Жаңа оқу жылына жан-жақты дайындық жүргізілді

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов және облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы брифинг өткізді.

Брифингте алдымен сөз алған Елдос Мұратұлы биыл өңіріміздегі 530 мектепте 37615 оқушы үшін жазғы мектеп ұйымдастырылғанын жеткізді. Жалпы, жаңа оқу жылында 136 мыңнан астам оқушы  мектепке келеді деп күтілсе, оның 14879-ы бірінші сыныпқа қабылданады. Хабарламашының айтуынша, санитарлық қауіпсіздікті сақтау үшін барлық мектептер 100 пайыз дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етіліп, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 53,9 миллион теңге бөлінген.

Ағымдағы жылы жалпыға міндетті білім беру қоры бойынша оқушылардың ыстық тамағын ұйымдастыруға және мектеп формасын, кеңсе тауарларын сатып алуға 2,6 миллиард теңге қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, 1844,9 миллион теңгеаз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақтандыруды ұйымдастыруға және 692,1 миллион теңге мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға жұмсалады. Бүгінгі күні облыс бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасылардағы балалалардың саны 15877 оқушыны құраса, оның 1261-і 1-сыныпқа баратын оқушылар.

– Облыста 2022 жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» жалпы республикалық акциясы жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан 8969 оқушыға 306,3 миллион теңге сомасында материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, оқулықтар мәселесіне келсек, 2022-2023 оқу жылында 2-сыныпқа арналған қайта басылған оқулықтар, үштілділік және инклюзивті білім беру бойынша оқулықтар, қажеттілік бойынша 1 және 3 пен 11 сыныптарға қосымша сатып алынады. Контингенттің ұлғаюына байланысты және «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру мақсатында көркем әдебиет сатып алу жоспарлануда, осы мақсаттарға бюджет қаражатынан 1,1 миллиард теңге бөлінді, – дейді Елдос Мұратұлы өз хабарламасында.

Бүгінгі таңда өтінімдер әзірленіп, оқу әдебиетін тасымалдаушылар анықталып,19 баспамен 233 келісім-шарт жасалған. Сондай-ақ, облыстың білім беру ұйымдарында 22 мыңнан астам мұғалім еңбек етеді. Жалпы білім беретін мектептерде тағы да 259 педагог маман қажет. Олар, әсіресе, математика, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, бастауыш сыныптар және физика, информатика, география, химия, биология  пәндерінен. Осы мәселені шешу, оның ішінде мұғалімдерді ауылдық жерлерде бекіту үшін облыстық бюджет қаражаты есебінен жоғары педагогикалық білім алу үшін мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу практикасы жалғасуда. Қазіргі уақытта 400 адам облыс әкімінің гранты бойынша оқыса, ағымдағы жылы 100 маман оқуын аяқтап, оларға облыс мектептеріне жолдама берілген. 22739 педагогтың 21754-і коронавирусқа қарсы екпе алған. 16920 педагог қайта вакцинацияланған.

Республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен және «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында 11 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге 1,6 миллиард теңге бөлінген. 9-ында бұл жұмыс жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталады деп күтілуде. 546 мектептің 94-інде орталықтандырылған жылу,  ал, 439 мектепте қатты және сұйық отынмен жұмыс істейтін автономды қазандықтар бар.

Ғимараттардан қазандықтарды шығару үшінбюджеттен 750 миллион теңге бөлініп, бүгінгі күні 13 нысан бойынша жұмыстар аяқталды, тоғыз нысанда одан әрі жалғасуда. Облыстық бюджеттен 50 білім беру нысанындағы 73 қазандықты ауыстыруға 303,8 миллион теңге қаржы бөлінген. Өңіріміздегі барлық 546 мектеп, 256 балабақша бейнебақылау жүйелерімен 100 пайызға қамтамасыз етілген.

Көкшетау қаласының барлық 27 мемлекеттік мектебі мен Щучинск қаласының 11 мектебі жедел басқару орталығы жүйесіне қосылған. Сонымен қатар, 78 мектептің бейнебақылау камералары аудандық полиция бөлімдеріне берілген.

Облыстың 546 мектебінің 159-ы турникеттерге қосылған, бұл – мектептердің жалпы санының 29,1 пайызын құрайды. Оқу жылы басталғанға дейін 308,7 миллион теңгеге тағы 113 мектепте турникеттер орнатылады деп күтілуде. Сондай-ақ, биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін қалаларда және аудан орталықтарында орналасқан барлық ұйымдарда дабыл түймелерін және турникеттерді орната отырып арнайы күзетке көшу жұмыстары жүргізілмекші. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында өңірдегі сұранысқа ие мамандықтар бойынша 5800 мектеп түлеқ оқуға қабылданады. Олардың 500-і кәсіпорындардың өтінімдері бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қабылданғандар.

Брифингте осылайша жаңа оқу жылына дайындық мәселелерін жан-жақты қамтыған спикерлер журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар