Бала – кішкентай зерттеуші, сондықтан ол айналасын тану мақсатында түрлі, соның ішінде, қауіпті әрекеттерге де барады. Әрине, терезе және оның артындағы әлем – бала үшін өте қызық әрі таныс емес дүние екені құпия емес. Баланың терезеден құлауының басты себебі – бала қолымен оңай ашылатын қорғалмаған терезе. Москит тор да баланың терезеден құлап кетуіне себеп болады: бала москит торға сүйенуге болады деп ойлайды, алайда ол оның салмағын көтермейді.
Соңғы жылдары баланың терезеден құлауы жиіленген. Себебі, бұрын үйлерде ағаш терезелер болды, олар оңай ашыла қоймайтын. Сонымен қатар, ол кезде үйді желдету үшін тек форточкасын ашу жеткілікті болатын: оған баланың бойы жетпейді. Ал, қазіргі терезелер физикалық күшті қажет етпей-ақ оңай ашылады және желдету үшін бүкіл терезені ашуды қажет етеді.
Егер терезенің қасында үстел немесе тумбочка тұрса, бала өміріне деген қауіп жоғарылай түседі. Балаларда, әсіресе, қасында ата-анасы бар кезде қорқыныш сезімі болмайды. Сондықтан 1-2 минутқа алаңдап кетсеңіз, қайғылы жағдай орын алуы мүмкін.
Мұндай жағдайға 5жасқа дейінгі балалар, соның ішінде ұл балалар жиі тап болады. Қайғылы жағдайдың орын алуына терезенің жанында тұрған жиһаз жиі себепкер болады екен.
Барлық ата-ана сақтауы қажет ережелер:
— Терезе 12,5 сантиметрден бастап ашық тұрса, бала терезеден құлап кетуі мүмкін. Сізге бала ол қашықтыққа сыймайтындай көрінсе де, одан артық ашпаңыз.
— Барлық терезеге оны 12,5 сантиметрден артыққа ашқызбайтын ілмек немесе қоршау қою керек. Оларды жиһаз дүкендерінен немесе қарапайым гипермаркеттерден сатып алуға болады. Сондай-ақ, ашылатын терезенің тұтқасын алмалы-салмалы етіп жасатуға болады: сол кезде бала терезені аша алмас үшін тұтқасын алып тастау жеткілікті.
— Мүмкін болса, терезенің тек жоғарғы бөлігін ашқан жөн.
— Баламен терезенің алдында ойнамаңыз. Даладағы көліктерді, адамдарды көрсету үшін баланы терезенің алдына отырғызбаңыз. Ол қасында сіз жоқ кезде де солай отырып көруге болады деп ойлайды.
— Үстіне оңай шығатын жиһазды терезенің қасына қоймаңыз. Жалпы, бала жалғыз ойнап отырған бөлмеге ол оңай көтере, ысыра алатын орындықты қалдырмаңыз.
— Москит торға сенбеңіз. Бұл ата-ананың көпшілігі жіберетін қателік. Москит тор бала салмағын көтермейді.
— Жалюздің баулары мен шынжырлары төмен салбырап тұрмауы керек: олар балаға терезенің алдына шығуға көмектеседі.
— Балконға әйнек салу керек.
— Аз уақытқа болса да балаларды үйде жалғыз қалдырмау қажет.
Бала ата-анасының және отбасындағы басқа да ересек адамдардың әрекетін қайталайтынын және олардан үлгі алатынын ұмытпаңыз. Сондықтан, өзіңіз де терезенің алдына отырудан, терезеден басыңызды шығарып, төмен салбырап қараудан және терезе арқылы даладағы адаммен сөйлесуден аулақ болыңыз. Әрдайым терезеге алыстан қарап, қатты жақындауға болмайтынын түсіндіріп жүріңіз.
Көкшетау қалалық төтенше жағдайлар басқармасы.