«Оқуға құштар мектеп» – аймақтық жоба

Осындай тақырыппенАқмола облысының білім беру ұйымдарында аймақтық жоба іске асырылуда. Оның аясында мектеп кітапханаларының барлық қызметі кітап пен оқуды ілгерілетуге, патриоттық тәрбиеге, оқу сауаттылығын, отбасылық оқуды қалыптастыру мен жетілдіруге, шығармашылық ойлауды дамытуға бағытталған.

Аймақтық жоба алты бағыттан тұрады.Тарқатып айтар болсақ, «Оқу сауаттылығын қалыптастыру және жетілдіру»  бағыты шеңберінде мектеп кітапханаларында виртуалды және дәстүрлі кітап көрмелері, кітапхана сабақтары, әңгімелесулер, дауыстап оқу сағаты, сүйікті кітаптардың тұсаукесерлері, әдеби кештер, сондай-ақ, «Кітапханаға кітап сыйла» акциялары өткізілуде. Бұл мектеп кітапханаларының қорын көркем және танымдық әдебиеттермен толықтыруға мүмкіндік береді.

Ал, «Оқу өзін-өзі тану тәсілі ретінде» бағытында оқушы балалар арасында мектеп сайыстары, кездесу кештері, ерлік сабақтары, суреттер көрмесі  ұйымдастырылып, медиа-журналдар мен жадынамалар жасалады. Ұсынылған тақырыптық әдебиеттер тізімімен «оқуды ұсынамын» онлайн шолулары жасалады.

«Заманауи отбасылық оқу дәстүрлері» бағытында  акциялар, театрландырылған қойылымдар өткізіледі, кітаптар бойынша буктрейлерлер, интерактивті викториналар, дайджесттер құрылады, ақпараттық стендтер жасалады.

«100 кітап» бағытының оқушы балаларға берері мол. Мәселен, ұсынылатын  әдеби шығармалар мобильдік көрмелердің QR кодтары арқылы ұсынылады. Яғни, заманауи технологиялар арқылы оқушының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру болып табылады.

Жоба аясында жүзеге асырылатын тағы бір бағыттың бірі – «Оқу уақыты: барлық пәндер арқылы оқу» деп аталады. Бұл бағытта әр түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіледі. Мысалы,  Google нысандарындағы кітаптар бойынша онлайн-викториналар, театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, буклеттер шығарылса, «Қалам үлгісі» бағытындаоқушылардың өз шығармалары насихатталып, әдеби кейіпкерлермен арт-кездесулер ұйымдастырылады, сондай-ақ, ұлтымыздың төл мерекелері атап өтіледі.

– «Мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасын дамыту» бағытындабілім мекемелеріндегі кітапханаларының материалдық базасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, көркем әдебиет сатып алу, кітап қорын толықтыру көзделген. Осыған байланысты өңіріміздегі мектеп кітапханалары компьютерлік техникамен, көпфункционалды құрылғылармен, принтер-ксерокстармен және сканерлермен жабдықталуда, –  деп атап өтті облыстық білім басқармасының әдіскері Анар Қалауиденова.

Мысалы, 339 мектеп кітапханаларында МАРК-SQL жүйесі орнатылған, Бурабай ауданы мен Көкшетау қаласының 7 мектебінде КАБИС автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйесі орнатылған, Ақкөл қаласының 4 мектебінде “Е-кітапхана” жүйесі жұмыс істейді екен.

Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. 2022 жылы мектеп кітапханаларының қорын толықтыру және жаңарту мақсатында әр түрлі жанрдағы, сондай-ақ, әр түрлі жас санатындағы оқушыларға 66 мың дана көлемінде көркем әдебиет сатып алу жоспарлануда.

Білім беру ұйымдарының кітапханаларын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру мақсатында Ақмола облысының білім басқармасы оқушылар арасында Оқу мәртебесін арттыру және оқу сауаттылығын дамыту бойынша «Оқу мектебі» өңірлік жобасын әзірлеп, бекіткен болатын.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар