Ауылдың жағдайымен жиналдық

Амангелді ауылы Ақкөл ауданының орталығы Ақкөл қаласынан солтүстік батысқа қарай отыз шақырымдай жерде. Ауылдың орналасқан жері, табиғаты өте әдемі. Ауылдың айналасы қалың орман, жанынан Талқара өзені ағып жатыр. Жері шұрайлы. Ауылда алпысқа тарта отбасы тұрады. Ұлттық құрамы – басым көпшілігі қазақтар, татарлар бар, екі-үш отбасы ингуштар.

Кеңес Одағы тарқағаннан кейін шаруашылық бытырап, көпшілігі жұмыссыз қалды. Соның салдарынан біраз жұмыс жасындағылар қоныс аударды. Ол кезде ауыл өзеннің арғы бетінде болғандықтан, жол қатынасы да нашар еді. Былтыр аудан басшылары көпір салғызып берді. Қазір жол қатынасы жақсарды. Ауылда біраз үйлер бос тұр.

Біздің ауыл да солтүстік өңірлердегі шағын ауылдардың күйін кешіп отыр. Екі қабатты мектепте небары отыздан аса ғана бала оқиды. Мектеп негізгі мектептер қатарына жатады. Мектеп жабылса, ауыл да жабылады деген оймен бұдан екі жыл бұрын ауылдың белсенділері жиналып, жоспар құрмақшы болғанбыз.

Оған мына пандемия кедергі жасады. Содан коронавирус саябырлаған соң мамыр айының ортасында жиналып, кездесу өткіздік (суретте). Кездесудегі негізгі мәселелер ауылға баласы көп ата-аналарды тарту, медпункттің жұмысын жақсарту, банкіден есепшот ашып, қаржы жинау.

Ақкөлдегі балалар үйінің директоры Ботагөз Абдрахманқызы сексен баланың бар екендігін, балалар үйін жабу мақсатында балаларды таратып беру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатқандығын, оған қандай құжаттар қажет екендігін тілге тиек етті.  Кездесуге қатысушылар бір-біріне ұсыныс та жасап жатты. Бір мұғалім жұбайы екеуі ғана тұрады екен, үйі үлкен, жағдайы бар, оған да ұсыныс айтып жатты.

Ауданның білім бөлімінің жетекшісі Келешек Әшімов негізгі мектеп болу үшін қанша бала керек екендігін түсіндіріп берді. Негізі, бұл мәселені шешуге болатындығына көзіміз жетті. Құтты қонақ келсе, қой егіз табады демекші, біз кездесу өткізіп жатқанда ауылға бес баласы бар отбасы келіп, үй алмақшы болғанын хабарлап жатты. Ауылымыздың белгілі кәсіпкері Сағындық Ибраев мал өсірумен айналысады.

Ол жайылымдық жердің жетіспейтіндігіне тоқталды. Аудан әкімінің орынбасары шешуге тырысамыз деген ойын жеткізді. Ауылымыздың  беделді азаматының бірі Сағындық Шәкірұлы жиналған қаржыдан көп балалы отбасының тәуір оқитын  баласы жоғары оқу орнына барамын десе көмектесуіміз керек деген ойымен бөлісті. Менің ұсынысым, қаржы жинауда кім қалай болса, солай шешпеу керек.

Тұрақты түрде, мысалы мен зейнеткермін, менің айлық табысым белгілі, содан ай сайын белгілі бір бөлігін салып отыруым керек. Жылына бір рет жиналып, алдағы жұмыстарға жоспар кұруымыз қажет. Соған  бес адамнан комиссия құрдық. Комиссияның төрағасы Құрмантай Смағұлұлы Жұмабеков (ұялы телефоны 87011515650). Жоспар құрылды, қорытындысы қалай болады, алда көреміз. Ең бастысы, ауылымызға осы жанашырлығымыздың елді мекенді, мектепті сақтап қалуға бір септігі тисе, нұр үстіне нұр.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

Ақкөл ауданының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар