Жаңбыр барлық жерде бірдей емес. Әсіресе, Целиноград, Қорғалжын, Егіндікөл, Астрахан аудандарында ылғалдылық тапшылығынан шөптің қурап кету қаупі бар. Көктемгі қар суының аздығынан сай-салаға өсетін шөп те биыл онша бітік шықпаған.
Осындай қиындықтарға қарамастан, Астрахан ауданындағы «Гранит-Петровка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1200 тонна шөп дайындап үлгеріпті. Жалпы, 600 бас сиыр ұстайтын серіктестікке барлығы 1400 тонна шөп керек екен.
–Біз қазірдің өзінде қысқы мал азығын 90 пайызға дайындап алғанымызға қуаныштымыз. Әрине, осы қарқынмен жұмысымызды жалғастыра береміз. Қазіргі уақытта шабындық алқапта 14 агрегат жұмыс үстінде. Еңбек озаттары ретінде шаруашылық басшысының орынбасары, инженер Жәлел Махмет, механизаторлар Думан Қайықов, Құлан Мақышевтарды айтар едім. Олар екпінді жұмысқа ұйтқы, өзгелерге үлгі болып жүрген жандар. Жаңбыр жоқтықтан шөп сапасын жойып, қурап кетуі мүмкін. Сол себепті шөп шабу науқанын қызу жүргізудеміз, – дейді шаруашылық жетекшісі Виталий Ком. Виталий Викторовичтің айтуына қарағанда қысқы азық екпе шөптен де, табиғи шөптен де дайындалуда. Сауын сиырлардың сүтін өткізіп, пайда тауып отырған серіктестік мал азығының құнарлы болғанын қалайды.
Серік САПАРҰЛЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.