Сотталған адамдардан келтірілген зиянды өндіріп алу тәртібі

Соңғы жылдары қылмыспен келтірілген залалдың өсу үрдісі байқалады. Есептік деректерге сәйкес сотталғандардың 80 пайызында сот үкімі бойынша сот талаптары бар, алайда, өндіріп алу борышкерлердің тек 56 пайызында ғана жүргізілген.

ҚАК-нің 122-бабының талаптарына сәйкес сотталғандардың жалақысынан, зейнетақысынан, жәрдемақыларынан және өзге де табыстарынан атқару парақтары немесе басқа да атқару құжаттары бойынша сомаларды ұстап қалу көрсетілген табыстардың жалпы сомасының 50 пайызынан аспайтын мөлшерде жүргізіледі. Ұстап қалғаннан кейін қалған сома ақшаны уақытша орналастырудың бақылау шотына аударылады.

Айта кету керек, барлық сотталғандар ақылы жұмыспен қамтамасыз етілмеген, дегенмен, көпшілігінде ақшаны уақытша орналастырудың бақылау шоттары бар.

Көп жағдайда сот орындаушылар атқару парақтарын тек сотталғанның жалақысынан ұстап қалу үшін жіберумен шектеледі. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның  32-бабының нормаларында көзделген атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар (сотталғанның не өзге жеке немесе заңды тұлғалардың ақшасы мен бағалы қағаздарын қоса алғанда, борышкердің мүлкіне тыйым салу арқылы) қабылданбайды.

Жекелеген сотталғандардың тарапынан атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша шектеулердің болмауы салдарынан дүкендерден тауарлар сатып алуға үлкен сома жұмсалып жатыр.

Мысалы, сотталған Б. 938 978 теңге сомасында талап қою өндірісі бола тұра (51 651 теңге ғана өтелді) 2020-2021 жылдары бақылау шоты арқылы 425 530 теңге жұмсаған, яғни, бұл талап қою сомасының жартысы. Осыған ұқсас фактілер басқа сотталғандарда да бар. Негізінен, сотталғандардың осы табыстары туыстарынан келген ақша аударымдарынан тұрады. Жазаны атқарушы органдар заңның 98-бабына сілтеме жасай отырып, туыстарының көрсетілген ақша аударымдарын өндіріп алмайды.

Дегенмен, ҚАК-нің 115-бабының нормаларына сәйкес сотталғандар тамақпен, бірінші кезекте қажетті заттармен, жеке жатын орындармен және төсек-орын жабдықтарымен, жынысы мен климаттық жағдайлар ескеріле отырып, маусым бойынша киіммен, іш киіммен және аяқ киіммен бюджет қаражаты есебінен, яғни, мемлекеттің материалдық қамтамасыз етілуімен қамтамасыз етіледі және материалдық көмекке мұқтаж емес.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Ақмола облысы прокуратурасының бастамасы бойынша «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32, 55-баптарына сәйкес сот орындаушысына атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында бас бостандығынан айыру орындарындағы қылмыстық жазасын өтеп жатқан сотталған борышкерлердің шотына өзге адамдардан түсетін ақшалай қаражатты өндіріп алуға тыйым салынбайтыны туралы түсініктеме берді.

Қазіргі уақытта аталған жұмыс Ақмола облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде жүргізілуде.

Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар