сыйлай білуді осы Баян әкемнен үйрендім. Не бір сұрақтар қойып, абыз қарттың ойын, айтқан сөзін қағазыма түртіп те алатынмын. Бірде, жасы тоқсаннан асып кеткен қартқа сәлем бере бардым да, «Әке, жағдайыңыз қалай?» деп сұрадым.

Сәл-пәл ойланып алды да: «Балам-ай, не жағдайымды сұрайсың?  Біреу-міреу сыртымнан сұқ саусағымен нұсқап,  мынау қақшаңдап әлі тірі жүр ме деп айтама деп  қазір мына Зерендінің көшесіне де шықпайтын болдым»,–деді. Жарықтығым-ай! Жүрегім шымыр ете түсті. Айтамыз ғой… айтамыз ғой!..

Мына бір жайды да айтпасқа  болмас. Кісілік адамның ұлтына да қарамайтын қасиет екен. Бірде орақ науқаны кезінде Арықбалық ауданына іссапарға бардым. Ол кезде журналистер автобустар мен поезға мініп алып, аудандарға жүре беретінбіз. Аудан орталығына жетіп алғаннан кейін не райкомы, не райисполкомы көлік тауып, келесі шаруашылықтарға жеткізіп тастап отыратын. Бір шаруашылыққа жетіп алсақ, олар келесі бір барар жерімізге апаратын да, сөйтіп  лаулап жете беретінбіз.

Сондай бір сапар кезінде Арықбалық аудандық атқару комитетінің төрағасы қазақ азаматы болған соң, әуелі соған кіріп сәлем берейін де, егін орағының барысын жазу үшін бір шаруашылыққа жеткізіп салудың жайына жәрдемдесуін сұрайын деп кірдім. Ыңырсып қарсы алды. Көлікпен қарайласуын сұрап едім,  тап мен астындағы өз машинаңды бер дегендей, «астымдағы машинамды саған беріп қоя алмаймын»,– деді.

Мына «төремен» әңгімеміз жараспайтынын сездім де Арықбалық аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Елисеевич Нижниковке кірдім.  Баласынған жоқ, егін орағының барысы жайлы қысқаша айтып берді. Мен бір шаруашылыққа баруым керектігін, көліксіз жүргенімді айтып едім, біреуді шақыртып алды да, «мына жас жігіт  облыстық газеттің тілшісі, қазір бар шаруаңды қоя тұр да, шаруашылыққа жеткізіп сал, директорына тапсыр, жаяу қалмасын»,– деді.

Осы бір болмашы жайды айта отырып, Николай Елисеевичтің бойындағы адамгершілігі мен мәдениеттілігіне сүйсіндім  және де Нижниковтың  жақсы қасиетін барлық арықбалықтар айтып жүретіндіктерінің сан мәрте куәсі де болдым.  Таза адамгершілік есебіне ғана құрылған сол кездің адамдарының бойларындағы асыл қасиеттер қазір көзден бір-бір ұшып, сағынышқа айналғандары да бар.

Тағы да кітап авторы Александр Татарскийге ризашылығымды айта отырып, өз басым осы кітаптағы Социалистік Еңбек Ерлерінің денін білгенімді де еске алып,  тап бір бұрынғы Көкшетау облысының тарихына  енгендей болдым. Журналистік қызметте жүріп Социалистік Еңбек Ерлерінің көпшілігімен егістік басында, мал фермаларында кездесіп, үйлерінде отырып  әңгімелесіп, сұхбаттасқан да болатынмын.

Сол кездегі Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің беттерінде Сатан Нұрмағанов, Василий Киричек, Тұрлыбек Әбілпейісов, Баяш Әміренов, Күлән Бақыбаева, Сартай Жұмағалиев, Әутен Қуандықов, Кенжетай  Рамазанов,  Иван Сазонов, Василий Химич, Ұлтай Нұрсейітов, Антон Левандовский, Ералы Бақтаев, Есілбай Қадыралин, Жәмшит Қожантаев жайында жазған очерктерім мен осылардың еңбектері жайлы  талай бір мақалаларым да  жарық көрген болатын.

Сенатор болып жүрген кезімде Социалистік Еңбек Ері Сүйіндік аға Есмағанбетов Сенатқа келіп, өзінің Көкшетау қаласындағы пәтер мәселесі шешілмей жатқандығын айтып, алдымда болғаны да бар еді, Еңбек Ерінің пәтер мәселесін шешу үшін жүгіріп, қол ұшымды бергенім де есімде. Тіпті, осы Еңбек Ерлерінің әрқайсымен болған әңгімелер де есімде осы күнге шейін сақталып қалыпты.

Уақыт болып жатса, жеке-жеке жазармын әлі. Және де ресми түрде Социалистік Еңбек Ерлері атақтары болмаса да, Көкшетау елінің ардақтылары  Алпысбай  Жақыпов, Мәулітбай Кәрімов, Шапай Әбутәліпов, Мойсей Чжен, Сигзмунд Багинский, Өмірбек Бәйкенов, Қайырлы Құрманов, Тәткен Боқанов, Орынбасар Назаров, Серікбай Қализатов сынды абзалдарды да өз басым еңбектің батырлары, адамгершіліктің асыл қазыналары  қатарына қосар едім.

Мынаны айтқым келеді, Александр Татарскийдің бұл кітабы Көкшетауға қойылған мәңгілік ескерткіш, Көкшетау жайлы құнды естелік! Және де осы ерлер жайлы еңбектің жарық көруіне қолдау көрсеткен облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа деген шексіз ризашылығымды айта отырып,  әкім мен кітап авторы бұл кітап арқылы  Көкшетаудың Социалистік Еңбек Ерлерінің ғұмырлары мен еңбек жолдары  мен жетістіктері мен табыстарын баяндау  арқылы Көкшетау облысының барлық еңбек адамдарына деген құрмет пен алғыс деп қабылдадым.

   Өткенге құрмет көрсету арқылы  өткенді еске алу ол да бір ғанибет! Өткенсіз бүгініміз бен болашағымыз жоқ. Бүгінгі мына дүние, мына әлем тек бүгін ғана орнаған жоқ. Бүгінгі бізге дейін адамдар болған! Олар бізді осы күнге жеткіземіз деп отқа түсті, оққа кеуделерін тосты, аштықта бір үзім нанды бөліп жесті, қуғын-сүргінге түскенде бірін-бірі паналатты, қорған болды, бірін-бірі жылытты, ұлтына, тілі мен дініне де қарамастан адами ниетпен сыйласа өмір сүрді, бірге еңбек етті, тың игерді, ғарышқа көтерілді. Әйтеуір сол өткен заманның өткен адамдары өмірдің талай бір сындарлы кезеңдері мен өткелдерінен  Адами қасиеттерін жоғалтып алмай, арларын таза ұстап өте білді. Өткен заманның бар адамдары Ер және де шынайы Ер бола білді. Мені Александр Татарскийдің кітабы осындай бір күйге бөледі. Өткен күндер мен кеткен күндерді  сағынып отырмын! Сол өткен күндердің адамдарын сағынып отырмын! Рахмет, өткен күндердің адамдары мен Ерлері! Армысыз жаңа заманның ұрпағы!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург,
қоғам және мемлекет қайраткері,
Қазақстан Республикасы Парламенті жанындағы
Сенаторлар кеңесінің мүшесі,
«Құрмет» және Парасат» ордендерінің иегері.

 Көкшетау.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар