Электрондық мемлекеттік қызметтер әрқашан ыңғайлы, қолжетімді, жылдам, сапалы, сенімді және ашық болуы тиіс. Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша бизнес-процестер үнемі жаңартылып отырады, бұл өз кезегінде халыққа оларды қысқа мерзімде сапалы алуға мүмкіндік береді. Мысалы, заңды тұлғаларды, олардың филиалдары мен өкілдіктерін мемлекеттік тіркеу желісі бойынша бірқатар бизнес-процестің жетілдірілуін атап өтуге болады.
2021 жылдың қазан айынан бастап www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталында (бұдан әрі – ЭҮП) заңды тұлғаның (филиал мен өкілдіктің) басшысын өзгерту жөніндегі бизнес-процесс іске қосылды.
Бұл процесс заңды тұлғаларға Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінде тіркеуші органның қатысуынсыз заңды тұлғаның (филиал мен өкілдіктің) басшысы туралы мәліметтерді дербес өзгертуге мүмкіндік береді.
Осылайша заңды тұлғалардың (филиалдар мен өкілдіктердің) жұмыс уақытын үнемдеу мүмкіндігі бар, өйткені, белгілі бір құжаттарды жинаудың қажеті жоқ, тіркеуші органға жүгіну қажеттілігі алынып тасталады.
Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлға, сондай-ақ, акционерлік қоғам, олардың филиалдары мен өкілдіктері жарғысының (ережесінің) телнұсқасын беру жөніндегі бизнес-процесс тек ЭҮП арқылы жүзеге асырылады. Бұрын аталған мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі үш жұмыс күнін құраған еді. Қазіргі уақытта бұл мерзім бір жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Осы бизнес-процестің негізгі артықшылығы, Жарғыны (Ережені) жоғалтқан жағдайда, заңды тұлғалардың кеңседен шықпай-ақ телнұсқа беру бойынша мемлекеттік қызметке «бір шерту» арқылы тапсырыс беру мүмкіндігі бар және бір жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» заңды тұлға жарғысының (ережесінің) телнұсқасы электрондық форматта жіберіледі. Осы бизнес-процестерден басқа, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсетуді жетілдіру бойынша көптеген мысалдар бар.
Қорытындылай келе, әділет органдары көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты тұрақты негізде жүргізіп отыратынын атап өткім келеді.
Г. АБСАМАТОВА,
Ақмола облысы әділет департаментінің
тіркеу қызметі саласындағы
әдістемелік қамтамасыз ету және
бақылау бөлімінің жетекші маманы.