— Қазақстан халқы 2050 жылға қарай 27 млн-нан асуы мүмкін. Бұл туралы болжамды Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық жасаған талдауға сәйкес, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20,8 млн — нан (теріс сценарийде) 21,5 млн-ға дейін (оң сценарийде), ал 2050 жылға қарай 23,5 млн-нан 27,7 млн-ға дейін болуы мүмкін.
«Бұл ретте, егер өлім мен туу көрсеткіштері 2021 жылғы деңгейде, ал сыртқы және өңіраралық көші-қон 2017-2021 жылдардағы орташа мәнде сақталса, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20 млн 958 мың адамға, ал 2050 жылға қарай – 27 млн 192 мың адамға жетеді», – деп атап өтті ЕРДО Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.
Оның мәліметінше, 2030 жылға қарай орталық сценарий бойынша халық саны Нұр-Сұлтан қаласында – 420 мың адамға немесе 33% — ға, 1,7 млн адамға дейін, Алматы қаласында – 414 мың адамға немесе 20% — ға, 2 млн 466 мың адамға дейін, Шымкент қаласында – 369 мың адамға, немесе 32% — ға, 1,5 млн адамға дейін өседі.
Бұдан басқа, Түркістан облысында халық саны 207 мың адамға, Маңғыстау облысында – 170 мың адамға, Алматы облысында – 145 мың адамға ұлғаяды. Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарында халық санының қысқаруы күтілуде.
2050 жылға қарай, ЕРДО сарапшыларының есептеріне сәйкес, болжамның орталық нұсқасын алып қарайтын болсақ өсу бойынша көшбасшы Шымкент қаласы болады, оның халық саны 1 млн 679 мың адамға артып, 2,8 млн адамға жетеді немесе 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артады. Нұр-Сұлтан қаласында өсім 1 млн 634 мың адамды құрайды, бұл 2,3 есе өсімге, 2,9 млн адамның көрсеткішіне сәйкес келеді. Алматы қаласында тұрғындар саны 3,5 млн адамға дейін немесе 1,4 млн адамға (2022 жылға қарай+69%) өседі. Маңғыстау облысында халық саны 820 мың адамға өседі, соның салдарынан өңірдегі халық саны 1 млн 571 мың адамды құрайды.
«Біздің болжамымыз бен БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің жаңа демографиялық болжамы ұқсас және сценарийге байланысты халық санының 2030 жылға қарай 20,8 млн-нан 21,5 млн адамға дейін, ал 2050 жылға қарай 23,5 млн-нан 27,7 млн-ға дейін өсуін болжайды», – деп бөлісті Дмитрий Шумеков.