Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің ынтымақтастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасауға, әрине, негіз жоқ!»

Бүгін (2022 жылғы 19 тамыз) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің  Сочи қаласында  Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізіп, екеуара  Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің өзекті мәселелерін жан-жақты талқылап және де  сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.

Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп: – Шын мәнінде, Қазақстан мен Ресей арасында стратегиялық серіктестік негізіндегі қарым-қатынас орнаған. Биыл біз дипломатиялық қарым-қатынас орнатудың өте маңызды датасы – 30 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Осыдан 30 жыл бұрын Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. 2013 жылы осы Шарт елдеріміз арасындағы одақтастық қатынастар туралы сіз қол қойған жаңа құжатпен толықтырылды. Сондықтан қалыптасқан негіз өте жақсы, – деді.

Біз Ресеймен көршіміз! Ол талас тудырмайтын ақиқат! Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлының «біз енді көршілерімізді ауыстыра алмаймыз ғой» деп ертеде бір айтқаны еске оралады. Қазіргі Ресейдің жағдайы әрине алаңдатып отырғаны да анық. Көрші елдің Украинамен қарулы қақтығысы ұзаққа созылып барады. Әлемнің дамыған елдерінің біразы Ресейден сырт айналып, барлық қарым-қатынастарын тоқтатып, санкциялатып жатыр. Бұл тұтас әлемнің экономикасын шатқыаяқтата бастағанын мамандар айтып-ақ жатыр. «Жағдай қалай болар екен?» деген сауал әркімнің көкейінде тұрғаны да анық!

Сол жағдай қалай болар екен деген оймен екі ел Президенттері пікір бөлісті және де екі елдің арасындағы қалыптасқан экономикалық, басқа да қарым-қатынасты сақтап тұру жайлы айтылды. Күрделі жағдайға қарамастан  сауда-экономикалық ынтымақтастық табысты дамып келе жатыр. Қазақстан Президенті осы орайда «өнеркәсіп кооперациясы біздің көңілімізден шығатындай елеулі нәтижелерге жеткенін» атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, сауда динамикасы дұрыс жағынан дамып, былтыр сауда көлемі 24,5 миллиард долларды құрағандығын және де   бұл көрсеткішпен Ресей біздің тауар айналымымызда бірінші орында тұрғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәнігі дипломат ретінде біздің еліміздің Ресеймен қарым-қатынасы Біріккен Ұлттар Ұйымы  және басқа да халықаралық институттар арқылы белсенді ынтымақтасып келе жатқан біраз жайларға  тоқталды

.Президернтіміз былай деді: – Биыл Қазақстан ТМД-ға төрағалық етеді. Қазан айында ТМД саммиті өтеді. Оған өзіңіз қатысасыз деген сенімдеміз. Оның үстіне Ресей Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында маңызды рөл атқарады. Бұл – шынымен де халықаралық форматтағы ынтымақтастықтың басым бағыты.

Әлемде қалыптасып отырған осы күнгі  геосаяси жағдайды ескере отырып, екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту аса қажеттігі анық.  Қазіргі жағдай екі елге де өзара қарым-қатынастарын жаңаша көзқараспен саралауды және  қазіргі ахуал  жаңа міндеттерді  келісе отырып  шешуді қажет етеді.

-Бізді ортақ шекара біріктіреді. Ол – әлемдегі ең ұзын, құрлықтағы толығымен делимитацияланған шекара. Біздің ынтымақтастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасауға, әрине, негіз жоқ! Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастығымызға қосымша серпін беруге ниеттімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Бізді ортақ шекара біріктіреді!» Президентіміздің осы бір ауыз сөзінде екі елдің қашан болсын және де қандай жағдайда болсын ортақ мүдде бар екендігін, сол ортақ мүзддені қашан болсын өзара сенімді келісіммен шешіп отырудың маңыздылығын нұсқаса керек. Қазіргі уақытта кейде Қазақстан мен Ресейдің арасындағы саяси жағдайды ушықьырғысы келіп отырған күштер екіжақта да бар екендігі жасырын емес. Тіпті Ресей Украинадан кейін біздің елге күш көрсетуге кіріседі деп жүргендер де бар. Әрине, әркімнің өз ойын айтуға және де өз болжамын жасауға құқы бар ғой. Дегенмен де елдестірмек сөз сөйлегеніміз абзал.

Өз басым, арадағы кейбір пікір қарама-қайшылықтарына қарамастан Президентіміз Қасым-жомарт Тоқаевтың осы жолғы Сочи сапары маңызды сапар болды деп айта алар едік. «Бармасаң, келмесең жат боларсың» деген ежелгі қазақы дипломатияның қағидасына басып, көрші елдің Президентімен бетпе бет отырып, келіссөз жүргізу және де қазіргі күрделі геосаяси жағдайдың күоделі кезеңінде ортақ бір мәмілеге келу аса қажет еді. Сол болды!

– Жалпы, жұмыс барлық бағыт бойынша айтарлықтай қарқынды әрі оң бағытта жүріп жатыр. Біздің кездесуіміз, әрине, сенімді стратегиялық серіктестігімізді дамытуға қосымша серпін беретініне өте қуаныштымын, – деп Ресей Президентінің осы бір айтқаны әманда көрші елмен арамыздағы қарым-қатынасымызға сызат түспесіне деген сенім ұялатады.

Бұл кездесу бәлкім әзірге қырғи-қабақ болып отырған державалардың да бейбіт келісімге деген үміт сәулесін жағар да болар! Әйтеуір ел тыныш болса екен! Әйтеуір әлем бейбіт қатар өмір сүрсе екен!

Жабал Ерғалиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар