Мұғалім жалақысының өскені жастардың мектепте еңбек етуге деген ынтасын арттыра бастады

 Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы кешенді жоспарын іске асыру бойынша білім беру саласында қабылданып жатқан шаралар туралы» баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

– «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде білім беру саласында бірқатар шаралар қабылдануда. Мәселен, өңіріміздің колледждері  450-ден астам кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатқан. Колледждер жанынан Индустриялық кеңестер жұмыс істейді, олардың құрамында 300-ден астам жұмыс беруші бар, – деп бастады баяндамасын Валерий Гамазов.

Өңірімізде студенттерді дуальды оқытумен қамтуды ұлғайту бойынша жұмыстар да өз жалғасын табуда. Бүгінде бұл технология 29 колледжде енгізілген, мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын, дуальді оқытумен қамтылған студенттердің үлесі 22 пайыз, яғни, 3947 адамды құрап отыр.

– Дуальды оқытумен қамтамасыз ету жобасына «Тыныс» акционерлік қоғамы, «КАИК», «НОВОПЭК», «Көкшетау жолдары» серіктестіктері мен «ЕПК Степногорск» акционерлік қоғамы сияқты өңірдің ірі кәсіпорындары белсенді қатысуда. Сонымен қатар, «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамы, «Регион Строй», «Степногорск энергокешен», «Eurasia Group Kazahstan», «Макинск құс фабрикасы», «Ұмай жер», «Армада-К», «Agrimer-Astyk», «Қамқор Локомотив», «Агрофирма Родина», «Қазагроэксперт» серіктестіктері мен тағы басқа ірі кәсіпорындармен мемлекеттік колледждер өзара меморандумдар мен шарттар жасасты.

Атап айтқанда, өңіріміздің 24 колледжі кәсіпорындармен патронаттық туралы меморандумдар мен шарттар жасап отыр, яғни, кәсіпорын өкілдерін Қамқоршылық және Индустриялық кеңестер құрамына енгізу, студенттер практикасын және кәсіпорындар базасында педагогтардың тағылымдамасын ұйымдастыру, шеберханаларды заманауи  жабдықтау мақсатында бірқатар ауқымды істер жүзеге асырылуда, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Мысалы, Степногорск қаласындағы тау-кен техникалық колледжіне «АК Алтыналмас» кәсіпорны қамқорлық жасауда. Колледж бен кәсіпорын басшылығы меморандум жасап, алдағы уақытта оқу корпустарын жөндеу және жабдықтау үшін 70 миллион  теңге көлемінде қаражат бөлінеді деп жоспарланып отыр. Степногорск жоғары колледжі «Еуропалық подшипник корпорациясы» акционерлік қоғамымен өзара ынтымақтастықта.

Осы мақсатта кәсіпорын басшылығы колледж ұжымының материалдық-техникалық базасын нығайтуға көп көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ, колледж студенттері бұл кәсіпорындарда оқу тәжірибесінен өткен кезде жалақы алады. Бұл – студент жастар үшін зор ынталандыру шарасы.  Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Яғни, өңірімізде болашақ мамандардың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, студент кезінен өздерінің алып жатқан білімдерінің жемісін көруі үшін де мүмкіндіктер бар.

Жиын барысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары өз сөзінде  білім беру саласы қызметкерлерінің орташа жалақысын ұлғайту, оның ішінде мектепке дейінгі, орта техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтарының лауазымдық жалақысын көтеру мәселесі  туралы да тарқатып айтып берді.

– Қазақстанның соңғы жылдардағы тәжірибесі педагогикалық мамандықтың беделін көтеретінін көрсетті. Мұғалімдердің жалақысын көтеру білім беру саласындағы мамандардың жетіспеушілігін толтыруға көмектеседі.

Соңғы үш жыл ішінде Қазақстан Үкіметі педагогтердің жалақысын жүйелі түрде 2020-2021 жылдардың қаңтарынан бастап 25 пайызға және 2022 жылдың басынан бастап 25 пайызға көтерді.  Бұдан басқа, біліктілік санаты үшін қосымша ақылар 30-50 пайызға ұлғайтылды.

Толық оқу жүктемесімен 2021 жылы педагог-шебер  373 мың теңге, педагог-сарапшы 312 мың теңге, педагог-модератор 272 мың теңге, жас мұғалім (санаты жоқ)  213 мың теңге жалақы алды. Сонымен қатар, дәптер тексеру және сынып жетекшілігі үшін төлем ұлғайтылды. Тәлімгерлік үшін қосымша ақының жаңа санаты пайда болды.

Осылайша, 2020 жылдан бастап педагогтардың жалақысы үш есе өсті. Кадр тапшылығы байқалатын өңірлерге педагогтарды тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірленді. Педагогтарды ауылдық жерлерде жалақы коэффициентін 25 пайызға арттыру, тұрғын үй беру немесе жалдау құнын өтеу және коммуналдық қызметтерді төлеу қызықтырады. Мұғалімнің жалақысы оқу жүктемесіне, біліктілік деңгейіне, өтіліне және санатына байланысты есептеледі. Оған өтемақы және ынталандыру төлемдері, білім деңгейіне, педагогикалық қызметтің басқа түрлеріне қосымша төлемдер әсер етеді.

Жалақыға қосымша сағаттық жүктеме келесі жағдайларда қарастырылған. Мәселен, пәнді ағылшын тілінде жүргізгені үшін, дәптерлерді, жазбаша және бақылау жұмыстарын тексергені үшін, сынып жетекшілігі мен тәлімгерлік үшін қосымша ақы төленеді. Ерекше жағдайларда педагогикалық жұмыстың басқа түрлері үшін қосымша ақылар есептелуі мүмкін, – дейді ол.

Брифинг барысында білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін  техникалық қызметкерлердің де жалақысы туралы сөз қозғалды. – Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап олар  23 пайыз өсіммен жалақы алады. Бұл жұмыс 4 жылдық мерзімге жалғасады, бұл олардың жалақысын екі есе арттыруға да мүмкіндік тудырып отыр. Заңнамада бүгінгі күні ең төменгі жалақы белгіленген.

Қазір ол 60 мыңнан кем болмауы керек, бірде-бір жұмыс беруші жалақыны аз төлеуге құқылы емес. Жасырары жоқ, техникалық, қызмет көрсетуші персоналдың жалақысы төмен. Ең төменгі жалақы деңгейінде қалып отыр. Бірақ, бұл мәселе тұтастай мемлекеттік ұйымдар бойынша Үкіметтің тиісті Қаулысымен қадағаланады және тек Үкімет деңгейінде ғана жаңа арттыру коэффициенттерін, жалақыны есептеудің басқа деңгейін енгізу туралы шешім қабылданады. Бірақ, жоғары білімді мұғалімнің жалақысын көмекші персоналмен салыстырудың қажеті жоқ, – деді Валерий Гамазов.

Брифинг соңында журналистер облыстық  білім басқармасы басшысының орынбасарына сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар