Елдіктің  басты  белгісі

Әлемдегі дамыған өркениетті мемлекеттер тіл мәселесіне ерекше сақтықпен әрі қамқорлықпен қарайды.

Егемендік дәуірі туғанда шетел асып барғандар оған ерекше таңданыспен қараса да өзінің ана тіліне келгенде жауапсыздық танытады. Соның кесірінен Қазақстанда ана тіліміз кең құлаштап дамымай отыр.

Оның орнын толтыру үшін бір кездері Тіл комитеттері құрылды, әрбір өңірде  филиалдары да жұмыс істегенін білеміз.

Дегенмен, қазақ тілі қанша күш салғанмен, жан-жақты өркендей алмай отыр. Біздің ойымызша, оған көпшілігіміздің бойымыздағы енжарлық пен жауапсыздық көлденең келіп отырған сияқты. Әйтпесе, Абайдың тілін үйренбеу, дамытпау деген ең үлкен кінәрат емес пе!

Егемендік алдық, бірақ тілдің егемендігін, мәртебесін көтере алмағанымыз – үлкен сын. Қазіргі кезде астаналық өңір – Целиноград ауданында Жақия Абайұлы Жылқыбаев басқаратын «Тілдерді оқыту орталығы» жұмыс істеп жатыр. Ол 2012 жылы ашылды. Штаттық кесте бойынша бұл орталықта мемлекеттік тілден сабақ беретін 2, ағылшын тілі бойынша 1 ұстаз және 1 әдіскер жұмыс істеп жатыр.

Орталықтың Жарғысына сәйкес қазақ тілінде 5 топ жұмыс істейді. Әрқайсында 8-12 тыңдаушыдан бар.

– Биылғы оқу жылына қазақ бөліміне 93, ағылшын сабағына  47 тыңдаушы тіркелген, – деді Жақия Абайұлы. – Ұлттық құрамы бойынша 130-ы өзіміздің қандастар, 20-ға жуығы өзге ұлт өкілдері.

– Деректеріңіз өте тұщымды. Жоғары санатты қызметте жүргендер қамтылды ма? – дедік біз әңгімемізді сабақтап.

– Ойыңызды түсіндім. Мемлекеттік қызметте жүргендер жақсы тәжірибеден өтіп жатыр. 80-ге жуық адам қатысып отыр. Жыл сайын әкімдік қызметі салаларында ҚазТест сынағы өтеді. Сол бойынша білімдерін жоғарылатып жатқандар аз емес. Басқа жүйелер бойынша да кісілер атсалысуда. Азаматтық қоғамнан 61 адам білім алуда.

«Тілдерді оқыту орталығы» өзінің тыңдаушыларына жақсы оқу-әдістемелік материалдарын, сондай-ақ арнайы оқулықтарды әзірлепті. Курс жүрген кезде ұстаздар тыңдаушыларынан аралық сынақ (тест) алып отырады. Сол арқылы тіл үйренушілердің материалды меңгеру деңгейлері анықталады.

Мысалы, өткен жылы арнайы курсты жақсы меңгерген 15 тыңдаушыға сертификаттар табыс етілді.

– Орталықтың қызметін пайдаланып жүрген қандай ұжымдарды атап өтер едіңіз?

– Тіл үйрену бойынша айрықша ынта танытып жүрген мекемелер аз емес. Солардың ішінен «КЭПИТАЭЛ ПРОДЖЕКСТ ЛТД», статистика, мұрағат, жергілікті емхана, «Ақмола-Феникс», «Курочка Ряба», «Capital projects», «Шаңырақ» ұжымдары мен «Жұлдыз» балабақшасының қызметкерлері белсенділік танытуда.

Осы орайда, біз Максим Владимирович Божкоға шынайы алғысымызды айтқымыз келеді. Ол өз қызметкерлерінің қазақ тілі бойынша білім алуларына жан-жақты жағдай жасап отыр. Мекеме ішінен арнайы кабинеттер бөліп берді.

Ағылшын тілін меңгеру бойынша жұртшылықтың ықыласы өсу үстінде.

Орталықта жұмыс істеп жатқан ұстаздардың білім беру тәсілдері ерекше дегім келеді. Мысалы, ағылшын тілінің мұғалімі Назерке Мүбәрак курс кезінде ойындық тәсілдерді қолданады.

Қазақ тілін дамытуға Фариза Елмұрат, Жұпар Қарақыз айрықша еңбек сіңіріп келеді.

Орталықтың ашылған күнінен бастап әдіскер болып Зухра Назарқызы Әбдібекова жұмыс істеп жатыр. Ол қазақ және ағылшын тілдерінің маманы. Курс барысында көп жаңашылдық көрсетіп, тілдің жан-жақты меңгерілуіне барынша күш жұмсап кележатқан айтулы маманымыз.

«Тілдерді оқыту орталығы» заман талабына сай түрлі онлайн семинарлар өткізуді дәстүрге айналдырған. Биылғы наурыз-сәуір айларында отандық әдістемелер арқылы «Біз қазақша сөйлейміз», «Қазақ тіліндегі мәтіндерді меңгеру тәсілдері» тақырыптарында тәжірибелік мәні зор семинарлар өтті.

Тіл меңгеру сабақтары аптасына екі рет өткізіледі. Ең бастысы – тегін оқытылады.

Биылғы жылға жасалған жоспарлар толықтай игерілу үстінде. Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойы құрметіне орталық кеңсесінде дәстүрден тыс сабақтар өткізілді.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Суретте: тіл орталығының мамандары. Ортада ұжым жетекшісі Жақия Абайұлы Жылқыбаев.

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар