Шаруашылық иелерінің тындырымды  тірлігі қуантты

 Ақмола облыстық маслихатының хатшысы Талғат Жүнісов жұмыс сапарымен Қорғалжын ауданында болып, аудан әкімі Берік Жанбаевпен және аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды аралап, ауылдық округтерде орналасқан серіктестіктердің серпінді жұмысымен жақынырақ танысты.

Жұмыс сапары барысында Талғат Жүнісов Қорғалжын аудандық мәслихатының хатшысы Берік Рыспаевпен бірге жергілікті мектеп-гимназияның жұмысымен танысты. Мекеме директоры Нұрлан Тәжин ұжымның тыныс-тіршілігін, алдағы жоспарлар мен межелі мақсаттарды тарқатып айтып берді.

Ерекше екпін түсіре айта кететін жайт, Қорғалжын ауданында соңғы жылдары соны құрылыстар бой көтеруде. Бұған бір айғақ, ауданда екі қабатты екі ғимарат жатақхана ретінде қайта салынуда. Ғимараттарды қалпына келтіру барысы туралы аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Локет Елеуов айтып берді.

Сонымен қатар, қазіргі таңда Қорғалжын ауылында Абай және Ш.Әубәкіров көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Талғат Тұрлыбекұлы мердігерлердің назарын жұмыстарды орындау сапасы мен белгіленген мерзімдерінен кешіктірмеу мәселесіне баса назар аударды.

***

Мәслихат хатшысы Талғат Жүнісов Қорғалжын ауданындағы Қарашалғын ауылдық округінде болып, ондағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

«Ақ жол-2030» серіктестігі 1999 жылы Жантеке ауылында құрылып, қазіргі таңда егіншілікпен айналысады. Ағымдағы жылы шаруашылық 3070 гектарға бидай және 600 гектарға арпа, сондай-ақ 300 гектарға масақ қоспасын отырғызды. Серіктестіктің 2 мың тоннаға арналған астық қоймасы бар.  Өткен жылы мұнда гектарына 14,8 центнер астық бастырылды.

Ал, «Агрофирма Жер 888» серіктестігі дәнді дақылдар өсірумен айналысады. Мұнда барлығы 13 мың гектардан астам жер бар. Оның ішінде егістік алқабы – 6378 гектар, жайылымдық жер – 6875 гектар, биыл олар 6 мың гектарға бидай мен арпа, 51 гектардан астам бұршақ, 275 гектарға – зығыр және рапс отырғызды. Кәсіпорын басшысы Абай Медеубаевтың айтуынша, шаруашылық жұмыс орындарының жағдайын жақсарту, өндіріс процестерін автоматтандыру бойынша жұмыс істеуде. Жатақхана, асхана, монша салынды, аумақ абаттандырылуда, инфрақұрылым қалпына келтірілуде.

Депутаттарды жер иелерінің осындай құлшыныспен жұмыс істеп жатқандықтары қуантты. Кездесу барысында Талғат Тұрлыбекұлы  ғалым ретінде егіншілікке ғылыми көзқарасты қолдану мәселесі төңірегінде өз пайымын ортаға салды.

***

«Астана-Агропродукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Бақара» сауда маркасымен ет өңдеумен және ет өнімдерін шығарумен айналысады. Қорғалжын ауданы Сабынды ауылдық округіндегі ет комбинаты 2010 жылы «Индустрияландыру картасы» бойынша салынған.

Өнімдер Елорданың сауда нүктелерінде сатылады. Иран, Жапония және ҚХР-ға экспортталады. Бірақ, пандемия кезінде Қазақстан мен бірқатар елдердің арасында шекара жабылған соң, экспортқа сату мөлшері біраз азайған. Компания басшысы Әсет Хайруллин айтып өткеніндей, болашақта шекара ашылса, жылына 5000 тоннаға дейін жобалық қуатқа шығу жоспарлануда. Кәсіпорын Сабынды ауылдық округіне үнемі қолдау көрсетіп, абаттандыруға қаражат салуда. Мұнда 60 адам еңбек етеді. Жұмыс ауқымының ұлғаюына байланысты жаңа жұмыс орындарын құруға болады, бұл ауыл тұрғындары үшін жақсы көмек болмақ.

Ал, «МЕТ 777» серіктестігі Қорғалжын ауданында жылыжай салуды бастады, әзірге мұнда екі жылыжай бар. Онда қияр мен қызанақ өсіріледі. Алдағы уақытта ассортиментті кеңейту жоспарланған. Серіктестік директоры Мақсат Нұрпейісовтің айтуынша, қуаттылығы жылына 200 тоннаны құрайтын жоба Елордада жүзеге асырылуда. Болашақта қуаттылығы жылына 100 тонна көкөніс болатын тағы бес жылыжай салу жоспарлануда. Осы мәселе бойынша компания казіргі таңда мемлекеттен бөлінетін көмекке мұқтаж болып отыр. Жергілікті билік органдарының өкілдері өз кеңестерін беріп, мемлекеттік бағдарламалар аясында әртүрлі қаржылық несие алуға мүмкіндік бар екенін хабардар етіп нақты  көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Кәсіпорын құрылтайшыларымен Талғат Тұрлыбекұлы қолданылатын технологиялар туралы әңгімелесіп, ауыл кәсіпкерлері көкөніс өсіруге ғылыми көзқарас танытуға тырысқаны қуантады деп түйіндеді.

Қарлыға МҰҚАТАЕВА,
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар