Ұлттық спорт түрлері бойынша Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт түрлері бойынша Ақмола облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Уәлихан Ғалиев: «Әрбір халықтың түп-тамыры мен ерекшелігі оның ұлттық спортында да жатыр»

Спорт күніне орай, тілшіміз ұлттық спорт түрлері бойынша Балуан Шолақ атындағы Ақмола облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Уәлихан Ғалиевке жолығып, осы саладағы істің жайын білген еді. Төменде осы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Тілші: –Біздің облысымызда ұлттық спорттың қандай түрлерін дамыту қолға алынған? Балалар мен жасөспірімдер спорттың қандай түрлерімен айналысуда?

У.Ғалиев:–Біздің мектебімізде 12 мен 18 жас аралығындағы ұлттық спорттың 10 түрінен жаттығулар жүргізіледі. Олар:  көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, бәйге, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегі, жекпе-жек. Осындай топтарда бірнеше жыл бойы шеберліктерін шыңдайды. Қазір ұлттық спорт түрлерімен  мектепте  облыс бойынша  836 бала айналысады. Оларды, әсіресе, атқа еркін отыра білу, күшін жетілдіріп аударыспақпен айналысу, ат үстінен садақ ату сияқты спорт түрлері қатты қызықтырады. Тоғызқұмалақтың, қазақ күресінің де орны ерекше. Қыры мен сырын біле түскен сайын балалар қызыға түседі.

Тілші:–Осы мәселелер аудандарда қалай жолға қойылған?

У.Ғалиев:–Әрине, аудандарда да ұлттық спорттың барлық түрлерінің дамуына баса назар аударып отырмыз. Әр өңірде жекелеген спорт түрінің ерекше дамуы байқалады. Оның себебі, алдыңғы буынның қай спортпен айналысуына немесе жақсы жаттықтырушыға байланысты болып жатады. Кейде, тіпті, жер бедеріне, табиғатқа да байланысты болады. Мысалы, Ерейментауда көкпар, аударыспақ, Целиноградауданында көкпар, құсбегілік, Шортандыда көкпар, Біржан сал ауданында құсбегілік, Бурабай ауданында тоғызқұмалақ, Зерендіде жамбы атутүрлеріжақсы дамып келеді. Жоспар бойынша Қорғалжын ауданында көкпар мен асық ату, Зеренді ауданында тоғызқұмалақ, Целиноград ауданындажәне Көкшетау қаласында жекпе-жек, тоғызқұмалақ, асық атусыныптарынашуымыз  керек.

Тілші:–Жалпы, өзіңіз осы іспен айналысып жүрген маман ретінде қалай ойлайсыз, ұлттық спортты дамытуға қандай жағдайлар жасалған? Қандай база бар? Осы бүгінгі мүмкіндік жеткілікті ме?

У.Ғалиев:–Біз қазақ күресінен  «Қайрат»  спорт залын  жалға  аламыз, «Құлагер» атшабары, «Динамо», «Дарын»  спорт кешендерін пайдаланамыз,Көкшетау қаласындағы №12,16,21 және 22 орта мектептерде оқу-жаттығу сабақтарын өткізеді. Көріп отырғаныңыздай, ол жерлерде спортпен кәсіби түрде шұғылдануға мүмкіндіктер толық бар. Ең бастысы, жаттықтырушылар әр баламен дұрыс жұмыс жасай алуы керек. Біз осы мәселеге баса назар аударамыз.

Атшабарда ағымдағы жөндеу жұмыстарын өткіздік. Мектептің,автокөліктердің ағымдағы жөндеу жұмыстары өткізілді.Осының бәрі жұмыста алға бастырудың қамы.

Тілші:–Соңғы кезде атжарыс, көкпар тарту, садақ атудан жарыстар мүлдем естілмей кетті. Себебі не?

У.Ғалиев:–Дұрысы «сиректеу өтеді» деу керек шығар. Оның үстіне, жарыстар тек қана жергілікті жерлерде емес, басқа облыстарда өтеді. Мүлдем өтпей жатқан жоқ. Пандемияның кері әсері болғанын да естен шығармайық. Жыл сайын атшабарда көкпар, аударыспақ, жамбы ату және теңге ілуден Қазақстан Республикасының чемпионаттары  өтіп келеді. Ағымдағы жылдың  қыркүйек айында облыс әкімінің жүлдесіне арналған бәйге спорты түрлерінен республикалық  жарыс  өтеді. Жеке меншік атбегілерге  атшабар аумағындағы ат шабатын айналым ат жаратуға белгілі бір уақыт бойынша тегін бөлінеді. Жеке кәсіпкер Түкенов Азамат Краснояр селосында өз қаражатына «Арғын ата» көкпар клубын ашты. Көкпардың  5 айғырын  сатып алды.Демек, алға басу бар деуімізге болады.Алдағы мақсаттың бірі – асыл тұқымды Қостанай жылқыларын әрі қарай асылдандыру және жетілдіру. Ат спорт түрлерінен оқу-жаттығу сабақтарын барлық жыл  мезгілінде  өткізу  үшін  жабық манеж, спортзал  қажет.Жарыстарға сапалы дайындалу үшін тренажер, жуынатын бөлме, спорттық жабдықтар керек.Осы жоспарларды біртіндеп жүзеге асырсақ дейміз.

Тілші:–Жалпы жастардың ұлттық спортқа  қызығушылығы қалай?

У.Ғалиев:–Қазіргі таңда ұлттық спорт түрлеріне жастардың қызығушылығы, келушілердің саны  артып келеді. 2021 жылда  ұлттық спорт түрлерімен 738 спортшы шұғылданса, қазір олардың саны 836-ға жетті. Міне, оны осы сандардан білуге болады. Көбіне біздің ұлттық спорт мектебі білікті мамандармен, жаттықтырушылармен қамтамасыз етілген бе деп сұрайды. Мамандар бар. Біліктілігі  жоғары  және біріншідеңгейдегі, жоғары санаттағы жаттықтырушы-оқытушылар жұмыс жасайды.2021 жылы – 14, 2022  жылы – 17 жаттықтырушы-оқытушылар өз істерімен айналысып, жастарды баулып жатыр. Олар жаттықтыратын, есімдері мақтанышпен атауға тұрарлық спортшыларымыз да жетерлік. Мәселен, жекпе-жектен Анас Нүркеш, Батырхан Қалтаев, Мұратхан Әліқұл, Арлан Шаткенов, аударыспақтан Абай Аманжол, Жангелді Ерназаров, Ернар Балташ, асық атудан Еркебай Сәрсеков, Сайлаубек Тәшімов, қазақ күресінен Алмат Төлеухан, Әлішер Дүкенбаев және басқа көптеген  спортшыларымызды атауға болады.  Бұлардың бәріде Алматы, Тараз, Талдықорған сияқты қалаларда республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Қазақстан Республикасының чемпионаттары, Қазақстан Республикасының кубогы, республикалық турнирлерге спортшыларымыз талай рет қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.

Тілші:–Уәлихан Файзурахманұлы, өңір ұлттық спорт түрлерін одан әрі дамыту барысында қандай қолбайлаған тұстар мен проблемаларыңыз бар? Соларға тоқталып өтсеңіз…

У.Ғалиев:–Айтатын, көтеретін мәселелер жоқ емес, бар. Біз, әрине, қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмыс жасай береміз. Алайда, кейбір мәселелер жолға қойылса, жұмысымыз бұдан да жақсы деңгейге көтерілер еді. Мәселен, ат спорты  түрлерінің оқу-жаттығу сабақтарына және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған иппотерапия өткізу үшін жабық манеж салынса, өте жақсы болар еді. Оған келушілердің саны артып, жандана түсер еді. Шын мәнінде көпшілікке пайдасы көп болар еді.Жарыстарға қатысу және оны нәтижелі, сапалы өткізуүшін ат таситын  арнайы автокөлік, шағын автобус, жеңіл автокөлік сатып алу қажет. Ол көліктер спорттық жылқылар мен спортшыларды тасымалдауға керек.Сонда басқа өңірлердегі жарыстарға жиірек қатысар едік. Ал, жарыстарға жиі қатысу спортшылардың тәжірибелерін толықтырып, қызығушылықтарын да арттыра түсер еді.Ұзақ жану қазандығын сатып алу және орнату қажеттігі де туындап отыр.

Әкімшілік ғимаратқа, спортзалға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу,оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін қаражат көлемін ұлғайту қажет деп ойлаймын. Өйткені, ұлттық спорт бүгін бар, ертең жоқ сала емес, ұлтпен бірге өсіп, бірге дамитын сала ғой.Менің білуімше, әрбір халықтың түп-тамыры мен ерекшелігі оның ұлттық спортында да жатыр. Соны ұмытпасақ болды.

Тілші:–Әңгімеңізге рахмет. Істеріңіз алға баса берсін!

Сұхбатты жүргізген Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар