Ауылдың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайына көңіл бөлінуде

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өңірлерді дамыту бөлімінің басшысы Азамат Байқуанышев, «Ауыл – ел бесігі» және «Дипломмен – ауылға!» бағдарламаларын іске асыру» деген тақырып бойынша баяндама жасап, аталмыш бағдарламалардың орындалу барысы жөнінде айтып берді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдар, жергілікті елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік құрылымдарын жетілдіруге арналған. 2019-2021 жылдар аралығында бұл бағдарламамен 100 мыңнан астам адам тұратын 35 ауыл қамтылған. 144 жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 18,7 миллиард теңге қаражат бөлінген. 26 әлеуметтік сала нысанына, 8 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысанына жөндеу жүргізілген.

208 шақырым ауылішілік жолдар, 34 шақырым су желісі, 19 шақырым жылу желісі жөнделіп, бу қазандығы, жастардың демалыс орталығы, екі денешынықтыру-сауықтыру кешені салынған. Бұл жобаларды жүзеге асыру кезінде 1 133 уақытша, ал, олар пайдалануға берілгеннен кейін 48 тұрақты  жұмыс орындары ашылған.

Ауылдық жерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасау мақсатында ағымдағы жылы 9 миллиард теңге бөлінді. Жобамен 125 мың адам тұратын  59 ауыл қамтылған.

Осы күндері 17 ауылда спорттық-ойын алаңдары жасақталу үстінде. 31 ауылда 155 шақырым ауылішілік жол жөнделуде. Егіндікөл ауданындағы Егіндікөл ауылында, Астрахан ауылындағы Колутон ауылында 610 орындық мектептерге күрделі жөндеу жүргізілуде. Жақсы ауданының Жаңақима ауылындағы, Аршалы ауданындағы Түрген, Ерейментау ауданындағы Новомарковка ауылдарында Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүріп жатыр. Бұланды ауданындағы Қараөзек және Никольское ауылдарындағы, Зеренді ауданындағы Алексеевка, Есіл ауданындағы Заречное ауылдарының 70 шақырымдық су желісін қайта салу қолға алынған. Сандықтау ауданындағы Балкашино ауылындағы стадион да қайта салынуда.

Азамат Байқуанышев өз баяндамасында атқарылып жатқан бірқатар мысалдарды атады. Аталған жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарта түсері сөзсіз.

«Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 306, 3 мың теңге көтерме жәрдемақы төленеді. Тұрғын үй салуға немесе сатып алу үшін 1 500 айлық есептік көрсеткіш  мөлшерінде 0,01 жылдық пайыз сомасымен 15 жылға  4 594,5 мың теңге бюджеттік несие беріледі.

Облыс бойынша ағымдағы жылдың 6 айы ішінде 392 маманға 120 миллион теңге көтерме ақы төленген. 127 маманға 570 миллион теңге үй алу үшін бюджеттік несие бөлінген. 2009 жылдан бері 6 263 маман 1,1 миллиард теңге қаражатты құрайтын көтерме ақы алған, 3 273 маманға үй алу үшін 10,3 миллиард теңге бюджеттік несие берілген. Әлеуметтік көмектің 75 пайызы білім саласына, 18 пайызы денсаулық сақтау саласына, 7 пайызы әртүрлі басқа салаларға  тиесілі.

Жеңілдік  алудың жалғыз ғана талабы болып, әлеуметтік қолдау қолына тигеннен кейін 3 жылдан кем емес уақыт маманның ауылдық жерде жұмыс жасауы болып табылады. Осылай дей келіп, Азамат Байқуанышев маманның өз қалауымен жұмысқа орналасатын өңірді, сондай-ақ, жылжымайтын мүлікті таңдау, қажетті құжаттар пакетін дайындау мәселелеріне тоқталып, құжаттар тізімін атап өтті. Жобаға оқу орнын жаңа бітірген түлек те, ауылдық жерде қызмет істеуді көздеген еңбек өтілімі мол, тәжірибелі маман да қатынаса алады.

«Дипломмен – ауылға!» жобасы ауылдық жерлердегі мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге, тәжірибелі мамандардың қолайлы несиемен тұрғын үй алуына, тұрмысын жақсартуына жол ашады.

Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар