Нияз би Тілеуліұлына қашан құрмет көрсетіледі?!

Негізгі мамандығым бойынша ҚазМУ-дің тарих факультетін өткен ғасырдың жетпісінші жылдары үздік бітірген тарихшымын. Содан бергі саналы өмірімде қазақ елінің сан қилы замандарда басынан өткерген тарихи кезеңдері жайлы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және тағы басқа елдердің мұрағаттарында сарымайдай сақталып келе жатқан құжаттардағы деректер негізінде 40-қа жуық тарихи жинақтарды жарыққа шығарған қаламгер де болып жүрген жайым бар. Өзім Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының байырғы мүшесімін.

 Сол жинақтардың бірінде мен жазған Нияз би Тілеуліұлының заманында Абылай ханның бас билерінің бірі болғаны, тапқырлығы мен әділдігіне тәнті болған Абылай оны хан дәрежесінде ұстап,өзіжорықтарда болған кездерінде бар жауапкершіліктісеніп тапсырғаны жайлы академик Манаш Қозыбаевтың еңбегінде де айтылған. («Жауға шаптым ту байлап», Қазақстан 1994 жыл, 368-бет).

«Нияз Тілеуліұлы (1741-1790 жж.) Абылай ханның бас билерінің бірі. Тапқырлығы мен көріпкелдігіне риза болған Абылай Нияз би талантын жоғары бағалаған. Би өмірінің көпшілігін Қараөткелде, Көкшетау өңірінде өткізген. Зерттеушілер Ақмола (қазіргі Нұр-Сұлтан) атауының тарихын Нияз би қабірінің басына орнатылған ақ моламен байланыстырады»  (Т.Барақұлы, ҚҰЭ. 7-том. Алматы, 2005 жыл, «Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы»). Бұл туралы тағы басқа авторлардың жазба деректерінде де толық айтылады.

Нияз би Тілеуліұлының жаз жайлауы, қыс қыстауы Есіл өзенінің бойында болғаны, оның Қараөткел аймағын жайлағаны, сүйегі Қараөткел дөңесіне жерленгені, басына шошақ мола тұрғызылғаны, ол моласын ел бірте-бірте «Ақмола» атағаны жайлы Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың «Жеңіс жалауы» («Жалын» баспасы, 1978ж.) атты жинағында былайша баяндалады: «Балам, бұл қала алғаш салынғанда Қараөткел атаныпты, – деп бастады әкем әңгімесін, – Бұрынырақта осы аймақта Нияз деген бір бай жазда Есіл жағасын, осынау Қараөткел өңірін жайлағанын айтып жүретін еді көнекөздер. Сол Нияз бай Қараөткелде қайтыс болыпты. Қатты ауырып, төсек тартып жатқан бай балаларын шақырып алып:

–Сендер Қараөткелден шығаберістегі жалғыз дөңді жақсы білесіңдер. Егер мен олай-бұлай болып кетсем, денемді сол дөң үстіне жерлеңдер. Қызылқозыдан ақ қайрақ тасты жеткенінше тасып, басыма кесене салыңдар. Ұшарбасы биік болсын. Алыстан көзге түссе, өткен-кеткеннің дұғасы тиер, –депті.

Балалары әкесінің сол өсиетін орындап, ақ қайрақ тастан дөңес үстіне шошақ мола тұрғызыпты. Содан былайғы жерде сол маңайдан өткен жүргіншілер бұрынғыдай «Қараөткелден» келдік демей, «ақ мола» тұсынан келдік деп жиі айтатын болыпты. Осыдан барып, «Қараөткел» аты ұмытыла бастайды да, ол бірте-бірте «Ақмола» аталады. Міне, Ақмола қаласының атының өзгеруі осыдан. Атақты Иман-Жүсіпте:

Абылай аспас қазақтың сары белі,

Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.

Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас,

Аюлы мен Нияздың Қараөткелі,‒

деп жырлаған.

Нияз биге қатысты бір дерек Омбы облыстық мұрағаттар басқармасында кездесті. Онда былай деп айтылады:

«В 1868г. образована Акмолинская область. В Акмолинскую область вошло 5 уездов: Омский, Петропавловский, Кокчетавский, Атбасарский, Акмолинский. Центром Акмолинской области утвержден герб Акмолинск. Для Акмолинской области был утвержден специальный герб: на зеленом поле щита казахский над могильник бия уезда Нияз Тилеулыулы с полумесяцем.» (Личный фонд генерала-лейтенанта Г.Е.Катанаева1.2.фонд 366, ед.хр.488 Омск.обл.архив).

Кезінде қазақты қойша қырған Ресей патша өкіметінің адмиралы А.Колчактың кеңсесінің меңгерушісі болған генерал Г.Е.Катанаев Нияз би Тілеуліұлының Тайтөбедегі моласына қатысты осылай бейнелеген Ақмоланың 1868 жылғы гербін Ақмола облыстық әкімдігі, мұрағаттар басқармасы, Қосшы қаласының жаңа әкімдігі көзтартарлық жерге неге іліп қоймасқа деген пікір де тарихшы ретінде көптен бері көкейімде жүрген пікірлердің бірі.

Негізгі мамандығым тарихшы болған соң еліміздің тарихи тұлғаларын жарыққа шығарсам деген оймен талай жоғарғы органдарға хат жазумен, бірінен соң бірінің мазасын алумен келемін. Сарыағаш шипажайының нақ төріне Д.Қонаевтың, Қостанай қаласының дәл ортасына Қарақыпшақ Қобыландының 18 метрлік тұғырға ескерткішінің орнатылуы,тағы басқа біршама шаруалардың атқарылуына мұрындық болған жанмын. Халық Қаһармандары С.Нұрмағамбетов пен академик М.Әлиевтің басшылығымен академиялық жинақтар жарыққа шығып, оқырмандар назарына ұсынылды.

Ал, енді Абылай ханның бас биі болған Нияз биге келгенде бірін-бірі ауыстырған Ақмола облысының әкімдері мен олардың орынбасарлары, ономастикаға қатысты басшыларының жазбаша берген жауаптары Нияз Тілеуұлы республикалық тарихи тұлғалар тізіміне енгізілмеген деумен шектеліп келді.Осы ретте, сол басшылардың кезінде Ақмола облысының атауына Нияз Тілеуліұлы дүние салғанда балаларының әкелерінің басына тұрғызған-ақ кесенелерінің себеп болғанынан хабарлары жоқ деуге болмас.

Бұл арада, Ақмола қаласының, бүгінгі Ақмола облысы аталатын аймақтың Нияз Тілеуліұлының кесенесіне байланысты осылай аталғандығынан хабардар сол елді мекендейтін әрбір тұрғын үшін басты тарихи тұлға Нияз би Тілеуліұлы болып саналмай ма?!

Дегенмен, «Ештен кеш жақсы» дегендей, «Ақмола облысының Қосшы елді мекенінің «Лесная поляна» шағын ауданына Нияз Тілеуліұлының есімін беру мәселесі алдағы уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастырылатын болады» деп берген басшылардыңжазбаша жауаптары көңілге демеу болып отыр.

Қосшы елді мекеніндегі «Лесная поляна» аталатын шағын ауданға Абылай ханның бас билерінің бірі болған тарихи тұлғалар тізіміне енген Нияз би Тілеуліұлының есімін беру жөніндегі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым комитетінің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және археологиялық институты директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, т.ғ.д., профессор, республикалық Ономастикалық комиссияның мүшесі З.Е.Қабылдинов мырзаның арнайы жолдаған хаты да аяқсыз қалмас деген сенімдемін.

Өтеген ӘБДІРАМАН,
тарихшы, қаламгер, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі.

  Алматы қаласы.

Суретте: Ақмола облысының алғашқы гербі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар