Жанкүйерлер көңілінен шыға алмады

Футболдан Қазақстан Республикасының бірінші тобында сынға түсіп жүрген Көкшетаудың «Оқжетпесі» біріншіліктің 14-ші турында Астананың «Жеңіс» футбол клубын қабылдап, 1:1 есебімен тең түсті. Бұл жолы жанкүйерлер өз болжамдарымен жеңісті алдын ала жерлестерімізге беріп қойған еді. Өйткені, соңғы ойындарда өз алаңында, сырт алаңда болсын, қатарынан бес рет жеңіске жетіп, қарсыластарының мысын басумен болған «Оқжетпес» турнир кестесінің соңынан санағанда төртінші орында келе жатқан «Жеңісті» оңай ұтып кетердей көрінген.

Бірақ, іс жүзінде олай болмады. Негізінен, жастар ойнайтын астаналық клуб ойын басталғаннан-ақ «оқжетпестіктерге» оңай дес бере қоймағаны көріне берді. Ойынға байыппен зер салған жанкүйерлерге қонақтардың қатарындағы бірқатар футболшылардың техникалық шеберліктері де жаман емес екені, жеңіске деген жігерлерінің де мықтылығы айқын сезіле түсті.

Ал, жерлестеріміз болса, бұл жолы неге екені белгісіз, соңғы ойындарда көрсете алған қарымдылықтарын таныта алмай, көбіне-көп стадионға жиналған көпшіліктің сын-ескертпелеріне ұшыраумен болды. Ойыншылардың алға емес, артқа доп тастаулары, доп үшін күреспей, состиып тұрып қала берулері үлкен-кішінің патша көңілдеріне көп ұнай қойған жоқ. Соның салдарынан кей тұстарда жанкүйерлер дауысы қатты шығып, кейбір ойыншыларымыздың сасқалақтаған кездері де болмай қалған жоқ.

Ал, оқжетпестіктер ойын тізгінін өздеріне беріп қойған қолайлы мүмкіндіктердің бірін шебер пайдаланған астаналықтар болса, есепті де тез ашты. Кездесудің і 20 минутына қарай олар біздің қақпаға бір доп салып, алда келе жатты. Осы арада айта кетсек, өткен 12-інші  турда Алматының «Қайрат-Жастар» командасы да өз алаңымызда «Оқжетпеске» тегеурінді қарсылық көрсетіп, бір доп басымдылығымен ғана ұтылып қалуға мәжбүр болып еді. Бұл жолы да «Жеңістің» жастары «Оқжетпес» футболшыларына еркін көсіліп ойнауларына мұрсат бермей, ара-арасында батыл шабуылдаумен болды.

Әйтеуір, бір қуанарлығы, қонақтардың голынан кейін біздің ойыншылар да кезекті шабуылдарының бірін оңтайлы пайдаланып, қарсыластар қақпасына гол салып үлгерген болатын. Бұл ретте команданың №7 жартылай қорғаушысы Драченконың атын ілтипатпен ауызға алуға болады. Ол қақпа алдындағы қарбаласта баспен допты қақпа торына енгізіп жібермегенде, есептің қандай болары әлі белгісіз еді. Өйткені, ойын соңына дейін ауыр қозғалып, сол жалғыз голдан әріге бара алмаған «Оқжетпес» ақыры, жастарға тең ойынды беріп тынды. Тіпті, ойын аяғына қарай, «Жеңіс» клубы екінші голды соғып кетпесе екен деген қобалжудың да бой көрсетпей қоймағанын несін жасырайық.

Осы тең ойынға қарамастан, «Оқжетпес» бұрынғысынша турнир кестесінде топ бастап келеді. Команданың бүгінге дейін 31 ұпайы бар. Екінші орында келе жатқан Түркістанның «Қыранының» біздің жерлестерімізден екі ұпайы кем. Ал, Қызылорданың «Қайсары» 22 ұпаймен үшінші орында тұр. Жоғары топқа берілетін жолдама осы клубтардың арасында сарапқа салынатыны анық. Екінші айналымына ойысқан чемпионатта «Оқжетпестің» шабуылшысы А.Болов 12 допен сұр мергендер көшін бастауда. Соңғы ойында ол жасыл алаңға шыққан жоқ. «Оқжетпестің» ауырлау ойынын бір есептен клубқа Ресейден келіп өнер көрсетіп жатқан осы легионердің ойынға қатыспауымен де байланыстырғанымыз жөн сияқты.

«Арда ажарының» өз ақпараты.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар