Сахна саңылағы соңғы сапарға аттанды

Табиғатымен талайды тамсандырып, көркімен көзді арбаған, жұмақ мекен, киелі Көкшетау топырағынан  түлеген талай таланттың есімі елімізге әйгілі. Солардың бірі – теңдессіз өнер майталманы, Қазақстан  Республикасының халық әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Ақмола облысы Біржан сал ауданының құрметті азаматы, қазақ театр өнерінің ақ жаулықты анасы Роза Әшірбекова  85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Өнерге деген іңкәр жүрегін мейірім мен шапағатқа толтырған дара дарын 1938 жылы Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Бар ғұмырын театр өнеріне арнаған тағылымы мол тағдыр иесі 1960 жылдан бастап, табаны күректей  62 жыл  еліміздегі шоқтығы биік өнер ордасы  – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет атқарды.  Сахна өнеріне деген мөлдір махаббатына дақ түсірмеген атақты актрисаның қазасы туған топырағы Көкше жұртының ғана емес, күллі қазақтың қабырғасын қайыстырып, мұңға батырды. Сан жылдық ізденісімен ізгі образдар жасап, көрерменнің көзайымына айналған актрисаның  есімі жаны жайсаң жанашыр халқының есінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өзі қызмет істеген Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті.  Роза Әшірбекованың қазасын естіп, туған жері Ақмола облысы, Көкшетау елі атынан арнайы барған Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ермек Нұғыманов пен Шахмет Құсайынов Ақмола атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры басшысының міндетін атқарушы, және кино актері, мәдениет қайраткері Жарас Қалдаров марқұмның туған туыстары мен қызметтес әріптестеріне көңіл айтып, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың көңіл айту жеделхатын табыс етті.

–Өнер айдынында өзіндік өрнегі бар актрисаның 80 жылдық мерейтойында дәл осы сахнада тұрып, Көкшенің ерке қызына халқының ықылас-пейілін жеткізіп, өскен елі «Біржан сал ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін табыстаған едік, ал, бүгін дәл осы сахнада әпкемізбен бақұлдасу жазыпты. Жақсы адамның жаны жәннатта болсын, – деді Көкшетау халқы мен Ақмола облысы әкімінің атынан арнайы сөз сөйлеген Ермек Нұғыманов.

Роза Әшірбекованы соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде өнердегі замандас, әріптестері, Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов «Қазақстан театр қайраткерлері» одағы атынан марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Халық әртісі Досхан Жолжақсынов пен сахналас әріптесі Кәдірбек Демесін де сөз алып, естеліктерімен бөлісіп, атақты актрисаның шығармашылық жолына тоқталды.

Роза Әшірбекованың қазақ мәдениеті мен театр өнеріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Шынайы суреткерлік пен шырайлы сезімді ұштастырып, адам болмысының сан қырлы қатпарларын сахнадан бейнелеп, фәни жалғаннан өткенше халқының ыстық ықыласы мен көрермен қошеметіне бөленген  ізгі жүректі,  ақ ниетті ананың аты мәңгі жаңғырып тұрары сөзсіз. Анамыздың ойнаған рөлдері бегзада өнердің бір биігіндей аңызға айналып, көрермен көкейінде сақталары анық.

Актрисаның алғашқы рөлдерінің бірі – Бәкір Тәжібаевтың «Қарагөз қарындасым» спектакліндегі Анна бейнесі. Театр сахнасында сомдаған Ләззат (Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында»), Хадиша, Сейде (Ш.Айтматовтың «Арманым Әселімі» мен «Бетпе-бетінде»), Шафақ (М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде»), Гертруда (У.Шекспирдің «Гамлетінде»), Гиацинта (Мольердің «Скапеннің айласында»), Аркадина (А.Чеховтың «Шағаласында»), Клеопатра Львовна (А.Островскийдің «Адам аласы ішіндесінде»), тағы басқа рөлдері Роза Әшірбекованың кәсіби шеберлігін танытып, қазақ сахна өнері тарихындағы шоқтығы биік бейнелерге айналды. Жан-тәнімен театр өнеріне бар ерік-жігерін арнаған Көкшенің көктем келбетті көрікті қызының  есімі қазақ руханияты мен мәдениетінің өр биігінде тұрмақ. Өмір қысқа болса да – өнер мәңгі! Актрисаның театр өнерінде қалдырған ізі өшпес алаудай маздай бермек!

 Манарбек ҚЫДЫРБАЙ,
Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар