Айдарбектің шырағы сөнбейді

Қазақстан электр-энергетикалық қауымдастығының құрметті және еңбек сіңірген энергетигі, «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Айыртау ауданаралық электр желілерінің басшысы Айдарбек Ағзамұлы Бәйтеновтың еңбек өтілі  38 жыл. Соның 36 жылын «Көкшетау Энерго» компаниясында өткізіп келеді.

Мектепті бітіргеннен кейін Айдарбек Ағзамұлы өзі қалаған мамандығын бірден таңдай қоймады. Көңілі әр мамандықты қалап жүргенде немере ағасы Сатыбалды Бәйтенов энергетик кәсібі туралы ақыл-кеңес беріп, бойына қанат бітіргендей болды. Ол кезде бауыры Қарағандыдағы көмір шахталарының бірінде энергетик болып еңбек ететін.

Біздің кейіпкеріміз осыдан кейін өз өмірін осы мамандықпен байланыстырды. Бұл үшін алдымен облыс орталығының іргесіндегі Көкшетау совхоз-техникумының мал шаруашылығын механизациялау және электрофикациялау бөлімшесіне оқуға түсті. Орта арнаулы оқу орнын бітірген соң 1984 жылы Володар аудандық электр желілері кәсіпорнына электро-монтер болып жұмысқа орналасты.

–Алғашқы кезде қиын соқты, бірақ, мен мұндай ауыртпалықтардан бойымды аулақ салып көрген жан емеспін. Қайта өз мамандығыма деген сүйіспеншілігім одан сайын артып, жұмысымды жете меңгере түстім, – деп еске алады сол бір өткен шағын біздің кейіпкеріміз.  Бұл ретте, Айдарбек Ағзамұлының өзінің еңбектегі ұстаздары, аудандық электр желілері кәсіпорнының басшысы Ғ.Сәлімжуаровқа, сондай-ақ, аға шебер К.Сәлімжановқа ризашылығы шексіз. Олар жас маманды әрдайым қолдап, өз қабілетін аша түсуіне көп көмек көрсетті. Сөйтіп, Айдарбек Бәйтенов қай жағынан болсын сенімді ақтап, бертін өз ісінің шеберіне дейін өсіп, тіпті бұрынғы орысша Володар атауы Айыртау болып өзгертілген өңірдің қоғамдық жұмысына да белсене араласатын болды.  Бұған оның 2016 жылдан 2020 жылға дейін аудандық мәслихаттың депутаты ретінде сайлаушылардың аманатына әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарағаны айғақ. Соның нәтижесінде шешімін таппай келген бірқатар мәселелердің оң шешілуіне ат салысып, өзінің депутаттық парызына да адал қарады.

Өзінің шағын Отанында ол қызмет баспалдағының барлық сатысынан өтті. Электр слесарь, одан екінші санатты мастер, диспетчер, жетекші инженер жұмыстарының ыстық-суығын бірдей көріп, 2006 жылы кәсіпорынның бас инженері лауазымына тағайындалды. Осы қызметте де жеті жылдан астам  өз қолтаңбасын қалдырған Айдарбек Ағзамұлы іс жүзінде кәсіпорынның бүкіл жағдайын жатқа біледі. Сол үшін де оны бүкіл ұжым болып құрметтеп, сыйлап, әрбір ақыл-кеңесіне байыпты құлақ түреді. Кәсіпорын басшысының жұмысында төтенше жағдайлар сирек кездеседі. Содан да болар, ол басқаратын құрылым әрдайым игі істердің алғы шебінде. Бұған кәсіпорынның «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызмет көрсететін аймақтарының бәрінде, соның ішінде өз ауданындағы ЛЭП құрылысында да белсенді жұмыстарымен көрініп келе жатқандығы нақты дәлел бола алады.

Осы істердің бәріне бас-көз болып, сенім биігінен көрініп жүретін Айдарбек Ағзамұлы өзінің жастайынан мұрат етіп келе жатқан ізденісті жолынан бір тайған емес. Осы құлышыныспен 2009 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын ойдағыдай тәмамдап, «электр энергетикасы» мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты. Сөйтіп,  оған инженер-электрик біліктілігі берілді. Арада төрт жыл өткенде Айыртау аудандаралық электр желілері кәсіпорнына жетекшілік ете бастаған ол содан бері осы қызмет тізгінін берік ұстап, аудан желілерінде электр қуатының коммерциялық және техникалық шығынын неғұрлым азайтуға уақытын да, жігерін де аянбай келеді. Мұның өзі күн сайынғы жүйелі бақылауды талап ететін аса бір маңызды жұмыс учаскесі екендігін ескерсек, басшының осы бір қажыр-қайраты ортақ іске зор көмегін тигізуде. Бұған қоса, жекелеген елді мекендерді электрмен жабдықтау сұлбасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстары да құнды. Негізгі міндет – әрине, өңірдің энергетикалық жүйесінің және өнірістік жұмыстарда өздерін сәт сайын қауіп-қатерге ықтимал ететін техникалық қызметкерлердің апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Басшы ретінде осыған көп алаңдайтын әрі өзін тікелей жауапты сезінетін Айдарбек Ағзамұлы өзінің білімін, кәсіптік мол тәжірибесін жас кадрларға үйретіп, білгізуден бір жалықпайды.

Осылай күнделікті қажыр-қайратымен, басшылық игі қасиеттерімен энергетика саласының шоқтығын биіктетіп жүрген біздің кейіпкеріміз көп жылғы еселі еңбегі үшін Қазақстанэлектр-энергетикалық қауымдастығының«Құрметті және еңбек сіңірген энергетик» медалімен, сондай-ақ, «Көкшетау Энерго» ардагері» медалімен марапатталған абзал жан. Өзі ұнатқан саламен бірге жасасып келе жатқан қажымас қайрат иесі Айдарбек Ағзамұлы Бәйтеновке асқаралы алпысында толағай табыс тілейміз.

Еркін СЕЙІТОВ,
«Көкшетау Энерге» серіктестігінің баспасөз хатшысы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар