Генерал ағасының жолымен

Бұзылық ауылының тумасы Жиенбек Серіков полицияда қызмет атқарып, офицер шенінде құрметті еңбек демалысына шығамын деп ойламапты.

1991 жылы Таулы Қарабахта қаза тапқан ағасы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің генералы Сайлау Серіковтің атындағы №145 орта мектепті бітіргеннен кейін Моңғолияда зениттік-ракеталық әскерлер қатарында Отан алдындағы қызметін өтеді.

Одан әрі комсомолдық жолдамамен Есіл аудандық ішкі істер бөліміне партульдік жол қызметінің инспекторы болып орналасты. Қарағанды жоғары милиция мектебін бітірген соң тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай мемлекеттік тергеу комитетінде тергеуші болды. Бұл құрылым қысқартылған соң жоғалған автокөліктерді іздестіру жөніндегі инспектор жұмысына ауысты.

–Моторларының нөмірлерін өзгертіп, қосалқы бөлшектерге бұзып тастаған жағдайлар болса да, іздестіріп, тауып жүрдік,–деп еске алады сол кезді полиция ардагері. –Бұл істе бізге сарапшылар мен криминалистердің көмегі де зор болды.

Жиенбек Серіков соңғы жылдары Есіл аудандық жол қозғалысының аға мемлекеттік инспекторы, МРЭО бастығы қызметтерін атқарды. Ал, зейнет демалысына шығар алдында аудандық ішкі істер бөлімі бастығының кадрлар бойынша орынбасары болып еңбек етті. Зайыбы, медицина қызметкері Жанар екеуі үш бала тәрбиелеп, өсірді. Олар да бүгінде ел игілігі жолында жемісті қызмет атқаруда.

Бірі сот орындаушысы, бірі қылмысты іздестіру қызметінің шұғыл уәкілі, ал, үшіншісі мемлекеттік қызметші. Полиция органдарында ширек ғасырдан астам еңбек еткен ардагер бүгінде өзінің бай тәжірибесін жастарға үйретуімен бірге, немерелеріне де жеткілікті көңіл бөледі. Өйткені, оларды да өсе келе, Отанымыздың лайықты азаматтары ретінде көргісі келеді.

Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суретті түсірген автор.

Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар