Юрий 70-ке жуық күй біледі

Көкшетаулық жас күйші Юрий Кочетыгов AQMOLA NEWS тілшісіне бала күнінен  бері домбыра аспабына ғашық екенін айтты.  Боз баланың  ұлттық өнермен қоса қазақ тіліне деген құрметі жоғары. Өзге ұлт өкілі бола тұра қазақтың төл өнерімен қатар, тілін де меңгеріп, қатарластарына насихаттап жүр.

Домбыраға деген құштарлық анасы Юрийді 10 жасында музыка мектебіне апарған сәттен басталған.  Көп аспаптың ішінен жүрегі домбыраны қалаған. Айтуынша, өзге аспаптарға қарағанда, тембрі мен дыбысталуы өзіне ерекше көрінген.

–Мен музыка мектебіне алғаш келген кезде көптеген аспап ішінен таңдау жасау керек болды. Фортепиано, пианино, баян тағы басқалары дегендей. Бірақ, мен домбыраны таңдадым. Себебі, оның дыбысы маған қатты ұнады. Қолымдағы домбыраны ата-анам сыйға тартты. Қазір 70-ке жуық күй білемін. Бүгінде Біржан сал атындағы музыкалық колледжде «домбыра пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алудамын. Болашақта басқа балаларға осы өнер түрін үйреткім келеді. Өзіме халық композитор Құрманғазы мен осы күнгі Секен Тұрысбековтың күйлері ерекше ұнайды. Әсіресе, Секен Тұрысбековтың «Ақ жауын» күйі жаныма жақын, – дейді жас домбырашы.

Юрий бір үйдің тұңғышы. Қарындасы Злата да қазақ мектебінде білім алуда. Ол да ағасының жолын қуып домбыра мен флейтада ойнайды. Ата-аналары оларды әрдайым қолдап, шығармашылықтарының дамуына өз үлестерін қосуда. Жас музыканттың жеткен жетістіктері мен марапаттары да аз емес.

Атап айтқанда, Юрийдің өзі «Астана – мерей», «Анаға тағзым» халықаралық конкурстарының дипломанты және облыстық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты атанған. Домбыраға деген құрметі мен махаббаты шексіз ол «әлемдік аренада қазақ домбырасын дүниежүзіне мойындату басты арманым»,– дейді.

Камила ӘБДІЛМАНОВА.

  Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар