Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жақсы ауданының әкімі Алмагүл ҚАДЫРАЛИНА: «Жақсы деп аталатын өңірде бәрі жақсы болса екен деймін» - АРҚА АЖАРЫ

Жақсы ауданының әкімі Алмагүл ҚАДЫРАЛИНА: «Жақсы деп аталатын өңірде бәрі жақсы болса екен деймін»

Жақсы ауданы – Ақмола облысының солтүстік-батысындағы жер көлемі ірі өңірлерінің бірі. Бүгінгі таңда бұл ауданға Алмагүл Аманжолқызы Қадыралина жетекшілік етеді. Біз бүгін газетімізде осы өңірдің тумасы Талғат Құрманұлының редакциямызға өз қолымен әкеліп тапсырған аудан әкімімен сұхбатын жариялап отырмыз.

 – Құрметті Алмагүл Аманжолқызы, сіздің Жақсы ауданының әкімі болып тағайындалғаныңызға да 5-6 айдың жүзі болып қалды. Жауапкершілігі мол, жүгі ауыр қызмет орныңыз құтты болсын. Облыс көлеміндегі нәзік жанды аудан басшысы болған соң, өзіңізден сұхбат алып, халыққа таныстыру мақсатында осы кездесудің реті келгеніне ризашылығымды білдіремін. Интернет желісі дамыған заман болған соң, аудан халқы, жер көлемі және тағы басқа мәліметтерді жинастырған едім. Осы орайда, алдымен білейін дегенім, аудан бойынша қанша шаруа қожалығы бар және еңбектің қай саласы басымдырақ?

– Ауданда барлығы 220 шаруа қожалығы және 49 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Шаруа қожалықтары қызметінің негізгі түрі егіншілік саласы, атап айтқанда, дәнді дақылдар өсіру және сату, сондай-ақ, мал шаруашылығы, ет және сүт өнімдерін өндіру де негізгі сала болып табылады.  Ауданда ірі кәсіпорындардың бірі – астық қабылдау, сақтау және өңдеумен айналысатын «Урожай» ЖШС. Сол сияқты, сүт өнімдерін қайта өңдеумен, ет өнімдерін және жартылай фабрикаттарды өндірумен, астық шаруашылығымен айналысатын «Айбат» ЖШС да нәтижелі жұмыс істеп келеді.

– Осы шаруа қожалықтарының мектептерге қамқорлық-көмегі бар ма?

– Аудан мектептері жергілікті шаруа қожалықтарымен, жеке кәсіпкерлермен осындай көмек-қолдау көрсету мақсатында меморандумдарға қол қойған. Атап айтқанда, Запорожье, Белағаш, Подгорное, Киев ауылдарының орта мектептері, Моховое, Калинин ауылдарының негізгі мектептері жергілікті жердегі шаруа қожалықтарымен келісім-шарт жасасқан. Аталған келісім-шарт бойынша шаруа қожалықтары оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтуды іске асырады. Терісаққан, Алғабас, Беловодское, Перекатное ауылдарының мектептері де жеке кәсіпкерлермен және демеушілермен келісім-шарт жасап, балаларды тегін ыстық тамақпен қамтып отыр.

– Аудан тұрғындарының спорт, өнер, білім саласындағы жетістіктері қандай?

– Біздің ауданда талантты және дарынды адамдар өте көп. Бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионы, Азия чемпионы, сондай-ақ, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Дина Жоламан аудан тұрғындарының мақтанышы болып табылады. Мұндай чемпиондардың қалыптасуында біздің жергілікті «ТНК Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үлкен рөл атқарады. Себебі, осы кәсіпорын басшысы Батырбек Тұрсынбекұлы Уәлиев аудан балалары үшін спорттың бокс, грек-рим күресі және тағы басқа түрлері бойынша тегін сабақтар өткізетін спорт мектебін салды. Біздің көркемөнерпаздарымыз да үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауында көрсеткен үздік өнері мен шығармашылық жетістіктері үшін аудандық мәдениет үйі ІІІ-ші дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды. Екі жыл қатарынан біздің ұстаздарымыз «Үздік педагог» атағымен марапатталып отырғаны да ерекше мақтаныш сезімін тудырады. Олар Г.Абдрахманов атындағы Қима орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Еркегүл Сүлеймен және Жақсы №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қасқаева Ләззат.

– Осы ретте, ауданда қанша қазақ мектебі бар және мемлекеттік тілді  қолдану аясы қандай дәрежеде?

– Аудандағы мектептердің жалпы саны 21, оның ішінде 5 мектеп қазақ тілінде, 11 мектеп аралас тілде, 5 мектеп орыс тілінде дәріс береді. Мектептерде білім алып жатқан оқушылардың жалпы саны 2909. Мемлекеттік тілде 1041 бала білім алады.

Аудандағы жалпы халық саны 18462 адам, оның 9014-і, яғни, 49 пайызы қазақ, 3616-і орыс, 5832-і өзге ұлт өкілдері.  Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халықтың үлесі қазіргі таңда нақты 14076 адам құрайды, бұл барлық тұрғындардың 76 пайызы болып саналады.

Тіл саясатының бір маңызды бағыты – мемлекеттік қызметшілер мен әр саладағы адамдарды осы мемлекеттік тілге үйрету. Бұл мақсатта ауданымызда 2009 жылдан бері «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде орталықта жүздеген тыңдаушылар қазақ тілін оқып-үйренгендігі жөнінде сертификат алды. 2022 оқу жылында тыңдаушылардың саны 107 адамды құрап отыр. Яғни, мемлекеттік тіл тобында – 86 тыңдаушы, ағылшын тобында – 21 тыңдаушы бар. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тілді контенттің үлесі – 50 пайыз. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны ішінде  аудан бойынша мемлекеттік тілдегі шығыс және кіріс құжаттарының да үлесі 100 пайызды құрады. Бұл 7165 іс қағазы қазақ тілінде жүргізілді деген сөз.

– Бүгінгі таңда елімізде болып жатқан өзгерістер Жаңа Қазақстанды құру идея-сымен байланысты болып отыр. Сіздің ойыңызша, қоғамдағы бұл даму үрдістері елімізге қандай жетістіктер әкелуі мүмкін?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған барлық бастамалар билік институттары жүйесін елеулі трансформациялауға, оған азаматтардың қатысуын дәйектілікпен арттыруға және Қазақстанда жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған реформалардың сындарлы бағдарламасы болып табылады. Бұл – қаңтардағы оқиғалардан кейін немесе Президент Жолдауынан кейін біз Жаңа Қазақстанда автоматты түрде өмір сүре бастадық дегенді білдірмейді. «Жаңа Қазақстан» концепциясын ұсына отырып, Президент таяу келешекке арналған қоғам дамуының жаңа мақсатын белгіледі. Жаңа Қазақстанды бір сәтте, бір күнде құру мүмкін емес. Бұл қоғамдық қайта құрудың терең және ұзақ процесі екені анық. Дегенмен, бүгінгі күннің өзінде біз белгілі бір оң өзгерістерді көріп отырмыз, бұған әкімдерді сайлау, бейбіт митингілерге рұқсат беру және тағы басқа бастамалар дәлел бола алады. Мен де осындай әрбір жылт еткен жақсылықты жөн көріп, елімізде, облысымызда, соның ішінде біздің Жақсы деп аталатын өңірде бәрі жақсы болса екен деймін.

– Сіз басқарып отырған аудан мемлекет есебіне қанша тонна астық тапсырады және ет өнімдерін дайындауда облыста үлес салмақтары қандай?

– 2021 жылы біздің аудан аграршыларының  Үкіметтің несиелік көмек-қолдауы үшін мемлекет есебіне сатуға шығарған астығының көлемі шамамен 750 тоннаны құрады. Шаруашылықтардың барлық санаттарында ет өнімдерінің өсуі байқалады. 2022 жылдың бірінші тоқсанында Жақсы ауданында тірідей салмақта 568,4 тонна ет өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 24,1 тонна немесе 4,4 пайыз артық.

– Нақты және дәлелді жауаптарыңызға рахмет. Елімізде байқалған оң қадамдарға қосар үлесіңіз мол болуына тілектеспіз! 

Автордан: «Қайғылы қаңтар» оқиғасынан кейін тұтастай еліміз бойынша оң өзгерістер пайда бола бастағаны көңілге қуаныш ұялатады. Сәйкестік пе әлде заңды құбылыс па, осындай жауапты кезеңде  нәзік жанды әйел затының біздің аудан басшысы болуын жақсы ырымға балаймыз. Ер азаматтарға қарағанда, әйел заты табиғатынан өз ісіне адалдығымен, әділдігі және жауапкершілігімен ерекшеленетін. Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан аса уақыт өтсе де, ауылымызға келіп көрмеген аудан басшылары болды. Алмагүл Аманжолқызы мектептері жабылмаған, өз бетінше тіршілік етіп жатқан ауылдарға барып, жағдайды көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп, өткізгеніне халық ризашылығын білдіріп, болашаққа сенімдері нығая түскендей.

Ащы да болса, шынын айту керек, тәуелсіздік алған жылдары тіршілігі жарасқан, бұрынғы қоғамдық формацияда әжептәуір дамыған шаруашылықтар мемлекетке «қарыз болуы» есебінен жабылып қалып, тұрмыстары нашарлаған халық үйлерін тастап, басқа елді мекендерге көшуге мәжбүр болды. Өкінішке орай, сол жабылып қалған ауылдарды басқарған өзіміздің қазақ азаматтары. Бүгінде осы халық алысқа ұзап көшіп кетпей, Есіл өзенін жағалай, тарап кеткен бұрынғы ауылдарын жазғы жайлау ретінде пайдаланып, балығын аулап, жаздың жаймашуақ күндерін сонда өткізіп жүр. Келешегіне елеңдеген ел әрине, ертеңінен үміт үзбейді. Жаңа Қазақстанды қалыптастыруға кіріскен үкімет басшыларынан, жергілікті атқарушы және өкілетті органдардан қарапайым ауыл халқының игі өзгерістер күтетіні заңдылық.

Сұхбатты жүргізген
Талғат Құрманұлы.

Жақсы ауданы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар