Дене шынықтыру мен спорт  – қоғам дамуының негізгі бір көрсеткіші

Ақмола облысы ежелден спортты сүйетін, онымен белсене айналысып, бұқаралық деңгейде де, ел намысы сынға түсетін әртүрлі дүбірлі жарыстарда да саңлақ спортшыларымен жоғары жетістіктерге жетіп келе жатқан өңір. Біз өз жұмысымызда әрдайым халықтың дене шынықтыру және спортпен кең түрде айналысуына мүмкіндік беретін спорттық құрал-жабдықтарды көбейту, жас ұрпақты осы қозғалысқа көптеп тарту және республикалық, халықаралық деңгейлерде осы салада жоғары нәтижелерге жету мақсатын ұстанумен келеміз.

Бұқаралық спорт  біздің облыста жылдан-жылға жақсы дамуымен қуанту үстінде. Мұны жыл сайын дене шынықтыру және спорттың түр-түрімен айналысушылар қатарының өсіп келе жатқандығынан байқаудамыз. Осының бәрін цифрлар тілімен айтсақ, 2020 жылмен салыстырғанда облыс халқының спортқа ден қоюы 5 пайызға ұлғайып, тұтастай  35,7 пайызға жетіп отыр. Бұл Ақмола облысында жалпы алғанда 262707 адам дене шынықтыру және спортпен шұғылданады деген сөз. Соның арқасында аймағымыз бұқаралық спорт жөнінен республикамызда алдыңғы қатардан, яғни, үшінші орыннан көрініп отыр.

Мұның өзі ең алдымен, балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуларына мүмкіндік беретін спорттық секциялардың көбеюі есесінен іске асырылуда. Қазіргі таңда Ақмола, Көкше өңірлерінде спорт мектептері мен кешендері саны жағынан бұрынғыдан әлдеқайда молая түскен. Олардың әрбіреуіндегі бұқаралық спортқа айналысуға мүмкіндік беретін секциялар жас ұрпақтың кішкентайларынан бойларына шымырлылықты, сергектік пен шеберлікті серік етулеріне қолайлы жағдайлар туғызуда. Тағы да қолымыздағы нақты деректерге жүгінсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыс көлемінде спорттық мектептер мен клубтарда дене шынықтырумен айналысушылар саны 3,4 мың адамға артып, 24557 адамды құраған. Бұл облыс халқының үлкен болсын, кішіболсын, 15,6 пайызы тікелей осы орталарға барып, өз денсаулықтарын түзейді, спорттық көрсеткіштерін жақсартады деген сөз.

Бүгінгі таңда облысымызда 1252 дене шынықтыру ұжымы бар. Оларда 2429 штаттағы қызметкер, яғни, бапкерлер мен нұсқаушылардың үлкен тобы спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарын іске асыруда. Бұл спорт өкілдерінің 1459-ы жалпы беретін мектептерде, жоғары оқу орындары мен колледждерде сабақ беретін осы саланың оқытушылары, сондай-ақ, 491 жаттықтырушы ұстаз, 252 спорт жөніндегі нұсқаушы – бұқаралық спорттың жер-жерде жанданып, өріс алуына тікелей үлестерін қосып келе жатқан майталман мамандар. Соңғы жылдары ауылдық округтерде бұрынғыдай спорт жұмысына жауап беретін нұсқаушылар ұстау  қағидасы қайтадан жанданып, мұның өзі ауыл балалары мен жастарының арасында спорттың бұқаралылығын арттыруға қайтадан елеулі септігін тигізе бастады. Қазір ауыл-селоларда осындай 189 нұсқаушы маман бар. Біз аудан әкімдерімен бұл жұмысты жүйелі қолға алуымыздың нәтижесінде ауылдық округтердің спорттық нұсқаушылармен қамтамасыз етілуі 72,4 пайызға жетіп отыр.

Осының бәрін айтқанда, бұқаралық спорттың тиімділігін арттыру үшін жергілікті жерлерде іске қосылып жатқан спорттық қондырғыларды да аз дей алмаймыз. Олардың қатары жылдан-жылға өсуде. Қалалар мен аудандардың берген статистикалық мәліметтері бойынша Ақмола облысында жалпы 2721 спорт нысаны бар болса, оның  1736-сы ауыл-селоларда орналасқан. Сөйтіп, біздің елді мекендеріміздің 56,5 пайызы осындай қажеттіліктермен қамтылып, жастар мен үлкендер ерінбесе, олардың дене шынықтыру және спортпен айналысуларына қолдан келген мүмкіндіктер туғызылып жатыр. 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы ойдағыдай мәресіне жетті. Ал, Шортанды ауылының орталығы Шортанды кентінде жергілікті стадион аудандық бюджет есебінен толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, жеке инвестиция құюдың нәтижесінде Атбасар ауданының Шуйское селосында спорт кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл үшін аталмыш жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығына ризашылығымызды білдірмей болмайды. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен Ерейментау қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Щучинск қаласында спорт сарайының құрылысы жүргізіліп жатқанын да айта кеткеніміз жөн.

Жоғарыда аталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында Бурабай ауданының Мәдениет ауылында, Жақсы ауданының орталығы Жақсы селосында спорт   кешендері салынуда. Ал, Сандықтау ауданының орталығы Балкашин селосында «Урожай» стадионы қайта жаңартудан өткізілуде. Жоғары жаққа Қорғалжын ауданының орталығы Қорғалжын ауылында, Целиноград ауданының Родина селосында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуды республикалық бюджеттен қаржыландыру жөнінде өтінім жолданды. Сонымен бірге, Жақсы ауданының Белағаш ауылында «ТНК» фирмасының күшімен спорт кешені салынып жатыр. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Көкшетау қаласында «Қазақ батыры» жекпе-жек сайыстар залы ашылды. Халықтың демалысы мен бос уақытын дұрыс ұйымдастыру үшін осы заманғы спорт  алаңдарын салу жұмыстары әрі қарай жалғасын табуда. Олар жергілікті бюджет, сондай-ақ, шаруашылық субъектілерінің есебінен жүргізіліп келеді. 2021 жылы облыста осындай жолмен 24 спорт  алаңы жабдықталды.

Балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыру мен спортқа тарту, олардың бос уақыттарын тиімді де мазмұнды пайдалануларына күш салуда спорт  алаңдарының маңызы зор екендігі баршамызға белгілі. Сондықтан да, 2022 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 25 спорт алаңын жабдықтау қолға алынып жатқандығын айтқан жөн. Бұл жұмыс Ақкөл, Атбасар, Бұланды, Бурабай, Есіл, Жарқайың, Біржан сал, Целиноград және Шортанды аудандарында шешімін тапқан. Соның ішінде Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылы мен Егіндікөл ауданының орталығында жергілікті стадиондарды жөндеу, ал, Ақкөл ауданының Новорыбинка селосында спорт залын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қарқын алып отыр. Биыл облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында Целиноград ауданына қосымша 14 спорт алаңын жабдықтауға тиісті қаржы бөлінді. Осы заманғы спорт алаңдарын салу жұмыстары бір ғана2021 жылдың өзінде сондай 34 спорт алаңын жабдықтауға мүмкіндік берді. Мұндай алаңдар халықтың демалыс күндері және таңертең, жұмыстан кейін кешкілік дене шынықтыруымен айналысып, өз денсаулықтарын түзеулеріне өте ыңғайлы. Сол себепті олардың қатарын көбейту алдағы уақытта да барынша ескеріле түсетіндігі анық.

Біз дене шынықтыру мен спорт мәселесі туралы айтқанда, жастардың шымыр да мықты, өз елінің нағыз патриоттары болып ер жетулеріне зор септігін тигізетін жасөспірімдер клубтары мен аула клубтары туралы да ұмытпауымыз керек. Бүгінгі таңда жергілікті жерлерде 5895 бала әртүрлі спорт түрлерімен шұғылданатын 14 жасөспірімдер клубы жұмыс істеп келеді. Спорт туралы әңгіме қозғағанда, мүмкіндігі шектеулі жандарды да назарға алмай болмайды. Облысымызда 2014 жылдан бастап осы мақсатта «Мерген» спорт  клубы ашылып, жақсы нәтижелерімен қуантып келеді. Бұл клубта 350 адам спортпен шұғылдануда. Биыл мүмкіндіктері шектеулі балалар «Спешиал Олимпикс» бағдарламасы бойынша өздері көздеген спорт түрлерімен шұғылдана алатын арнайы бөлімше ашылды. Оған Көкшетау қаласынан жеңіл атлетика, шағын футбол, тоғызқұмалақ, шаңғы сияқты төрт спорт түрінен 73 бала барып, бақтарын сынап жүр. Өткен сәуір айында Есіл ауданында да жанарларында кемістік бар балалар мен ересектер үшін голбол бөлімшесі есігін айқара ашты.

Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында облысымызда 2022 жылдың бірінші тоқсанында 49 спорттық бұқаралық іс-шара өткізіліп, оған 1719 адам қатысты. Соның ішінде ауылдық жерлерде 19 сайыс өткізіліп, оған 1229 адам қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Ақмола облысы әкімдігінің «Облыстық кешенді спартакиадаларды өткізу туралы» қаулысына сәйкес және бас санитарлық дәрігердің рұқсат етуімен «Хрустальный колос» қысқы спартакиадасы үлкен спорт мерекесіне айналды. Ол бұқаралық спорттың халық денсаулығының кепілі мен салауатты өмір салтының негізі болып табылатындығын баршаға тағы да бір кеңінен паш етті.

Бұл айтып жатқанымыздың бәрі бұқаралық спортқа қатысты мәселелер болса, енді облысымыздың жетекші жаттықтырушылары мен спортшыларының әртүрлі деңгейдегі спорттық бәсекелелерде қол жеткізіп жүрген жетістіктеріне де тоқтала кетудің кезегі келген сияқты. Атап айтсақ, аймақта спорт резервін даярлаумен 29 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі айналысады. Олардың төртеуі олимпиадалық резерв мектебі, ал, 9-ы арнайы  мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебі болса, біреуі жекеменшік мектеп. Сондай-ақ, облысымызда олимпиадалық резервті даярлау орталығы, олимпиадалық резервтің мектеп-интернаты, жоғары спорттық шеберлік мектебі, 4 кәсіби клуб және 1 мүмкіндігі шектеулі адамдардың клубы да осы бағытта нәтижелі жұмыстарымен көрінуде. Спорт мектептерінде 57 спорт түрі дамытылып келеді. 2020 жылмен салыстырғанда 8 спорт түрі бойынша қосымша спортшылар дайындығы жүргізілуде. Бұл спорт түрлерінің 30-ы олимпиадалық болып табылады, ал, 17-сі олимпиадалық спорт түріне кірмесе де, халық арасында кең тараған белгілі спорт түрлері. Сондай-ақ, облыста 10 ұлттық спорт түрі де көптің игілігіне айналып, тиісінше насихатталумен келеді. Спорттық құрылымдарда 2020 жылы 190 спорт бөлімшесі бар болса, қазір олардың саны 211-ге дейін жетіп отыр. Бұл бөлімшелерде 18662 оқушы спортпен шұғылданып, өздері қол жеткен көрсеткіштерін одан әрі баянды ете түсу жолында аянбай тер төгуде. Осы орайда, өткенге көз жіберсек, бұдан екі жыл бұрын ғана  бұл бөлімшелерде спортпен шұғылданатындар саны қазіргіден едәуір аз, яғни, 15133 оқушыны ғана құрайтын еді. Содан бергі оң айырмашылық балалар мен жастарды спорт секцияларына тартуда біраз ілгерілеушіліктің барын көрсетсе керек.

Бұған тек 2021 жылы ғана спорт мектептерінде спорттың 8 жаңа түрі, атап айтқанда, брейкинг, спорттық өрмелеу, семсерлесу, спорттық туризм, самбо, муайтай, жекпе-жек, кикбоксингтің қолға алынып отырғаны үлкен дәлел бола алады. Облысымызда жұмыс істеп келе жатқан жоғары спорттық шеберлік мектебі спорттың олимпиадалық түрлерін дамытуға және осы бағытта жоғары деңгейлі спортшылар даярлауға негізделген. Онда бүгінгі күнге дейін 12  олимпиадалық спорт түрі дамытылып және насихатталып келеді. Облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатына облысымыздың түкпір-түкпірінен 375 бала іріктеліп алынып, 8 спорт бөлімшесінде одан әрі шеберліктерін шыңдауда. Сондықтан, республикалық жарыстар мен Азия, Әлем біріншіліктерінде және Олимпиадалық ойындарда осы балалардан белгілі бір үміт күтетініміз айдан анық. Олар жалғыз ақмолалықтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы,пауэрлифтингіден Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Давид Дегтяров, бокстан әлем чемпиондары Теміртас Жүсіпов, Дина Жоламанова, армлифтингтен бірнеше дүркін Азия чемпионы Илья Ильин, тағы басқаларының лайықты ізбасарлары бола алатындығына сенім мол. Бұл спортшыларымыздың ел мерейін асырған жоғары жетістіктерінде бокстан талай спорт дүлдүлдерін тәрбиелеп шығарған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуанышбай Қоқышев бастаған танымал бапкерлеріміздің де еңбегі ересен мол. Ендігі арада жастарымыз да осы ағаларына қарап бой түзеп, спорт әлемінде небір жоғары жетістіктерді бағындырып жатса, нұр үстіне нұр дейміз.

Бұл күнде облыстың кәсіпқой спортында жеті команда Қазақстан Республикасының чемпионаттарында жүйелі өнер көрсетумен келеді. Олардың ішінде футболдан  бірінші топта сынға түсіп, әзірге турнир кестесінің бірінші сатысын еш командаға бермей келе жатқан «Оқжетпес» клубы биыл сәтін салса, Премьер-Лигаға өтеді деп отырмыз. Сондай-ақ, «Арлан» хоккей клубы биылғы ел біріншілігін екінші орында аяқтап, күміс жүлдені қанжығасына байлауымен бірге, өзін Қазақстандағы ең мықты хоккей клубтарының бірі ретінде танытып жүргені де үлкен мерей. Айта берсек, футболдан «Оқжетпес» әйелдер командасы, баскетболдан тағы да осы аттас әйелдер клубы үнемі республикалық жарыстың көш басынан көрініп жүр. Осындай жылы лебізді волейболдан «Ұшқын Көкшетау» ерлер клубына да білдіруімізге болады. Ал, футзалдан республика біріншілігінде өнер көрсететін «Оқжетпес» ерлер командасына әлі де шыңдалу, шеберлік пен тәжірибе жинақтау қажет екендігін түсінеміз. Мықтылар сапында күш сынасып жүрген бұл клуб та жылдан-жылға бабына келіп, осы үмітімізді ақтайды деген сеніміміз мол.

Ақмола, Көкше өңірлерінде бұқаралық дене шынықтыру және спорт жұмыстарын үйлестіретін біздің облыстық басқарманың биылғы жылы алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі – облысымызда спортпен айналысушылар санын жалпы халық санының 38 пайызына жеткізу. Бұл үшін алдымен салауатты өмір салтын белсене насихаттай түсу және спорт нысандарының қатарын барынша молайту қажет екендігін жақсы түсінеміз. Алда болатын жазғы Азия ойындарына семсерлесу, триатлон, әйелдер күресі, ауыр атлетика, садақ ату, велоспорт сияқты спорт түрлерінен лицензияларды жеңіп  алып, талантты спортшыларымыздың осы байрақты бәсекелерге белсене қатысуларын қамтамасыз ету де – біз үшін үлкен сын.

Жыл айналып келетін Спорт күні мерекесінде облысымыздың әрбір тұрғыны спорт әлеміне бір қадам болсын жақындай түсіп, адам өмірінде денсаулық қаншалықты қымбат болса, соған жеткізетін бір құндылық дене шынықтыру  мен спорт екендігін неғұрлым көкейге берік түйсе дейміз. Баршаңызға да Спорт мейрамы құтты болсын! Жанымызға сергектікті, ептілік пен шымырлылықты серік етіп, жаңа биіктерден көріне берейік.

Әсет БҮКІБАЕВ,
Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар