Ақмола облысында ағымдағы жылдың 17 тамызынан бастап «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері – мәжілісмендердің халықпен  кездесулері басталды.

Іссапар барысында депутаттар ақмолалықтарды толғандыратын өзекті де түйінді мәселелерді талқылауға және партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жергілікті жерлерде іске асыру сапасын талдауға ерекше назар аудармақ.

Бүгін мәжіліс депутаттары Мәди Елубаев пен Юлия Кучинская Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылындағы 300  орынға шақталған мектептің құрылыс барысымен танысты. Білім беру нысаны «AMANAT»  партиясының Сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасын іске асыру аясында қолға алынған.

Сондықтан оның сапалы әрі өз уақытында аяқталуын партия өз бақылауында ұстап отыр. Мектептің құрылысы 2020 жылы басталып, биылғы оқу жылының басында, яғни қыркүйекте тапсырылуы керек болатын. Алайда, құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан жобалық-сметалық құжатты қайта түзету қажет болған. Бұл өз кезегінде құрылыстың кешеуілдеуіне себеп,-дейді мердігер. Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинскаяның пікірінше, мәселенің түпкі себептері мемлекеттік сатып алу туралы заңының шикілігінен болып отыр.

«Біз партияның сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынған құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу барысында мемлекеттік сатып алу туралы заңының шикілігінен туындаған біршама олқылықтарды байқадық. Сондықтан, біз тек мониторинг жүргізіп, нысанды уақытында тапсырмаған мердігерді жазалауды мақсат тұтпаймыз. Негізгі мақсатымыз заңдарды жетілдіру. Сондықтан, қандай заңда нендей олқылықтарын барын анықтауға тырысып отырамыз. Мәселен, бүгінде Мемлекеттік сатып алулар туралы Заңның жетілмегендігін байқадық.

Одан қалды құрылыс нысандарын салуды жоспарлау жүйесі де жетілмеген. Олай дейтінім, мердігермен әңгімелесу барысында жобалық-сметалық құжаттаманың әуелде-ақ сапасыз әзірленгенін, геологиялық барлаумен байланысты проблемалар анықталғанын білдік. Сондықтан, келесі сессиядағы жұмыс аясында біз осы мәселелерді көтеретін боламыз.  Мемлекеттік сатып алулар туралы заңды жетілдіру бойынша Мемлекет басшысы бірнеше рет тапсырма берді. Сондықтан, менің ойымша, бұл тақырып, біздің, депутаттардың айналысатын негізгі бағыттарының бірі болады»,-дейді халық қалаулысы Юлия Кучинская. Құрылыс нысанының бас мердігері «Достар» көпсалалы компаниясының өкілі Аслан Набиев болса, мектепті желтоқсан айында аяқтауға тырысамыз деп отыр. «Бүгінде алаңішілік желілерді тарту жұмыстары аяқталды.

Су құбыры мен кәріз жүйесі тартылып, қазандық орнатылды. Осы күндері мектептің алаңын абаттандыру,сондай-ақ, футбол, баскетбол спорт алаңдары бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ, нысанның шатырын салу жұмыстары аяқталу үстінде. Желілер бойынша электр сымдары толығымен тартылды. Қазірде ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр»,-дейді Аслан Набиев.

Мәжіліс депутаты Мәди Елюбаев аталған мектептің құрылысы Жібек жолы ауылындағы үш ауысымда оқу мәселесін біршама шешуге көмектесетінін алға тартты. Жалпы, халық қалаулыларының пікірінше, Елорда маңындағы елді-мекендердегі ең негізгі проблема тұрғындарының көбі ауылда ресми тіркелмегендігінен туындап отыр.

Мәселен, Жібек жолы ауылындағы жергілікті халықтың саны ресми дерек бойынша 10 мыңның айналасында болса, шынтуайтына келгенде, тұрғындар одан екі есе көп. Бұл өз кезегінде Елорда айналасындағы ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылымдардың жетіспеушілігіне алып келуде. Сондықтан, халық қалаулылары алдағы уақытта агломерацияларды дамыту туралы заңды жетілдіру қажет деп санайды.

Жалпы,  Жібек жолы ауылдық округінде бүгінде бір емес, екі мектептің құрлысы жүруде. Екеуі де 300 орынға шақталған. Мәжілісмендер Жібек жолы ауылындағы мектептің құрылысы баяу жүргендігін анықтап, оның жылдың соңына дейін жылдам әрі, сапалы орындалуын бақылауда ұстайтындарын айтты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар