Көкшетау полицейлері қылмыстық істі жабуға уәде бергені үшін 50 мың АҚШ долларын алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің телеграм каналында жарияланды.
Желідегі жазбада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Көкшетау қаласы полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты басқа органның іс жүргізуінде жатқан қылмыстық істі тоқтатқаны үшін кәсіпкерден 50 мың АҚШ доллары сомасында ақша қаражатын алу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқандығы айтылған.
«Биылғы жылғы шілденің 8-де жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесі бойынша Қылмыстық процессуалдық кодекстің 128-бабы тәртібінде Көкшетау қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары ұсталды. Шілденің 9-да Көкшетау қаласының тергеу соты күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», — делінген жазбада.