Бизнес жан-жақты қорғалуға тиіс

Ақмола облыстық әкімдігі, облыстық  прокуратура,  облыстық ұлттық  кәсіпкерлер палаталары бірлесіп, бизнестің дамуына қолайлы жағдай туғызуға арналған форум өткізді. Жиынды Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы Малғаждар Тәткеев құттықтау сөз сөйлеп ашты.

–Кәсіпкерлер тек  қана өздері табыс тауып қана отырған жоқ, олар қаншама адамға жұмыс тауып беріп отыр және қомақты салық төлеуде. Сондықтан да, бизнесті қорғаудың экожүйесін құрып, қолайлы ахуал қалыптастыруға тиістіміз. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы,– деді ол.

Облыс прокуроры Айдос Майлыбаев кәсіпкерлерді орынсыз тергеп-тексеру, айып салу, істерін заңсыз сотқа беру сияқты әркеттердің олардың жұмысын тежеп, дамуына кері әсер ететіндігін, сол себепті оларды заңды түрде қорғауға прокуратураның баса назар аударатынын айтты. «Дерек-дәлелі нақты емес істерді  сотқа бере салып, үкімін сот шығарсын» деп сотқа бере салып, үкімін сот шығарсын»  деп қарап отыру мүлдем мүмкін емес деді А.Майлыбаев. Сондай қадағалаудың арқасында бірқатар істер тоқтатылған. Алға қарай да бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.

Форумда  Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек аталған тақырыпқа баяндама жасады. Ол бизнестің дамуына орынсыз тексерулер немесе тексерулердің тым ұзаққа созылуы, дәлелденбеген деректерге, негізсіз дереккөздерге сүйеніп іс қозғаудың кері әсері, кәсіпкерлер уақытының  бағалануы сияқты мәселелерге тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жолында атқарылар істерді атады. Одан әрі облыс прокурорының орынбасары Ж.Бердіқұловтың баяндамасы тыңдалды. Оның баяндамасында кәсіпкерлерге орынсыз бөгет болу, прокуратураның ондай деректерді тексеріп, шара алуы жөнінде мәліметтер келтірілді.

Баяндамалардан кейін бірқатар кәсіпкерлер, ұжымдар жетекшілері мінберге көтеріліп, бүгінгі күн тәртібіне орай өздері тірелген тығырықтар, шешімін таппай келе жатқан мәселелерді ортаға салды. Ашық айтылған пікірлер форум үстінде талқыланып, оған билік өкілдері, басқармалардың басшылары жауап берді.

Заңгер В.С. Геращенко Қосшы қаласының Лесная Поляна ауданындағы бұрынырақ кәсіпкерлер салған ғимараттардың заңдастырылуы жөнінде мәселе көтерді. Бұл сұрақ бірнеше жылдан бері шешілмей, кәсіпкерлердің жүйкесін тоздырып келеді. Мысалы, жеке кәсіпкер Ж.Мұсақанованың «Магнит» дүкеніне қосымша салған құрылысын алып тастау туралы облыстық сот үкім шығарған. Кезінде кәсіпкер оны заңдастырмақшы болғанда, оған құжаттары Қосшы қаласына берілмегендіктен рұқсат етілмеген. Дәл осындай түсінбестікке тап болған бір ғана ол емес.  Біріншіден, ол дүкендер, басқа да халыққа қызмет көрсетіп тұрған нысандар үшін кәсіпкерлер шығын шығарды. Екіншіден, олар шын мәнісінде жұмыс жасап тұр. Үшіншіден, жөнсіз болса да бір кездері олардың деніне рұқсат берілген. Демек, қалай болған күнде де оларға жеңілдік жасалып, құжаттары заңдастырылғаны дұрыс. Форумға қатынасушылар бірауыздан осы пікірге тоқтады.

«ЕНКИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры  М.Әбдіқалықов өздеріне конкуренттік ортаны дамыту және қорғау агенттігі департаментінің тексеруін заңсыз деп білетінен хабарлады. Оларға керамикалық кірпіш шығарып, сату  барысында конкуренттік орта талабына қайшы келетін әрекет жасады деген шешім шығарылған. Бұл мәселе де кәсіпкерлер палатасының қатысуымен екіжақты талқыланатын болып шешілді.

Сондай-ақ, форум үстінде «Компания Агросервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы А.Тұрлыбеков, «Союз строителей Казахстана» ұйымы филиалының директоры М.Есенов, «Инсект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Г.Габдыжамалов, А.Сүлейменова, Ш.Өтегенова, М.Корсовский, тағы басқа кәсіпкерлер өз жұмыстарындағы заң талаптарына қатысты проблемаларын көлденең тартты.

–Бүгін бизнес үшін де мемлекет үшін де маңызды шара болып өтті. Қазақстан Республикасының Президенті еліміздің кәсіпкерлерімен өткізген кездесуінде бақылаушы органдардың бизнеске репрессиялық сипаттарын төмендету жөнінде шаралар қарастыру, шағын және орта бизнесті 2050 жылға дейін 50 пайызға дамыту керек, деді. Бізде бұл бағыт әзір 28,2 пайыз болып отыр. Мемлекеттің бизнесті қолдауға арналған тиімді бағдарламалардың арқасында біздің өңірде де кәсіпкерлік жақсы даму үстінде. Соңғы 11 жылдың ішінде бизнес 1 триллион 800 миллирад теңгенің өнімін шығарды. Қысқаша айтқанда, бүгінгідей форум өңір бизнесін дамытуға үлкен әсер етпек,–деп түйіндеді форум соңынан ақпарат құралдары өкілдеріне берген шағын сұхбатында Малгаждар Тәткеев.

Серік САПАРҰЛЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар