Жаңа Қазақстанға қадам басамыз десек, тіл мәселесіне шындап көңіл бөліп, нақты іс-шаралар жасалу керек-ақ. Отыз жылдан аса айтылып келе жатқан тіл жайлы орамды ойлар көпшілікті, оның ішінде тіл жанашырларын қатты толғандыратыны сөзсіз.
Тіл жайлы небір конференциялар, тағы басқа шаралар ұйымдастырылып, «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деуімен ғана шектеліп келеміз. Ал, нәтиже қайда?
Алғашқы сөзімді белгілі ақын Мұқағали Мақатаевтың мына бір өлең сөзімен бастауды жөн көрдім.
Ең бірінші бақытым – тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Басқа да белгілі ұлы ғұлама-жазушылардың айтқандарына да бір зер салып көрелік. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов «Тілі жоғалған ұлттың өзі жоғалады» дегені немесе Расул Гамзатовтың «Егер менің тілім жойылса, мен бүгін өлуге даярмын» деген қанатты сөздері күні бүгінге дейін өз өміршеңдігін жоғалтқан емес.
Жасыратыны жоқ, бұл күнде қазақтың көбі туған тілін жетік білмейтін болды. Тіпті, бізбен көршілес өзбек ағайындар «егер орыс болғың келсе, алдымен қазақ бол» деп өзара мысқылдап айтатын көрінеді.
Осы орайда, өзім куә болған бір жайды айта кетсем деймін. Шамасы осыдан қырық жыл бұрын Ташкент қаласындағы орталық сауда үйлерінің біріне бардым. Біраз уақыт өтіп кетсе де, сол жайт күні бүгінге дейін көз алдымда. Сатушы қыздардың көбі өзбек қыздары екен. Бір ұнаған затты сатып алайын десем, өзбекше білмеймін, орысшалап сұраймын. Сонда олар мені әдейі естімеген сыңай танытады. Бірер уақытта бір мосқалдау келген бір адам маған «қарғам, өзбекше білмесең, одан да қазақша сұра» деп ақыл қосты. Сол кісінің айтуы бойынша қалаған затымның бағасын қазақ тілінде сұрап едім, қыздар бірден елең ете түскен еді. Біздің ортада да осындай намыс болса ғой, шіркін!..
Тағы бірде Елордада құдалыққа бардым. Ас ішкен соң, сыртқа шығып серуендейін деп бір демалыс орынына барған едік. Бізбен табақтас болған жандардың басым көпшілігі бір-бірімен өзара орыс тілінде тілдесіп отырды. Бір кезде жанымдағы жандардың бірі маған: «Сіз неге сөзге араласпайсыз, әлде орысша сөйлеу білмейсіз бе?» деп таңырқай қарады. Олар менің оңтүстік өлкеден екенімді біліп, өздерінің орысша сөйлегенін аса білімпаздыққа балады ма, кім білсін, бәлкім сынайын деді ме, әйтеуір осындай сұрақ қойды. Мен ол кісіге менің бір адамдай орысша білетінімді айтып, бірақ, біле тұрсам да, қай жерде жүрсем де өзімнің ана тілімде сөйлегенімді құп көретінімді айттым. Ол кісі айтар ойымды дұрыс қабылдап, үнсіз қалды.
Жасырары жоқ, қазіргі таңда, біраз таныстарымның үйіне бара қалсам, олардың басым көпшілігі немерелерімен орысша сөйлесіп отырады. Телеарналарда да көбінесе өнер адамдары қазақша сауалға орысша
жауап беріп жатады. Осы келеңсіздіктерді жөнге келтіру алдымен өзімізге байланысты дер едім. Осы орайда, тіл білмейтіндерге мемлекет тарапынан қандай да қатаң шаралар қолданылуы керек екендігі айқын. Әйтпеген күнде, өз тілін менсінбейтіндер қатары азаймайтыны анық. Егерде тіл білмейтін мемлекеттік қызметшіге айыппұл салынса, ол бірер айдың ішінде-ақ қазақша сайрап шығар еді. Намыссыз жандардың жауапсыздығынан тіліміз жойылып кетпесе екен деп тілеймін.
Роман САХИҰЛЫ,
ардагер ұстаз.