Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу саласындағы жаңашылдықтар

Қолданыстағы құқықты құрайтын актілер жиынтығына жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік-құқықтық актілері (НҚА) кіреді, ол өңірлік нормашығармашылық деп аталады.

Жергілікті деңгейде нормашығармашылық функциялары жергілікті атқарушы органдар – әкімдіктер мен әкімдерге және жергілікті өкілетті органдар – мәслихаттарға берілген.

«Құқықтық актілер туралы» Заң әділет органдарында, сол сияқты, жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу рәсімінен міндетті түрде өтуді көздейді, өйткені, бұл олардың күшіне енуі үшін міндетті шарт болып табылады.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 13 мамырдағы № 313 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбiр шешiмдерiне  өзгерiстер енгiзу туралы» Қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілерін орталықтандырылған тіркеуге көшіруді жүзеге асырды.

Жергілікті мемлекеттік органдардың НҚА-ны тіркеудің жаңа форматына көшуінің артықшылығы өңірлік нормашығармашылықты құқықтық регламенттеудегі кемшіліктерді анықтау және жою, НҚА-ны жобаларын әзірлеудің сапасын арттыру, біркелкі құқық қолдану практикасын қамтамасыз ету болып табылады.

Министрлік нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу рәсімін оңтайландыру шеңберінде заңға бірқатар түзетулер енгізді, олар бірқатар ведомстволық және өңірлік НҚА қабылдау рәсімін жеңілдетуге және заңнамалық нормаларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік берді.

Осылайша әділет органдарында тіркеуге жатпайтын НҚА тізбесі кеңейтілді, оның ішінде Үлгілік НҚА негізінде әзірленген және қосымша құқық нормалары жоқ нормативтік-құқықтық актілер, сондай-ақ, аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттерін, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерін (бюджеттердің 3 және 4 деңгейлері) бекіту немесе нақтылау туралы мәслихаттардың шешімдері  бар.

Бұдан басқа, 2021 жылғы 3 шілдеде Үкімет қызметтің әртүрлі салаларындағы мәселелерді реттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық актілерді көздейтін қаулы қабылдады, олар да әділет органдарында тіркелуге жатпайды.

Сондай-ақ, заңға тәуелді НҚА жобаларын Ашық НҚА интернет-порталында орналастыру тәртібі жаңа редакцияда бекітілгенін атап өту қажет.

Осы тәртіптің негізгі жаңалықтары порталда барлық деңгейдегі бюджеттерді бекіту туралы шешімдердің жобаларын күнтізбелік 10 күннен 5 күнге дейін, сондай-ақ, төтенше жағдай жариялау және карантин не шектеу іс-шараларын енгізу жөніндегі НҚА жобаларын орналастыру мерзімдерін күнтізбелік 1 күнге дейін қысқарту болып табылады.

Бұл нормалар мемлекеттік органдармен НҚА-ны қабылдау рәсімін оңайлатуға ықпал етеді және оларды іске асыруды жылдамдатады, сондай-ақ, өңірлердің дербестік деңгейін және жауапкершілігін арттыруға, бюджеттік рәсімдерді  оңайлатуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді неғұрлым жедел шешуге бағытталып отыр.

Сайран ҚАҢТАРБАЕВА,
Ақмола облысы әділет департаментінің
әкімшілік-құқықтық бөлімінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар