Кемелдіктің баспалдақтарымен жүрсек қой!..

Адам – пенде. Кейде қызғанышы қысады, өзімшілдігі ерекшеленеді. Ашуы алқымынан алады, кейде бәлсіне қалады, паңдана түседі, жалқаулығы жар бермейтін сәттері де болады. Қара басып ұмытып, жасаған қателігін тағы қайталап, тіпті түкке тұрмайтын нәрсені дүние көріп, дүниеқоңыздыққа да салынып кететін кездері баршылық. Олай болмағанда адам пенде боп жер басып емес, періште боп пәк күйінде жүрмес пе еді? Осы пенденің бойындағы жағымсыз қылығын жоюы я болмаса оны жақсылыққа бұруы – мына сынақ дүниеге жіберілуіндегі түпкі мақсаты.

Неге десеңіз, жаман пиғылдар мен қылықтардан арылған сайын адамның рухы тазарып, бір саты биіктеп, кемелдене түседі. Ал, кемелденген рух – Жаратқанның ризалығына бөленіп, жұмаққа сай дәрежеге жетеді. Осы кемелденудің ең әуелгі баспалдағы – өз мініңді көре білу мен қатеңді мойындаудан басталады. Біле білгенге өз қатеңді мойындау – нағыз ерлік. Өкінішке орай, қазір кеселге тап болғандар көп. Өлсе де өз қатесін мойындағысы келмейді. Қашанда өзінікі дұрыс. Шындап келгенде, қатесін мойындау адамды кемшілігін түзеуге жетелейді.

Өз қатесін көре білу және оны мойындау – жақсылыққа беталыстың, іштегі ұлы төңкерістің нышаны. Мұндай қадамды жасай алған адам ғана ағаттықтары мен кемшіліктері үшін өзін кінәлай алады. Оның ақыры өкінуге ұласады. Сөйтіп, жасаған қателіктері үшін үнемі өзін кінәлі санап, өкініште жүрген адам ендігі жерде түзетудің, қайталамаудың қам-қарекетіне көшеді. Әрдайым «мен қандай адаммын, бойымда қандай жағымсыз қылықтар бар» деп өз-өзіне есеп берумен болады. Мұндай адам қашанда кінәні өзгеден емес, әуелі өзінен іздейді. Ендігі жерде ол бұрын мүлде байқамаған олқылықтарын, тіпті, ізгілікке балаған істерінің астарынан небір кемшіліктерін көре біледі.

Адами санасы, білімі шамалы, «сасық кеуде» тәкаппар пенделер де өздерін үнемі ақтап бағады. Кінәні ылғи да айналасындағылардан іздеп, өзін ақтаудың сан қилы тәсілін меңгереді. Өзгені сынап-мінеудің кәсіби маманына айналады. Қандай жағдайда да, нендей үлкен қателік жасаса да өзін дереу ақтап алудың, ал, өзгенің ісін ретін тауып қате ғып шығарудың майталман шеберлігіне қол жеткізеді. Бұндайлар бір сәт болсын өздеріне сын көзбен қарауды ұмытады. Көздері бола тұра ести алмайтын жағдайға ұшырайды. Мұндай жандардың жадынан «мен қателесіппін, мен кінәлімін» деген сөздер тамырымен өшіп, есесіне «кінәлі анау, қате жасаған мынау» деген сөздер көкейінде сайрап тұрады.

Бұл бейшара жандар шаң жуытпай өздерін ақтаған сайын рухани құлдырап бара жатқанын сезбейді. Өз пайымдауларынша кінәсіз, қатесіз болғандықтан түзету туралы да мүлдем ойламайды. Несін ойласын? Оның ойынша бәрі дұрыс, бәрі оң. Бәрі тегіс, бәрі жөн. Бойында анау айтарлықтай ешбір мін, түзетерліктей ешбір ақау, ешбір кемшілік жоқ. Өзін мақтап, өзгені даттайтындар бара-бара рухани дертке шалдығады. Ендігі жерде ондайлар кім көрінгенге кінә таққыш, біреудің түймедей кемшілігін түйедей етіп бетіне басуға даяр тұрады. Ол ол ма, айналасындағылар қай жерден мүлт кетіп, сүрінер екен деп мысық тілеумен күн кешеді. Қате таба қалса, масаттанып шыға келеді. Иә, өз қатеңді мойындау – ерлік, ал өзіңді-өзің ақтау – рухани дерт.

Мұқағали ақын «Бәріне жауаптымын» деген өлеңінде:

…Дос адамдар өзара жауласса егер,

Ол да менің кінәмнан деп біліңдер, – деуі біз қозғап отырған тақырыптың мәнін аша түскендей. Дос адамдар жауласпас үшін оларды жарастыру, татулыққа сына қақпау – расында солармен бірге жүргендерге сын.

Ендеше, біздер атамыз Адам пайғамбардан үлгі алып, өз қатемізді мойындайық та, басқалардың жасаған ағаттықтарын кешіре білейік. Өзіңе келгенде айыптайтын прокурор, өзгеге келгенде ақтайтын адвокат бола білуді өмірлік қағида етіп, ұстасақ, тура жолдан адаспас едік.

Қысқасы, өз кінәңді көре білу – кемелденудің алғашқы қадамы. Ал, кемелдіктің ең биік шыңы әулиелік екені сөзсіз. Олай болса, қазақ атамыздың «өз мінін білген – әулие» деп мақалдауында осындай терең мән жатыр.

Сондықтан да, нағыз адами санамыз жетсе, әрқашан кемелдіктің баспалдақтарымен жүрейікші!

Гүлнәр ШӘЙМЕРГЕНҚЫЗЫ,

ардагер журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар