Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Білімнен шырақ жаққызған - АРҚА АЖАРЫ

Білімнен шырақ жаққызған

Ұлтымыздың ұлы перзенттерін санамаласақ, солардың алдыңғы легінің қатарында ауызға алдымен ағартушы, педагог, ақын, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің аты алынары анық.

Білім жолында Ыбырай Алтынсариннің көшбасшылығын, тұңғыш қазақ педагогы екенін құрметпен еске алғанымыз жөн. Ы.Алтынсарин 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының Затобол ауданында дүниеге келеді. Жастайынан жетім қалған ол атасы Балғожа бидің тәрбиесінде өседі. Ыбырайдың анасы Аймен халық ауыз әдебиетін көп білетін, сауатты адам болса, атасы әйгілі, беделді, ықпалды би болған адам.

Ол өз немересін турашылдыққа, әділдікке баулып, үнемі тәрбиелеп отырған. Оның немересін көзі ашылып, сауаты толықсын деп орыс-қазақ мектебіне беруі, онда жүргенде өсиет айтып, «Үміт еткен көзімнің нұры – балам» деп хат жолдауы да бидің немересінен болашақта үлкен үміт күтетіндігінің белгісі болса керек.

Ол 1850 жылы Орынборда қазақ балаларына арнап ашылған мектепке қабылданған отыз қазақ баласының бірі болып барады. Ол кезде ол 9 жаста болады. Осы кезден-ақ, өзінің зеректігін байқатқан бала үнемі мақтау естіп, үлгерімі өте жақсы болады. Бұл мектептің мақсаты – патша үкіметіне шын берілген, отаршылдық саясат рухындағы балаларды тәрбиелеп шығару еді. Алайда, Ыбырай оған қанағаттанбай, өз бетімен әлемдік классиканы оқуға кіріседі.

Нәтижесінде ол орыс, араб, татар және парсы тілдерінде еркін сөйлей алатын болған. Сол кездегі өзі жақын араласқан орыс зиялылары В.Григорьев пен Н.И.Ильминскийдің ықпалымен өзі де көп іздене келе, ол туған халқына өз пайдасын тигізуді ойлайды. Ол өз борышы – ағартушылық екенін түсінеді. Соның нәтижесінде алғаш 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылады дегенде, 19 жасар бозбала Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға келеді.

Ыбырай Алтынсарин сол кезден бастап, халықтың көзін ашуға бел шешіп кіріседі. Алыс түкпірдегі елде мектеп ашудың қиындығына қарамастан, ол таңдаған жолы үшін аянбай, халыққа мектеп ашудың қажеттілігін түсіндіріп, қаржы жинап, мектеп үйін салады.

Өзінің өмірдегі ұлы мақсатын орындау үшін жанын салып, жан-жақты ізденеді. Ол 1871 жылы 31 тамызда Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Қазақтардың білімге қол жеткізетін ең басты құралы – мектеп. Бірақ, даладағы мектептер шашылыңқы, сондықтан әлі пайдалы бола алмай отыр, әйтсе де олардың үміт күтері – мектеп, тек қана мектеп және қазақ халқының болашағы да мектептермен байланысты», – деді.

Оның ашқан мектептері қазақ арасында білім берудің жарқын үлгісін қалыптастырды деуге болады. Ол орыс халқының тәжірибесіне сүйене отырып, қазақ қоғамына жаңаша өзгерістер әкелді, ана тілінің қадір-қасиетін арттырды, татар сөздерінен арылтты, оқулықтар жазды. Өз шығармалары арқылы оқу-білімге шақырды, адамгершілікті насихаттады.

Алғаш ашқан орыс-қазақ мектебінен кейін маманның тапшы екенін аңғарып, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгідегі білім беру тәсілін ұсынады. Нәтижесінде Омбыда бастауыш мектептер үшін қазақ жастарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады.

Ыбырай Алтынсарин өзінің көптеген өлеңдері мен әңгімелерін де жастарды оқуға шақыруға арнады.

«Бір Аллаға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық.

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық», –

деп, балаларды оқуға шақырды. Кеңес кезіндегі дін мен дәстүрден алшақтап қалған аралық уақытта бұл өлеңнің алғашқы жолы оқулықтардан алынып тасталған болатын.

Ыбырайдың «Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан,

Іздемей-ақ табылар» –

деп, балаларды оқу мен білімге құр шақырмай, білім алған адамның өзгелерден оқ бойы озық тұратынын, білімді, өнерлі елдің мүмкіндігі мол болатынын қызықтыра отырып суреттейді.

Ол елдің қараңғылықтан құтылуына жастар себепші болатынын біліп, барлық күш-қуатын ағартушылыққа бағыттады. Шығармаларында, еңбектерінде жастарға жөн сілтеп, дұрыс тәрбие беруді көздеп, адамгершілікті, ізгілікті насихаттады.

Ол білім жолындағы еңбегін баланың сабақты жақсы меңгеруіне, оның адамгершілік қасиетін қалыптастыруға бағыттады. Баланың сабақты жақсы түсінуін, алған білімінен қорытынды жасай алатын болуын басты мақсат етті.

Балалардың оқуға деген ынтасын, талабын оятуды көздеп, ол жаңа оқу құралдарын шығарды, оқыту әдістерін де жүйелеуді қолға алды. Орыс ағартушыларының еңбектерін зерттей келе, қазақ дүниетанымына лайықтап, қазақтың даналығына негіздеп оқу құралдарын шығарды.

Оның мұғалімдерге қойған талабы да биік. Мұғалім болудың зор жауапкершілігін түсініп, жанымен сезіне алған адам ғана осылай айта алса керек.

Ол білімді оқушыларға түсінікті етіп ұғындыра алу қажеттігін айтады. «Егер балалар бірдеңені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиіс емес, оларға түсіндіре алмаған өзін кінәлауға тиіс. Ол балалармен сөйлескенде ашуланбай жұмсақ сөйлесуі, шыдамдылық етуі керек, әрбір нәрсені де ықыласпен түсінікті етіп түсіндіруі керек, орынсыз терминдерді қолданбауы керек, мұндай сөздер оқушыларға түсініксіз болады да, жалықтырып жібереді», – дейді. Бұл сөздерден біз оның өз ісін қаншалықты сүйіп атқарғандығына куә бола аламыз. Арада екі ғасыр өтсе де, бұл сөздер әлі өз құнын жойған жоқ. Осындай жағдайлардың бүгінгі қоғамда да кездесіп қалатыны жасырын емес.

Мұғалімнің рөлі де Ыбырайдың назарынан тыс қалған жоқ. Ол «Мұғалім– мектептің жүрегі. Мен жақсы мұғалімді дүниедегінің бәрінен де қымбат бағалаймын» деген. Ол мұғалімдерге соншалықты талапшыл болуымен қатар, олардың қоғамдағы беделін де қалыптастырып, өзгелердің мұғалімдерге құрметпен қарауына мәжбүр етті.

Ол қазақ даласында бірінші болып қыздарға арналған мектеп ашты. Қазақ қоғамындағы қыз баласының орнын айқындап, олардың да ескіліктің құрсауында қалмай, заманға ілесуіне, сол арқылы бұрыннан қалыптасқан қыздардың орны жайлы ұғымның өзгеруіне ықпал етті.

Оның білім беру барысында оқулықтар жазғаны, жай жазбай білімнің тек ана тілінде берілуіне назар аударып, сол жолда еңбек еткені – өз алдына жеке қарастыруы керек дүниелер. Ол «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық, «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазды.

Бұл еңбектері арқылы ол оқушыларды ізгілікке баулиды. «Қазақ хрестоматиясы» еңбегінің «Сөз басы» деп аталатын кіріспесінде ол оқулық жазуының сырын былайша түсіндіреді: «Қазақ халқының сауатсыздығынан, қазақ тілінде басылған бір де кітаптың жоқтығынан оқу орындарының мұғалімдері амалсыздан қазақ тілінің орнына татар тілін пайдаланып жүр. Сондықтан, көзге көрінер ешқандай пайдасы болмаса да, шәкірттерге, амалсыздан, татар тілінен ешқандай кемшілігі жоқ ана тілін тастап, татар тілін үйренуге тура келеді.

Екінші жағынан, татардың кітап тілі, бұл тілді татарлардан шыққан оқымыстылардың өздері де менсінбегендіктен, араб, парсы сөздеріне лық толған; сондықтан ол сауатсыз қазақтарға түсініксіз. Бұл тілде басылып шыққан кітаптардың бәрі де тек дін туралы жазылған кітаптар, сондықтан олар, осы жағынан алып қарағанда да, дүнияуи мақсаттарды көздейтін орыс-қазақ мектептерінде пайдалану үшін, мысалы, орыс тіліне аудартып, жаттықтыру үшін қолайсыз.

Осылармен қабат, бір ескертетін нәрсе – қазақ халқы азбаған халық, оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды; оның ой-пікірі еркін; оның келешегі үшін оған тек сана-сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр. Ал, осы айтылған мақсаттар жолында мен білсем, осы күнге дейін ешқандай жетекші құрал болған жоқ» деп, өзінің оқулық құрастырудағы түпкілікті мақсатын анық көрсетіп береді. Сонымен қатар, ол бұндай кітаптар Азия халықтарының ешқайсысында жоқ болғанықтан, орыс тілінен ізденіп, тапқанын, сол жобаға сүйенгені жайлы айтады.

«Бұл кітапты құрастырғанда, мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қатар жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім; екіншіден, бұл кітапта келтірілген әңгімелердің қазақтарға ұнамды болу жағын көздедім; сондықтан бұл кітапқа енгізетін әңгімелерді тергенде көп қиыншылықтарға кездестім, әр жағынан ойлап барып қосу керек болды» деп ағынан жарылады. Осы сөздерден біз кітапты құрастырудың қаншалықты машақатты жұмыс болғанын түсіне аламыз.

Ыбырай Алтынсариннің мектебінен қазақтың белгілі тұлғалары да білім алып шықты. Атап айтсақ, «Мектептен бұрынғы тәрбие құралының» авторы Нәзипа Құлжанова, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Біләл Аспандияров, Алашорда қайраткері Ахмет Бірімжанов, Ыбырайдың ісін жалғастырушы Ғабдолғали Балғымбаев. Осы кісілердің әрқайсысының білім жолында өзіндік орны болған және бұлардың барлығы да тікелей Ыбырай Алтынсариннің шәкірттері болған.

Олар да ғылым мен білімнің дамуына үлкен үлес қосқан, әрқайсысы көптеген шәкірттер тәрбиелеп шығарған, ағартушылыққа атсалысқан. Күні бүгінге дейін Ыбырай мектебі, оның педагогтік мектебі өз жалғасын тауып келеді. Себебі, біздің барлығымыз да оның салып кеткен сара жолымен келе жатырмыз деуге болады.

Ыбырай Алтынсаринге жастайынан берілген тәлім-тәрбие, анасының сұңғылалығы, атасының белгілі би болуы, зхалқының үлкен үміті – болашақ ғалым-педагогтың қалыптасуына ықпал етті. Жан-жақты білім алуы, тек бір ғана орыс білімінің шеңберінде қалмай, басқа тілдерді де меңгеруі, орыс халқының саясатының ықпалында кетпей, саралап, зерттеуі, соның нәтижесінде өз халқының көзін ашуды мақсат тұтқаны, ұстаздықтың қиын да қызықты жолдарын баса жүріп, мектептер ашқаны, балаларға арнап, сонша машақатпен оқулық жазғаны, мұғалімдерге талап қойып, шын жүректен ізденіп, талаптармен іріктеуі – барлығы да оның тек біздің халқымыз үшін бар өмірін арнаған, халқының көзін ашуға үлкен үлес қосқан, шын мәніндегі ұлы тұлға екенін айғақтайды. Қазіргі кезде Ыбырай Алтынсариннің тарапына кейде нашар пікірлер айтылып қалып жатады.

Алайда, Ресейдей алып империяның саясатына жұтылып кетпей, олардың өзегінің нәрін еппен алып, өз халқына ұсына алуы жанкешті еңбекті қажет етеді. Біз арада екі ғасыр өтсе де, Ыбырай салған ізбенен жүріп, оның айтқан құнды ойларын басшылыққа алып келе жатырмыз.

Ол да бізге Ыбырай Алтынсаринді «ұстаздардың ұстазы» деп атау соншалық қисынды екенін аңғартса керек. Біз ұлы ұстаздың өміріне терең бойлап, оның сан-салалы еңбегін зерттеп, зерделеп, ел тарихынан оның лайықты орнын алуына үлес қосуымыз керек. Олай дейтінім, оның мұралары әлі де толық зерттеуді қажет ететін, құпиясын ішіне бүккен асыл қазына іспетті.

БОЛАТ ПЕСТИФАЛЬ,
Қоянды ауылы  №2  жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті    пәнінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі,

Целиноград ауданы.

Суретте: Торғай уезінде Ыбырай Алтынсарин ашқан мектеп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар