Шілде айында 2 700-ден астам алтын құйма сатылды

2022 жылдың шілде айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 97,4 келі 2 712 алтын құйма сатылды.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама жүзеге асқалы жалпы салмағы 3,36 тоннаға жуық 99 451 алтын құйма сатылған.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 26 пайыз, яғни, 25 589 дана. Одан кейін 20 грамдық  құйма сұранысқа ие, 21 484 дана (22 пайыз) сатылған, 5 грамдық құймадан 20 735 дана (21 пайыз), 100 грамдық құймадан 19 708 дана (19 пайыз), 50 грамдық құймадан 11 935 дана (12 пайыз) сатылды. Алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында көп сатылады.

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

Бағдарлама  іске қосылғалы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктері жалпы салмағы 379 келі 15 279 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған құймалардың 15 пайызы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.

Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ жекелеген банктік емес пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.

Ұлттық Банкі Ақмола филиалының ақпараты бойынша.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар