Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазағымыздың тойлары қалай өтіп жатыр?.. - АРҚА АЖАРЫ

Қазағымыздың тойлары қалай өтіп жатыр?..

Біздің ата-бабаларымыз ерте заманнан бері тойға аса мән беріп, оның қызықты өтуіне көңіл бөліп, неше түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырып, ат шаптырып, көкпар тартыстырып, қыз қуу, палуандар күресі, алтыбақан, тағы басқа осы сияқты ойындарды ескеріп отырғандықтан, «отыз күн ойын, қырық күн тойын» деген сөз қалса керек. Одан кейінгі кезеңдерде жоңғар, қалмақтардың соғысы, ашаршылық жылдардағы Голощекин мен Мирзоянның қолдан жасаған жауыздығы халқымыздың аштан қырылуына әкеліп соқтыруының салдарынан той тойламақ түгілі, бас сауғалауға мәжбүр болдық.

Тек 1960 жылдардан кейін ғана халықтың жағдайы сәл жақсарып, тойлар өткізіле бастады. Алғашқыда үйлерде өтіп, кейінірек қонақтардың санына қарай үлкендеу орындар қажет болып, қалада ресторан, ауылдық жерлерде асхана, клубтарда, мектеп асханаларында өтіп жатты. Қазір халқымыздың жағдайы едәуір жақсарып, тойханалар көбейіп жатыр. Ал, сол тойханалардағы тойлар қалай өтіп жатыр?

Соған бір зер салып көрсек, мен біраз ауылдық, аудандық, қалалық тойханалардың айырмашылықтарын айтсам деп едім. Ауылда асаба көбіне «Ямаха» аспабымен ән айтып, би билетіп, көңілді өткізеді десем де болады. Кейбір аудандық тойханада көргенім асабалардың көбі жас жігіттер, мәдени сауаттылығы аз екені бірден байқалады. Асаба көбіне шет елдің музыкасын қосып, тек жастарды билетіп, басқаларға онша көңіл бөлмейді. Музыканың дауысын өте қатты шығарып, онымен бірге бір сөніп, бір жанып, жыпылықтап тұратын жарықты қосып, көзді аша алмай, құлақты жауып отыруға мәжбүр етеді.

Тойхананың акустикасы көбіне-көп дұрыс емес. Кейбір білетіндердің айтуынша, қытайдан шыққан жыпылықтататын сәулелер адамның көзіне зиян көрінеді. Суретке түсіретін фотографтардың бірнешеуі отырған үстеліңе келіп, сұрамай-ақ суретке түсіріп жатады. Сөйтіп, олардың да жап-жас болып,  бесіктен белдері шықпай жатып қуғандары ақша екені көрініп қалады. Отау құрып жатқан жастардың  суреттерін үлкен рамкаға орналастырып, екі жақтың ата-аналарына әкеліп, бірнеше мың теңгеге ұсынып жатқандары. Олардың қалтасы мұны көтере ме, жоқ па, онда жұмыстары жоқ. Өйткені, ұялса да алатынын біледі.

«Дәнікеннен құныққан жаман» дегендей, керек адам суретке түскісі келсе, өздері-ақ суретке тапсырыс берер еді ғой. Сондай әдепті неге сақтамасқа? «Балық басынан шіриді» демекші, жоғарыдағы бастықтардың өзі жеп жатқан соң, өзге пысықайлар да сондайға көшкен. Әйтеуір, біреуді алдап соғу салтымызға айналып кеткен сияқты. Кейбір асабалар тек жұртты күлдірсем болар дегендей, неше түрлі ерсі әрекеттер ойлап табады. Айтып салмай, соған шыдап отыратын өзіміз де кінәліміз. Той иесінен ұят болар деп жалтақтайтынымыз да бар. Бұрын билердің көбісі вальс, танго, фокстрот болып келетін. Атаулары орысша болғанымен, би билеу де мәдениетті түрде өрбитін.

Рас, осы күндері көптеген тойханаларда Нұрболат Абдулиннің «Вальс» әні мен Шәмші Қалдаяқовтың әндері жиі орындалып жүр. Шәмшінің әндерінің көбісі вальске арналғандықтан, «Вальс королі» деп атаушы еді. Сол кездері «шіркін, Шәмшінің әндері-ай!» деген сөздерді жиі естуші едік. Жақында Президентіміз Қ.К.Тоқаев Ш.Қалдаяқовқа «Қазақстанның еңбек ері» атағын беріп, композиторлығы лайықты бағасын алды. Тойханаларда шетелдің музыкасынан гөрі, өзіміздің осындай композиторларымыздың әндері шырқалса, қандай тамаша. Онымен әсем билеуге де болады. Буын биі «Қара жорға» биленсе, көп пе?! Әсіресе, «Жігіттер» тобының «Жеңеше» әнінің сөздері жас келіндерге насихат ретінде жазылғандай.

Мысалы, «Әңгімесі ауылдың, жеңешемнің мінезі, Ағайын мен бауырдың сәні бір өзі» деп келетін әннің музыкасы да көрерменді бірден баурап алып, орындарынан еріксіз тұрғызып, билетіп жібереді. Кейбір той иелері халал той өткізіп, ішімдіктің орнына дастарханға қымыз қойып жатады. Бұл да бір құптарлық іс және тойларда адам саны мен уақытын шектесе де дұрыс болар еді. Өйткені, ұзаққа созылатын тойлар адамды шаршатып, жалықтырып жібереді. Музыканың қатты дауысы, ығы-жығы халық, екі-үш күн өзі сол тойдан өз-өзіңе келе алмай, қалжырап қаласың. Әсіресе, бұл үлкен адамдардың басындағы жағдай. Тойдың сәнін білікті асабалар келтіреді десек, кез-келген асабаларды мұндай шараға тартпай, тиісті сынақтан өткізіп, қадағалайтын орындар  болса ғой деген тілек бар. Бір сөзбен айтқанда, тойханалар мәдениетті орынға, тәлім-тәрбие, ұлттық үрдістер орнына айналуы керек-ақ.

Роман САХИҰЛЫ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар