Қазіргі таңда адамзат ауасын жұтып отырған табиғат-ананы қорғап, сақтау – барша жұрт үшін тіршілік қамы, өмір қажеттілігі. Жер-ана – бүкіл адамзатқа ортақ мекен.
Аяулы туған жеріміздегі жайнаған гүлдер, жайқалған шалғындар, қалың ормандар, сылдыраған бұлақтар, керіліп жатқан кең дала, күлімдеген Күн – өміріміздің тірегі, қызығы, рахаты. Туған жердің әрбір тасына дейін қымбат.
Сондықтан, сол құдіретті мекенімізді сүйе білейік. Әр адам ежелден өз туған жерін, табиғатын сүйіп, сыйлай, қадірлей білген. Қазақ халқының табиғатты қорғау дәстүрлері оның тұрмыс жағдайына, салт-санасы мен ырымына байланысты болған. Мысалы өзін-өзі сыйлайтын адам, тұрған қонысын және өлкесін былғамайды, бүлдірмейді. Табиғат байлықтарын орынды пайдалану керек.
Табиғат байлықтарын орынсыз бүлдіруге, жоқ қылуға жол бермеу керек. «Менің өміріме жетеді» деген сөзге сүйену дұрыс емес. Біз өзіміздің қамымызды ойлап қана қоймай, келешек ұрпақтар бізден кейін өмір сүретін адамдар үшін де қамқорлық жасауымыз керек.
Жылдың ең ыстық күндері көпшіліктің демалысы, ал, балалардың жазғы каникулы өтіп жатыр. Барлығының да қаланың күнделікті толастамас күйбең тіршілігінен, ласталған ауасынан бір сәтке болса да, аулағырақ, табиғаттың мүлгіген аясына, таза ауаға кетуге аңсары ауып-ақ тұрады. Қазір орманды өрттен қорғау кезеңі. Біз көктем, жаз, күз айларында табиғат аясында дем алғанды ұнатамыз. Дем алғаннан кейін тағам, оттың қалдықтарын, сусын шыныларын соңымыздан жинамай, ағаш ішіне, манайына тастап кетеміз. Сондықтан да, жасыл орман іші қалдықтар қоймасына айналады.
Егер орманға дем алуға бара жатқанда табиғатты қорғай білсек, бірнеше жылда өсіп-жетілетін ағаш түрлерін, өсімдіктерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе аламыз. Табиғат – біздің алтын ұямыз, қоршаған ортамыз, тіршілік көзіміз екенін біліп, оларды қорғау, аялау, ардақтау біздің міндетіміз. Табиғат байлығы адамзат өмірінің баға жетпес асыл қазынасы, өмірлік қоры, болашақ ұрпаққа сол қалпында, таза күйінде жеткізер мұрасы.
Көктем мезгілінде орманшылар Көкшетау каласының мектеп окушыларымен орманды өрттен қалай сақтау керектігі туралы «Өрт қаупсіздігі ережелері», Табиғатқа аяулы көзқарас» тағы басқа такырыптар бойынша әңгіме, баяндама, диспут түрінде жұмыстар жүргізді.
Елдің бай болуы, құт-берекенің молдығы табиғатпен тікелей байланысты. Табиғатты тілсіз жау – өрттен сақтасақ, яғни, аялай білсек қандай ғанибет, оған үнемі қамқорлық жасап отыру әрбір азаматтың адамгершілік борышы және парасаты болмақ. Ойымды қорытындылай келе, құрметті оқырман, сіздерден өтінерім, орманды өрттен, лас қоқыстан сақтаныздар!
Төлеген ТОМАНОВ,
«Бұқпа» шаруашылығының орман шебері.