Музей қорына ақынның мұралары тарту етілді

Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейінде Марфуға Бектеміроваға арналған еске алу кеші болып өтті. Марфуға апамыздың жан жары, мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, ақын Есенгелді Сүйінов ағамыз ақын апамыздың көзі тірісінде өзі пайдаланған жеке заттары мен қолжазбаларын, кітаптарын, бір сөзбен айтқанда ақынның мол әдеби мұрасын музей қорына табыс етті. Тағылымы мол танымды шараға Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғалымдары, ақындар, музей қызметкерлері қатысты.

Атап айтсақ, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы-ғалым Сәбит Жәмбек, философия ғылымдарының PhD докторы, ақын Ерболат Баят, республикалық, халықаралық поэзия байқауларының, мүшәйралардың жеңімпазы, Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Алмас Темірбай қатысып, сөз сөйледі. Жиынды музей қызметкері Гүлзайра Сәбитова жүргізіп отырды. Есенгелді Сүйінов ағамыз сөз бастап сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

– Биыл Марфуғаның өмірден өткеніне 9 шілдеде тоғыз жыл толып отыр. Ол өмірден ерте кетсе де соңында мол әдеби мұрасын қалдырған жан. Марфуға өте еңбекқор болатын. Ол мөлдір жырымен жырсүйер қауымның жүрегінен орын алған ақын ғана емес, жампоз журналист, аудармашы еді. Бір ғана мысал, Анна Ахматованың өлеңдерін аударумен он жыл бойы айналысты. Нәтижесінде 4 баспа табақ кітапқа жүк болардай үлкен еңбек қалдырды.

Ақтық демі біткенше халқына қалтқысыз қызмет етіп, еліне өшпес мол мұрасын қалдырып кетті. Сол мұраны халық игілігіне айналдыру абыройлы парызымыз деп есептеймін. Музей қорына Марфуғаның кітаптары мен қолжазбаларын, жеке заттарын тапсыру көптен бері ойымда жүрген бір игі іс еді. Бірақ, өздеріңізге мәлім, пандемия салдарынан көптеген жоспарлар жүзеге аспай қалды. «Ештен кеш жақсы» деген. Бүгін орайы келіп, осы іс жүзеге асуда.

Заман талабына сай жаңарған әдебиет және өнер музейін көріп, көңілім тасып отыр. Жылылық тұнған рухани ордаға айналған екен. Көкшетау ежелден құт қонған, қасиет дарыған киелі өлке. Атақты Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіп Құтпанұлы сияқты қазақ елінің мақтанышы саналатын сал-серілер туған өңірде сөз қадірін білетін өнер саңлақтарының көбірек болуы заңды да.

Өнер жолында өзіндік өрнек қалдырған жандардың еңбегін өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыру керек. Осындай игі істің басы-қасында жүрген музей ұжымына алғысымды білдіремін, – дей келіп, ол Марфуға Бектемірованы еске алу шаралары аясында өтетін бірқатар жоспарланған іс-шаралар туралы да тарқатып айтып өтті. Мәселен, таяуда Нұр-Сұлтан қаласында ол тұрған үйге мемориалды тақта орнатылмақшы. Сонымен қатар, Ташкент қаласында поэзия кеші өтеді деп жоспарланса, биылғы жылдың қыркүйек айында Алматы қаласында дәл осындай жыр кеші ұйымдастырылады екен.

Кеш барысында Есенгелді Сүйінов ағамыздың Марфуға Бектемірова жайлы жазған «Қызғалдақ-ғұмыр» деп аталатын кітабы туралы да жақсы пікірлер айтылды. Иә, жалғанда жаныңды ұғатын жанашырың, іздеушің болғанға не жетеді. Осы орайда, ақын Марфуға Бектемірова апамыздың мол мұрасын кейінгіге өлмес өнеге етіп қалдыруды мақсат етіп, осы жолда аянбай тер төгіп жүрген Есенгелді ағамыздың есіл еңбегін атап өтсек орынды-ақ.

Еске алу кешінде сөз сөйлеген әдебиетші-ғалым Сәбит Жәмбектің осы кітапта Марфуға Бектемірова туралы «Мақпал жырдың жампозы» атты тақырыпта жазған мақаласы жарияланған екен. Ғалым өз сөзінде поэзия әлемінде өзіндік орны бар Марфуға Бектемірованың еңбектерін алдағы уақытта ғылыми айналымға түсіру керектігін баса айтты.

– Қазақ поэзиясының көгінде өзінің жылуы мол шуақты жырларымен, сазды да назды, жүрек тебірентер жан дірілі мол, ойлы да парасатты, сезімге мол сыршыл өлеңдерімен жырсүйер қауымның көңілінен шыққан талантты ақындарымыздың бірі – Марфуға Бектемірова. Шын таланттардың еңбектері терең зерделеуді қажет етеді деп ойлаймын.

Алдағы уақытта Марфуға Бектемірованың шығармашылығын жастар зерттеп, оны ғылыми айналымға шығарса нұр үстіне нұр болар еді, – деді ғалым. Бұл ойды ақын Ерболат Баят ағамыз да қуаттап, Марфуға Төлеуханқызының туған өңірі де оның шығармашылығын кеңірек насихаттап, облыс орталығы Көкшетау қаласында бір үлкен әдеби кеш ұйымдастырылуы керектігін баса айтты. Еске алу кешінде ақын Алмас Темірбай да сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

Балалық шағы көрікті Бурабайдың баурайында өткен, жастайынан «домбырашы қыз» атанған, мектеп қабырғасында оқып жүргенде небәрі он төрт жасында «Аққуым менің, қайдасың?» деген өлеңімен елді елең еткізген ақын қыздың қызғалдақ ғұмыры кімді болмасын тәнті етпей қоймайтыны анық. Ақынның жан дүниесіне тереңірек үңілу үшін біз әрине, алдымен оның өлеңдерімен сырласамыз.
Тәтті ұйқысын тербетіп ұйқыдағы төренің,
Туласам да толқын боп тағдырыма көнемін.
Ақын болған әйелмін, сәби сүйген анамын,
Бір қолымда өлеңім, бір қолымда бөбегім, –
деп жырлаған ақын Марфуға Бектемірованың өлеңдерінде нәзік сыршылдық пен жүрек тебірентер сырлы лиризм тұнып тұр. Оқи отырып, ой түйесің, еріксіз иланасың, сенің де жүрегің нұрға шомып жатқандай күйге бөленесің.

Ана деген қасиет, ана деген шексіз сұлулық қой. Ал, ақынға ана болу оңай ма? Ақын Қадыр Мырза-Әли «Ақын ана» деген өлеңінде былай дейді.
Сыр арнасын басқанменен қой тастар,
Сәйгүлік боп көңіл шіркін ойқастар.
Күні бойы
Қазан-ошақ босатпай,
Түні бойы
Ұйықтатпайды ұйқастар…
Иә, ақын болу – нардың жүгін көтеру. Ал, ақын болған әйелге нардың да жүгі, жардың да аманаты артылған. Анығы – ақын әйел үшін отбасы да, өзегін жарған өлеңі де ыстық. Адал жар, ардақты ана, халқыңның аяулы қызы бола білу кез-келген ақын қыз үшін арман ғой. Сол арман үдесіне шығып, ел жүрегінен орын алған Марфуға Бектемірованың есімі еш ұмытылмайды. Халық ақын Марфуға қызын сағынып жүр. Сұлулық тұнған, мөлдір сезіммен әспеттелген әдемі жырларынан рухани қуат алып, мауқын басқан жырсүйер қауым әлі талай сағынатыны да хақ…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар