Ұлттың ұлы ұстазы

Қазақ халқында текті туған, ғұмырын ізгілікке арнап, ел дамуы жолында ат салысқан азаматтар жетіп артылады. Шоқтығы биік тұлғалардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы десек, артық айтпағанымыз болар. Саналы ғұмырын сауат ашуға арнап, қарабайыр халықтың көзін ашуға ұмтылған жан, қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы екені мәлім. Өзінің өткір тілді өлеңдері, жыр-жинақтары арқылы болашаққа зер салуды насихаттайды.

Қазақ балалары көзі ашық, сауатты азамат болып шығуға септігін тигізген, қазақ әдебиетінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы кітап жазумен қатар орыстың белгілі жазушыларының белгілі еңбектерін ана тілімізге аударып, көпшілікке ұсынған. Көкейіндегі түйілген ойды ана тіліндегі асыл, ұтқыр сөздермен жеткізе білген.

Ахмет  Байтұрсынұлының  азамат  болып  қалыптасқан  кезеңі  Қазақстанның  Ресей  империясының  отарына  түгелдей  айналып  болған  уақытқа  тұспа-тұс келді. Мұғалімдік қызмет жолын 1895 жылы бастаған Ахмет Байтұрсынұлы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінің ауыл, болыс училищелерінде сабақ берген. 1905 жылы саяси қызметке көшіп, «Қарқаралы петициясы» авторларының бірі атанды.

Бұл құжатта жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді.

Дәл осы кезден Байтұрсынұлының саяси қызметі басталды деуге болады. 1907 жылы алғаш патша әкімшілігін сынаған адам ретінде қамауға алынып, 1909 жылы губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тағы да тұтқындалады. Дәл осы кезеңде ол қазақ тілі білімі мен тіл оқыту әдістемесі бойынша ғылыми ізденістерін жүргізіп, ұлттық жазу реформасын дайындап қана қоймай, қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау береді.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиінің алғашқы авторы. Ол «Тіл – құрал», «Оқу құралы», «Тіл жұмсар», «Баяншы» іспетті еңбектер мен түрлі хрестоматияларды жазған. Әдістемелік бұл құралдар әлі күнге дейін қазақ тілі білімі мен тіл оқыту әдістемесі саласындағы ғалымдардың қолданысына ие. Шығармашылық жолын Ахмет Байтұрсынұлы мысал жазудан бастады. Оның өлеңдері қазақ халқының мүддесі мен үмітінен сыр шертіп, білім мен мәдениетті насихаттады. «Қырық мысал» (1909), «Маса» (1911) шығармаларында қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды.

1913 жылы А.Байтұрсынұлы Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, қалың қазақ зиялыларының қолдауымен Орынборда тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. Оның бас редакторлығындағы газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге мәселелерін қозғады. А.Байтұрсынұлы – әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді.

1913 жылы «Қазақ» газетін шығару арқылы сол кездегі қазақ қоғамының деңгейін жаңа бір дәрежеге, жоғары сатыға көтерді. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, «Қазақ» газетінің дүниеге келуі «Шырт ұйқыда жатқан қалың қазақты дүр сілкіндіріп оятты».

Ахмет Байтұрсынұлының ұлтына деген сүйіспеншілігі мен шексіз адалдығы туралы мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин: «Өзге оқырман мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді», деп баға берді. «Қазағым, елім!» деп еңіреп өткен Алаш қайраткерінің ұлтына жасаған ерен еңбегін бағалау, ұлықтау бүгінгі күні барша қазақ баласының парызы. Оның ерлігі, азаматтығы, адалдығы, отансүйгіштігі талай азаматтың бойына шабыт беріп, жанына қуат сыйлады.

Ахмет Байтұрсынұлының артында қалдырған еңбектері, келешек ұрпақтың аманаты, жемісі. Бүгінгі ұрпақ А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш азаматтарына қарап бой түзейді. Оның өмір жолы ауыр да, азапты болды. Аласапыран кезеңде Алаш жұртына түзу жол көрсетіп, дөңгеленген дүниеден қазақтың өз үлесін алып беруді көздеді.

Оның әр еңбегі бүгінгі ұрпақтың болашағы үшін жазылған. Асыл азаматтың алтын қаламынан тамған ақ өлеңдей сөздері ұлт жадында. Ахмет атамыздың аудармалары – түпнұсқадан ерекшеленіп, өзгеше өң мен бояу арқылы жаңа бір өнер туындысы деңгейіне дейін көтерілген көркем туындылар. Ахмет Байтұрсынұлының аудармаларын аударма деуге ауыз бармайды. Құдды ұлттық мүддені ой елегінен өткізе білетін, елінің келешегін ойлаған қазақ ақынының кезекті бір өлеңі ме деп ойларсыз.

Ахмет атамыздың мысал жазуына себеп болған бірден-бір мәселе, ол сол уақыттардағы қазақ халқының қараңғы түнекте ұйқыда жатуы, яғни надандық дәуірі өршіген сәтте, халықтың ілім-білімге ден қоймай, ел ісі, жер ісі дегенде кері тартуы. Өзі надан болып қана қоймай, ілім қуған қазақ зиялыларының аяғынан қазақтың шалғанына қатты ренішін білдіреді. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды.

Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетикалық сипаты баяндалды. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды.

Ахмет Байтұрсынұлының ықпалымен сәуірде Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты. 1919 жылы 27 тамызда Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы Байтұрсынұлының  жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды. Ұлы ұстаз түрлі мемлекеттік қызметке ат салыса жүріп, сонымен бір мезгілде өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан да қол үзбеген.

Ахмет Байтұрсынұлы жазған  «Тіл – құралды»,  «Оқу құралы»,  «Тіл жұмсар», «Жаңа әліпби» еңбектері бүгінгі ұлттың асыл қазынасы.  Өз заманында елінің бағы үшін туылып, елінің жоғын түгендеумен өтетін есіл ерлер қашанда туылары сөзсіз. Оның жазған бір мысал өлеңінің өзі бір ұрпаққа қырық жыл азық боларлық үлгі, қайталанбас өнеге.

Асыл мен жасықтың, саф алтын мен сары жездің айырымын ажырата білетін ұрпақ Ахметтің жасаған көзсіз ерліктеріне, ғылыми ізденістеріне, ғаламат аудармаларына, отты көсем сөздеріне ғылыми тұрғыдан лайықты бағасын береді деп сенеміз. Бар ғұмырын ұлтының болашағы үшін қиған, өз кіндігінен тараған ұрпағы болмаса да, әр қазақ баласы кішкене болсын білім мен өнер үйренсін деп, ауыр да азапты, қамшының сабындай ғұмырын ғылым жолына, ұлт жолына арнаған Ахмет Байтұрсынұлы – біздер үшін идеал тұлға!

Ол  туған халқын өнер білімге ғана үндеуші, үгітші ғана емес, сонымен бірге, сол мақсатқа жетудің жолдарын, ол үшін не керек екенін, не істеу керек қажеттігінің жолын көрсеткен ғұлама ұстаз.

Ғылым мен техниканың ғарыштап дамып, адамзат қоғамы жаңа ғасырдың табалдырығын аттаған қазіргі кезеңде Ахмет Байтұрсынұлының біріншіден, білім ана тілінде берілуі, екіншіден халықтың сауатты болу керектігі туралы пікірлері әлі де көкейтестілігімен құнды.

Бар болғаны үш-төрт-ақ сыныптық білімі бар бұл адамның өмір бойы қуғын-сүргінде жүріп, ұлт мәдениетінің тарихында ешуақытта өшпейтін, өлмейтін осыншама үлгі тастап кетуі – таңқаларлық құбылыс.

Ұлт мәдениеті мен ұлттық ғылым-білімімізде өзіндік болмыс-бітімімен оқшауланып, дара тұратын мұндай алыптардың өмірінің өзі үлкен өнеге, зор ұлағат.

«Қазақтың  діні,  тілі,  жазуы сұмдық  пікір,   суық  қолдан  тыныш  боларға керек!»   деген   Байтұрсынұлының  аманаты  қазіргі  азат  Қазақстандағы   әрбір  азаматтың  ұлттық  тұтастық,   халықтық  бірлік  тұғырнамасына айналуы  тиіс.

Ахмет Байтұрсынұлы ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, халқымыздың бейбіт те берекелі өмір сүруі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолда басын бәйгеге тігіп, «тар жол тайғақ кешуден» өткен тұғырлы қайраткер. Біздің мақсат – азаматтықты ардақтап, Отанымызды одан әрі нығайтып, келер буынға табыстау. Өскелең ұрпақ бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру.

Сапалы білім мен саналы тәрбие-ұлтымыздың ұлы, ұрпағымыздың ұлағатты болуының кепілі. Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай  республика бойынша көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда, сондай-ақ, біздің Бурабай ауданының тілдерді оқыту орталығы да оқу жылының басынан бірнеше іс шаралар өткізді.

Ендеше игі істеріміздің жемісін көрейік!

 Жанар МАХМЕТОВА,
Бурабай аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар