Азаматтың асылы

Күні кеше бірінен-бірі өткен бұл ағаларымыз жұбын жазбай небір ортаның гүлі, айбынды үні болып жүруші еді. Сөз де, өнер де, кісілік келбет те бір өздерінен табылатын. Қызмет, шығармашылық жұмыста да қарымдары бір бөлек-ті. Бір-бір кесек тұлғаларымен өздерін елге де сыйлата, мойындата білген осы ағаларымыз сонда кімдер десеңіз, ауыз толтырып айтуға бармыз.

1942 жылдың төлдері, олар – бір-бірімен құрдастар, сырластар, мұңдастар еді. Туған жылы жағынан да өмір шебер үйлестірген, ер азамат жүгін арқалап, елге пайдасын тигізу тұрғысынан да бастарын біркелкі қоса білген. Сондықтан да, осы бір топты Көкшетаудың басында исі қазақтың талайы жыға танитын, құрметтеп сыйлайтын, жыға танымаған күннің өзінде де аттарына сырттай қанық болып, үлгі тұтатын.

Иә, бұл ағаларымыз да сол алапат соғыстың әкелері қан майданға аттанғанда аналарының құрсақтарында, не тал бесікте іңгәләп қалған құйттай куәгерлері еді. Сол сұрапыл жылдардың бар ауыртпалығын қайыспай көтерген тылдағы аналарының тұла бойын жібітіп, бір-бір үміті мен медетіне айналып, өртеңге шыққан гүлдей өне берген. Сол 1942-нің төлі соғыс қасіретін қара қостағы, егіс басындағы ананың өзіне қарауға көп мұршасы болмай, жер ошақтағы шоққа түсіп қалмасын деп жіппен іліп, байлап кетуімен еңбектеп, тәй-тәй басқан шағынан-ақ көрген.

Сосын да шығар, өмір оларды боркемік емес, қайратты, сылтың-солбай емес, талапты етіп ілгері басқыза берді.
Тап солай екенін осы шоғырдағы көрнекті сөз зергері Төлеген Қажыбай, әйгілі әнші Еркін Біржанов, бесаспап банкир Қуанышбек Рымжанов, партия, әкімшілік қызметкерлері Сапан Жапаров, Сұлтан Мұхамеджаров, тағы басқа да ағаларымыздың бұл тіршілікте қалдырған өшпес іздерінен айқын аңғара түсеміз. Аман болса, осы жандардың бәрі биыл сексеннің сеңгіріне шығар еді. Бірақ, тағдырдың жазуымен арамызда енді жоқ. Небір ортаны толтыратын өздеріне лайық орындары үңірейіп бос тұр.
Кісіні білгізуге өзіңе аян,
Керегі жоқ-ау, кейде ұзақ баян.
Мен сенің жезде, дара болмысыңды,
Әлі де кезіксем деп аңсап қоям.
Бұл менің осы жолдарды қағазға түсіріп отырғанда, жоғарыдағы шоқтықты тізімнің ішінен аяулы да асыл жан Қуанышбек Рымжанов туралы ойыма келіп қалған бір шумақ ішкі тебіренісім. Шынтуайтында, бұл кісі жалғыз біздің ғана емес, өзінен кіші бүкіл көкшеліктердің жездесі саналатын.

Өйткені, Қадиша есімді осы өңірдің текті қызына, біздің апамызға үйленіп, тату-тәтті, бақытты өмір сүрді, балаларының азамат болған қызық-қуанышымен марқайды. Оның үстіне жаны жаз, көңілі көктем боп, әркімге жан дүниесін ашып тұратын табиғатынан қазақы кең мінезімен көпшілік сүйспеншілігіне бөленгені сондай, ел өзі де жақсы көріп, айналасына үйірілді, біз қадап айтпай-ақ, жезделеп жақын тартушылар қатары көп болды.

Бір шеті Алматыдан Төлеген Қажыбай ағамызға келген ақын-жазушылар да парасатты да пайымды осы азаматпен тез тіл табысып кететін. Сол аз-мұз жүздесулерде әдебиетке жақындығын, өнерге құмарлығын да танып, кеуделеріне тағы бір нұрлы есімді қондырып аттанатын. Мұндайда басқаша болуы да мүмкін емес еді. Өйткені, Қуанышбек Рымжанұлының өз туған бауыры Таупық ағамыз да қолтаңбасы бөлек балалар жазушысы екенін ол кезден біз де жақсы біліп қалғанбыз.

Дегелең таудың дегбірі қашып,
Ойланып қалды бір бала…
Өктемдіктерде неткен ұқсастық,
Херосима анау, мұң-нала!

Айта берсек, бұл да біздің бір кезде Қуанышбек ағаға арнаған өлеңіміз еді. Тоғыз шумақ өлеңде атом полигонының құрсау-шеңберінен басқа жерге көшірілу арқылы ғана аман қалған бала көңілінің кей күрмеулі тұстарын баян еткеніміз бар-ды. Сол атом зардабынан Бейсен, Дүйсен ағаларының ерте өмірден өткендігі, туған нағашысы Мырзахан Әбжановтың да осы жазмыштан тура сол ағаларындай небары 49 жасында бақиға кете барғаны, әрине, өмір бойы жүрегінде жара болып қалғаны ақиқат.

Ол кезде ағамыз туып-өскен Семей өңіріндегі Абыралының Қайнары елге ажал уытын сепкен атом сынағының нағыз эпиорталығы еді. 1954 жылы осыған байланысты аудан түгел таратылып, содан бастап көпке дейін ядролық жарылыстан көз ашпады. Ал, бала кезінен туған ауылы Қайнардан күштеп шеттетілген Қуанышбек аға мен замандастары болса, бірде Аягөзде, бірде Семейде ат жалын тартып мініп, ет тірліктерімен өмір деген тіршілік кеңістігінен өз орындарын ойып ала берді. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, сол кездегі талпынып-талаптанған білімге қоса, спорт пен өнерге, кітапқа да ерен құштарлық түптің-түбі жан-жақты дамыған жасты өмір айдынына алып шыққаны ақиқат еді.

Білімі ғана педагогикалық емес, сонымен бірге, жаны да ұстаз ағамыздың күндердің күні банк жұмысынан бір-ақ шығуы тегі, есеп-қисапқа мығымдығынан болса керек. 1971 жылы Қазақ ССР Еңбек жинақ кассаларының Көкшетау облыстық филиалына ревизорлық қызметке жіберілуі өмірін жаңа арнаға бұрып, бүкіл ғұмырын көгілдір Көкшемен берік байланыстыра түсті.

Осы қызметті он жыл мінсіз атқарып, ақыр аяғында филиал директорлығына дейін көтерілуін азаматтың ақ адал маңдай тері, іскерлігі мен білім-білігінің өтеуі десек, айнымай келіп тұр. Қазіргі Халық банкіне айналған сол жылдардағы жинақ банкісі осы күнгідей томаға-тұйық емес еді. Бүгінгі банк өз депозиттерін жаранамалауды, несиелерінің пайыздарын өсіруді білер.

Ал, Қуанышбек Рымжанұлы басқарған ол мекемеден үнемі бір қазақы леп есіп тұратын. Өйткені, басшысы солай, елдің адамы, ұлттың жанашыры болатын. Өн бойындағы төл әдебиет пен өнерге, тіл мен ділге құштарлық талай жерде өзін танытып, азамат абыройын асқақтатумен болатын. Небір игі істерге осы банктің демеушілік көмегін көзі қарақты көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Банк тізгінін ел мүддесіне қарата ұстаған Қуанышбек Рымжанұлының осы тұрғыдағы ақыл-парасаты, ұйымдастырушылық қабілеті сол кездегі қызметкерлердің де есінде. Олардың әлі күнге осы басшыға деген ерекше ілтипаттары, сол тұстағы тәртіп, жинақылықтың да бір басқа болғаны көп жайды аңғартпай ма?!

Банкті күнделікті жұмысынан басқа, сексенінші жылдардың аяғындағы Павловтың сабан ақша айырбасы, 1993-тегі ұлттық валюта – Теңгені айналымға енгізу қарбаластарынан да мүдіртпей алып шыққан ағамыз шын мәнісінде сол кезеңдегі банк жүйесін біртіндеп жаңарту, озық технологияларды игеру шаруаларының да бастау тұсында тұрған еді. Қуанышбек Рымжанұлының осы мол тәжірибесі мен қолынан көп нәрсенің келгендігі 2000-шы жылдардың басында жағдайы қиындап кеткен «Қазпошта» саласына да көп көмегін тигізіп, Ақмола облыстық пошта филиалын да аз уақытта сүлесоқ қалпынан тік тұрғызып берген.

Бертін араға белгілі бір уақыт салып, сол облыстық пошта қызметінің тізгінін ағамыздың үлкен ұлы Дәурен ұстағанда, әкенің жемісті жолының жалғастылығына қуанып едік. Соны өзі де бекем ойда ұстаған Дәуреніміз аянып қалмаған. Бірақ, бізде соңы сұйықталып кететін ұшы-қиырсыз реформалар таусылған ба?! Оп-оңды жұмыс істеп тұрған филиалды Нұр-Сұлтан қаласына қосып, тәлекейін шығарды.

Кейін мұның дұрыс еместігіне тағы көздері жетіп, кеткен қателікті қайта түзеді. Сөйтіп, екі ортада халықтың көз алдындағы анау-мынау емес, дардай маңызды мекеме қаншама жүдеушілік көрді. Бұған әрине, Көкшетауда бар саналы ғұмыры банк көсегесін көгертсем деп өткен және сол діттеген үдеден абыроймен көріне білген Қуанышбек Рымжанов ағамыз да көзі тірі болса, қынжылып, басын шайқар еді.

Иә, қазағымыздың қай жерінде де ел есінде өшпес із қалдырған осындай мықты ұлдар бар болсын. Киелі Семейде туып, Көкшенің бетке ұстар бір бел баласына айналған белгілі тұлғаны ара-кідік жезде, көбіне-көп аға деп тағы да бір жадымызда жаңғыртып жатқанымыз тегін емес. Бұл – осы бір абзал жанға біз шүбәсіз солай деп білетін ел құрметі.

Ана бір тұста, төрт-бес жыл бедерінде көңілге түйіп, көкейге тоқығанымыздан өзімізше аздап күнделік жазып жүретін әдетіміз бар еді. Қарап отырсам, дәл Қуанышбек Рымжанұлы қайтыс болған 2013 жылдың 26 тамызы күні сол күнделікке мынадай жазулар түсіпті:

Ей, қазақтың мазасыздау ғасыры,
Білем, сенде мен дегеннің бәрі «ұлы».
Бірақ, бүгін бос тұсыңа жазып қой,
Өтті өмірден азаматтың асылы!!!

Иә, сол асыл азаматтың мына қамшының сабындай қысқа өмірде өзінің сексен жасын көре алмауы өкінішті-ақ. Жалғыз бұл кісі емес, осы мақаладағы абзал ағаларымыздың да!..

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар