Көркем кісі

Еран Құдысбекұлы туралы төгілтіп жазбасақ та, төңіректеп жазу бұрыннан ойда жүрген. Бір реті келмей-ақ қойды. Жамаймын деп, жыртып алудан да қауіптенетінің тағы бар. Оған қоса, өзі туралы мақтау сөзге әуестігі жоқ Ерекең де ыңғай бермеген соң, ығына оңай жығыла кетіп жүргенмін.

Еран аға туралы жазу жақсы адамды жазудан да қиын. Неге? Адамдықтың эталонындай көрінетін көркем кісі туралы сөз қозғау – бір жағынан саған сын, бір жағынан үлкен жауапкершілік. Мұндай адам туралы бос көлгірсіпберекет таппайтының өз алдына, өмірдің мәнін терең ұққан салиқалы да парасатты адамның кісілік келбетін кестелеймін деп отырып, оның ақық та сұлу жанын жаралап алуың ғажап емес. Олай дейтінім, жылтыр сөзден гөрі кісілік туралы тосын ойларыңды ғана қабылдайтын адам туралы жазып отырып ең алдымен өтірікке ұрынбауды уайымдап бітесің! Қымбат материалдан жасалған нәзік те әдемі шыны бұйымды қолыңа қобалжып ұстайтының бар. Дәл қазірсондай күй кешіп отырмын.

***

Ерекең биыл жетпіс жасқа толды. Жетпісті көрген де бар, көрмей кеткендер қаншама?! Даңғазалық пен дарақылықтан әркез бойын аулақ ұстайтын Ерекеңнің ұланасыр той жасауды жақтырмайтынын білсем де,шағын ортада атап өтер деп ойлағанмын. Оны да қош көрмепті. Есесіне, жетпіс жасқатолған ақпан айындаЕран аға адалынан жолықтырған асыл жары, өмірлік қосағы Мәрия екеуі қажылыққа барып қайтыпты. Сондықтан да, дінге фанатизммен берілмесе де, адамның бас парызымұсылмандықтың бес парызын орындау деп түсінетін Еран аға бұл жолы да тосын қылығымен қуантқаны – өз алдына бір әңгіме.

Еран Мағзұмовтың бойына адамға тән асыл қасиеттің бәрін үйіп төккен Жаратқанның жомарттығында шек жоқ. Одан ештеңені аямаған. Өмірдің биігіне жетелейтін өре берген. Парасат пайымы менлогикалық қарымға құрылатын тіршілігі тіпті бөлек. Айшықты ойын ат құлағын теңестіргендей әр сөзімен әдемі жеткізетін оның айтары көп азамат екені аузын ашқанынан аңғарылып тұрады. Жылы жүзінен жанының сұлулығын аңғармау мүмкін емес. Келісті тұлғасы мен жұмсақ қоңыр даусы да адами тұлғасын айқындай түседі.

Құдай оң қабағымен қараған адам Ерағадай болар! Кез-келгеннің көңілі салған жерден тола кететін кесек кісінің табиғатынан дұрыс жаратылғанына Алла разы болсын айта бергің келеді. Оның үстіне, жалпақ қазақ үшін жер жаннатындай көрінетін сексен көлді сұлу Көкшенің тумасын Жаратқанныңосылай кең келістіргеніне кейде таң қала беруден де қорқасың. Содан да болар, оның бойына жақсы мінез-құлықтықалыптастырғантекті ортаның қадір-қасиетін  айтуға ойысып кететінің бар.

Еран ағаны бұрыннан білетін адам болсын, жаңа танысқан адам болсын, оның жан сұлулығын ілкі сәтте сезіне кететіні де – тылсымдықтың тағы бір құдіреті. Сол сәтте сен көңілінің түкпіріне тыныштық орнаған адамды көресің. Таза жанында тепе-теңдік пен үйлесімділік салтанат құрған кісіні жазбай танисың. Бір анық: төрт құбыласы түгел шуаққа малынып тұрған Еран ағадан мін табу қиын. Себебі сол, періште қасиеті молынан құйылған оның бойынан адамға деген адалдықтың жұпар иісі аңқып тұрады.

Дәл осындай қасиет көп адамда кездесуі мүмкін. Дей тұрғанмен, өмір бойы мемлекеттік басқару ісінде жүрген адамдарда сирек, өте сирек кездесетінін көз көрді. Жүрегі таза адам ғана, жүрегі сұлу адам ғана билік аппаратыныңүмітінен күдігі көп сүйкімсіз жағына сіңіп кетпейтінін, керісінше сол ортада өзінің идентификациясын жоғалтпай, басқалардан қызметі жағынан оқ бойы озып кетпесе де, бәрібір биік тұратынын сезе қоятының да – тосын құбылыс. Ақиқатты іздеу, ортадағы құдайшылыққа құрылғанәділ сөз айтуға ұмтылу шенеунік біткеннің бәрінің бірдей пешенесіне жазыла бермейді. Ілуде біреуге ғана бұйыратын ерек қасиет бойына қонған Еран аға маған ең алдымен осынысымен қымбат. Ал, енді осыны таратып айтпасақ – арымызға сын.

1997 жылдың аяғында елорда Алматыдан Ақмолаға көшіріліп, мен де сол дүрмекпен қазіргі астанадан бір-ақ шықтым. Келе сала дайын тұрған үй қайда? Бастапқы кезде сопиған қара басымыз келдік. Үкіметтің жатақханасына жайғастық. Мен орналасқан бөлмеде Еран аға жалғыз өзі тұрып жатыр екен. Көпшіл жігіт қасына серік табылғанына қуана кетсе керек, мені жылы ұшырай қарсы алды. Екеуміз кешке жұмыстан оралған соң әңгіме соғамыз. Осыған дейінгі басымыздан өткен жайттарды тілге тиек етеміз. Бірде ол бұған дейін Шучье ауданы әкімнің орынбасары болып істегенін айтып қалды. Сол жерден өз еркімен кетіп, жаңа елордаға қоныс аударған Қазақстан Республикасы Үкіметінің аппаратына конкурс бойынша консультанттық қызметке орналасқан екен. Дәл осы жерде мен оның адалдықты серік еткен адам екеніне бірінші рет көзім жеткендей болды.

Айтары жоқ, ол арға жүгінген адам ғана қоғамды алға жылжыта алатынына сенді. Әділдік үшін күрескен адам ғана елінің көсегесін көгерте алатынын жүрегімен сезді. Осындай ірі мақсаттарды көздеген Еран Құдысбекұлы – еліміздің еңселі, мемлекетіміздің тұғырлы болуы үшін еңбек еткенін ар алдында айта алатын азамат.Құдай сақтасын, қолдан кіршіксіз көркем кісі жасағаннан өткен кесапаттық жоқ. Жеке адамды асқақтатудың ақыры жақсылыққа апармайтынын да жақсы білемін. Сондықтан да, логикасы мен қиялы қатар дамыған кейіпкерімнің ел үшін жасаған қыруар қызметінің ішкі мәні мен мазмұнына терең үңілгеніміз абзал. Олай болса, Ерағаның өмір жолын шағын мақалада шолып өткеніміз дұрыс болар.

Жер жәннаты атанған сұлу Көкше өңірі әсем табиғатымен ғана емес, айтулы тұлға дәрежесіне көтерілген абзал азаматтарымен де қастерлі.Еран Құдысбекұлы 1952 жылы Көкшетау облысының Щучье ауданының бұрынғы Фрунзе, қазіргі Абылайхан ауылында дүниеге келді. Осы ауылда сегіз жылдық мектепті, одан соң Көкшетау облыстық орта мектеп-интернатын тәмамдады. 1972 жылы Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының математика факультетін бітіріп шыққан соң 1990 жылға дейін туған ауданында Қарашілік, Шиелі, Абылайхан мектептерінде ұстаз, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінде инспектор, аупарткомда нұсқаушы, түрлі бөлімдер басшысы болып қызмет атқарды. 1990 жылы қаңтарда Е.Мағзұмов Щучье аудандық кеңесі депутаты, аудандық кеңес төрағасының орынбасары болып сайланды. Щучье ауданы экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрайтынын ескеріп, жұмыс арасында сырттай Целиноград ауыл шаруашылығы институтын агроном-экономист мамандығы бойынша бітіріп алуы да қызмет барысында септігін тигізді.

1992 жылданбастап 7 жылға жуық Щучье ауданы әкімінің орынбасары болды. Құйындай құйқылжыған құбылмалы кезеңде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, курорт бизнесі, сауда салаларына басшылық жасаған Еран Құдысбекұлы ерекше мұқияттылықты, табандылықты қажет еткен тіл, дін мәселелерін аудан көлемінде батыл шеше білді. Қазақтың тілін, әдет-ғұрпын, дәстүрін өте жақсы білетін жәнеқай кезде де сол үшін жанын сала еңбек ететін, ең аяғы ақындықтан да қара жаяу көрінбейтінЕран Мағзұмов әкімнің орынбасары ретінде Щучье қаласының тарихында тұңғыш рет қазақ бала бақшасы мен бірінші сыныптан бастап оқытатын қазақ мектебінің ашылуына, аудандық «Бурабай» қоғамдық-саяси газетінің қазақ тілінде шыға бастауына және Щучье қаласында мешіт құрылысының басталуынатікелей мұрындық болғаны да – оның өмірдегі көп ерлігінің бір парасы.

Осы тұста Бурабай курорты аймағында бұрынғы дүрілдеп тұрған емдеу-сауықтыру мекемелері құрылтайшыларынан айырылып, бишара күйге түскен кезі еді. Оларды талан-таражға түсірмей, біртіндеп заман талабына сай жаңа сипаттағы емдеу-сауықтыру орындарына айналдыруда Еран Мағзұмовтың атқарған ісіауыз толтырып айтуға әбден тұрарлық. Жекешелендірудің қызған шағында демалыс және сауықтыру нысандарыұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуіне көп күш жұмсағанынан да Еран ағаның адалдығы сезіліп тұрғанын аш ішектей созып айтудың да қажеті шамалы.

Ақмолаға көшіп келіп жатқан орталық мемлекеттік органдарға жұмысқа жергілікті кадрлар тартыла бастады. Алғашқылардың бірі болып Президент, Үкімет, Парламент аппараттарының біріне жұмысқа ауысу жөнінде Еран Құдысбекұлына да ұсыныс түсті. Тиісті әңгімелесулерден кейін Үкімет аппаратының кадр жұмысы және мемлекеттік қызмет бөліміне1998 жылынаурызда консультант болып қабылданып, 3 айдан соң аймақтар мен министрліктер жұмысын қадағалайтын бас инспектор болып тағайындалды. Көп ұзамай білімі мен іскерлігін танытуының арқасында аймақтық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасарына көтерілді. Еран Құдысбекұлы Үкімет аппаратында басшы қызметтерде жүріп, қолы жеткен үлкен мүмкіншіліктерді ел игілігіне жан-жақты пайдалана білді. Оған мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Мемлекет басқару ісіне олжа салуды алдына мақсат етіп қойған олҮкіметте істеген бес жылда бас инспектор ретінде Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе облыстарының, оған қоса Ауыл шаруашылығы, Экономика министрліктерінің жұмыстарын қадағаласа, аймақтық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары ретінде еліміздегі аймақтардың проблемаларын зерттеп, Үкімет басшылығына ақпарат пен сараптамалар дайындап, оларды талқылауға белсене қатысып, тың ұсыныстарын беріп отырды.

Ол еліміздегі шағын қалалардың жай-күйі,қала құрушы кәсіпорындар мәселесі, еліміздегі аймақтық саясаттың тұжырымдамасы мен бағдарлама жобалары, импорт алмастырудың маңыздылығы, Қазақстандағы селекция, тұқым шаруашылығы және малды асылдандыру жағдайы, Қостанай облысының Арқалық қаласының проблемалары мен оларды шешу жолдары, Қызылорда облысын газдандыру мәселесінің өзектілігі, Ақтөбе облысының Ырғыз және Ақмола облысының Қорғалжын аудандарын күйзеліс жағдайында деп танып, республикалық бюджеттен қаржы бөлу қажеттігі және басқа толып жатқан күрмеуі қиын күрделі мәселелердің Үкіметте қаралып, кейінге қалдыруға болмайтындығына үлкен басшылардың көзін жеткізіп, олардың оң шешім табуына бар қайраткерлік қарымын жұмсады.

Еран Мағзұмов «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасы дайындалған кезде де үлкен белсенділік танытқанын ұмыта қойған жоқпыз. Ол елімізден және ПРООН, ТАСИС сияқты халықаралық беделді ұйымдардың мамандары қатысқан үкіметтік талқылауларда өзінің құнды пікірлерін білдіріп отырды. Дәл осы тұста оның мемлекетшіл қасиеті жарқырай көрінгенін әріптестері мақтанышпен айтады.

1999-2003 жылдары Премьер-министр Кеңсесіндегі жұмысымен қатар ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет Академиясы басшылығының сұрауымен«Аймақтық экономика» арнайы курсын дайындап, мемлекеттік қызметкерлерден тұратын ауыспалы топтарда тұрақты түрде лекциялар оқыды.  Аймақтық экономиканың жай-күйі мен басқару мәселелерін терең зерттеп, оның теориялық және тәжірибелік тұстарын бүге-шігесіне дейін меңгерген Еран Құдысбекұлыныңосы жылдары отандық және шетелдік басылымдардағылыми мақалалары жарияланып тұрды.

Осының бәрі аймақтық даму мәселесінде жергілікті атқарушы органдардың іскерлігін арттыруға бағытталған ғылыми диссертация жазуға алып келді. Ол 2005 жылы «Қазақстанның тұрақты даму жағдайында ұлттық экономиканы орталықсыздандыру» тақырыбында ғылыми диссертация қорғап, экономика ғылымының кандидаты дәрежесін алды. Еліміздің түрлі жоғарғы оқу орындарының шақыруымен экономиканы мемлекеттік реттеу және аймақтық экономикалық саясат тақырыптарында арнаулы лекция оқыған соң профессор атанды. 2004 жылы Президент Әкімшілігіне қызметке шақырылып, сектор меңгерушісі, құрылымдық бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін сатылап өтіп, жемісті еңбек етті.

Осы кездері ҚР Мемлекеттік хатшысының хатшылығын басқара жүріп, коррупцияға қарсы күрес, шет елдерде кадрлар дайындау, азаматтық беру және рақымшылық жасау, тіл мәселелерісекілді аса маңызды шаруаларға тікелей араласты. Сауаттылықты, дәлдікті, қатаң тәртіпті қажет ететін бұл қызметте де ол абырой биігінен көріне білді.

Бірде Еран Құдысбекұлы Президент тапсырмаларының мемлекеттік органдар тарапынан орындалуындағы кейбір олқылықтарды байқап, өз инициативасымен осы мәселені сараптап, көптеген кемшіліктердің орын алып отырғанын нақты мысалдармен дәлелдеп, бұл істе қатаң тәртіп орнатудың маңыздылығын және жолдарын көрсеткен хат дайындап, Президент Әкімшілігі басшылығына жолдады. Көтерілген проблемаларды шешу жолдарын көрсеткен оның ұсынысы Президент Әкімшілігі басшысы тарапынан үлкен қолдау тауып, осы маңызды шаруамен айналысатын арнайы бақылау құрылымы жасақталып, жұмысты ұйымдастыру және басқару Еран Құдысбекұлының өзіне тапсырылды.

Тынымсыз және сауатты жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Президент Әкімшілігінде ғана емес, орталық атқарушы органдар мен облыстық және қалалық әкімшіліктерде де орындаушылық тәртіп осылайша жолға қойылды. Бақылау мәселесінде қағазбастылық күрт азайып, оның орнына цифрлық технологияға көшу жүзеге асырылды. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі және кәсіби шеберлігі үшін «Құрмет» орденімен, ҚР Құрмет грамотасымен, 9 мерекелік медальмен және ҚР Президенті Әкімшілігінің «Мінсіз қызметі үшін»,  ҚР «Үздік мемлекеттік қызметші» және ҚР Президентінің алғыс хатымен қоса берілген «Алтын барыс» арнайы төс белгілерімен марапатталды.

Алла Тағала адамға алдымен ақыл берген, сосын сезім берген. Екеуі екі нәрсе болғанымен, бір-бірімен тығыз байланыста екені дәлелдеуді қажет етпейді. Ақыл мен сезімді безбеннің екі басындай тең ұстағанға ешнәрсе жетпейді. Жеке адамның өміріндегі ең үлкен осы үйлесім Ерекеңнің бойынан молынан табылады. Бойында бар адам ғана басқаларға бірдеңе бере алады. Бойына имандылық біткен адам ғана басқаларға солкіршіксіз тазалықты жеткізуге құштар болып тұрады. Әдемі инстинк. Адами инстинк. Еран аға – осындай инстинк иесі. Тылсым жаратылыстың ұңғыл-шұңғылын зерттеген ол маған өмірдің мәнін жете түсінген адамдай көрінеді. Өйткені оның орынсыз жерде ашуланғанын, болмашы нәрсеге шала бүлініп, шалшыққа түскенін, кісіге қатты сөз айтқанын немесе түкке тұрмайтын нәрсеге ренжіп жатқанын бір көрмеппін. Өмірдің мәнін терең түсінген адам деп отырғаным сол.

Ер-ағаның еліне қалтқысыз қызмет етіп, лауазым биігіне көтеріліп, абыройы асқақтағанда да, дос-жаранның арасында айрықша сый-құрметке бөленгенде де, кейбір қысылып-қиналған сәттерде де әркез қасынан табылған сырласы да, жанашыры да – Мәрия жеңгей. Олардың осы күнге дейін әлемнің отызға тарта елін аралаған тәжірибелі саяхатшылар екені де жарасымды жұптың өмірі қызықты да мазмұнды екенінен хабар береді. Олар – маңайына жақсы жандарды үйіре білген жанұя. Ер-аға мен Мәрия жеңгейдің дастарқаны қашанда жаюлы. Отбасындағы қонақжайлылықтың айрықша үлгісі менкелген мейманға деген ерекше пейілді талай көзіміз көрді.

Ерекең мен Мәрия жеңгей мәуелі бәйтеректей жайқалып өсіп келе жатқан шаттыққа толышаңырақта бақытты ғұмыр кешуде. Үлкен қызы Жанна көп жыл банк саласында қызмет етті. Қазір өзінің жекебизнесін дөңгелетіп отыр. Ұлы Аян – Ұлыбританияның Ноттингем және Шеффильд университеттерінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистратурада оқып, экономист, мемлекеттік саясат және мемлекеттік басқару магистрі атанған азамат. Қазір Қазақстан Республикасының Премьер-Министр Кеңсесінде Индустрия және инновация бөлімін басқарады. Өкінішке орай, әлемді жайлаған ауыр індет бұл шаңырақты да ауыр қайғыға душар етті. Қыздары Жансая 36 жасында былтыр дүниеден өтті.

Немерелері де – Ераға мен Мәрия жеңгейдің шаттығы. Шетінен өнерге жақын. Лаян, Әлихан және Айғаным үш сатылы білім беретін Қазақ ұлттық өнер университетінің құрамындағы орта мектепте скрипка, домбыра және флейта сыныптарында оқып жүр. Ең үлкен немересі көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып та үлгерді.

 ***

Мәселе, тіпті, өзің жақсы көретін адам туралы мақала жазуда да емес. Дәл содан келіп-кетер ештеңе жоқ. Бұл тірлік ең алдымен айналасындағы адамдарға пайдасы молынан тиіп жүрген адам ғұмырының ұзағырақ болғанында үлкен мән жатқанын дәлелдеу үшін қажет. Жер бетінде жақсы адамдар болмаса, ол баяғыда осінен айналып кетер ме еді, кім білсін?! Жаратқан иеміз сол жер бетіндегі сүйкімі бар адамдардың мағынаға толы ғұмыры ұзақ болғанына мүдделі екеніне біз неге шүбә келтіреміз?! Келтіре алмаймыз! Сондықтан да, Еран ағаның өмір жасы әлдеқайда ұзағырақ болғаны бізге де керек. Басқаларға үлгі болуы үшін! Басқаларға нұрын шашып жүруі үшін!

Қазір зейнетке шыққан Еран ағамен арагідік астанада кездесіп қалатынымыз бар. Баяғы жатақханаға кірген бойда  «Мен – Көкшенің жігітімін!» деп алғаусыз көңілмен қолын ұсынып тұрған жігіт ағасының сол келісті келбеті көңілде жазылып қалған. Бір анық: алғашқы әсердің мәңгілік есте қалатыны рас.  Десе де,мұндай жаны жайсаң адамды көрген сайын қуанбау мүмкін емес. Сондықтан, болар, әр уақытта алдымда Көкшеден келген көркем кісі тұрғандай күй кешетінім бар. Көңіл гравитациясының ғажап күші тұла бойына молынан құйылған Ерағаның бар адамға осындай керемет әсер қалдыратынына күмәнім жоқ.

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ,
публицист-жазушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар