Тамыз кеңесі: жаңа мақсат, жаңа міндет

 Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Bolashaq» сарайында білім қызметкерлерінің жыл сайынғы дәстүрлі тамыз кеңесіне қатысып,  облыс педагогтарына алдағы жаңа оқу жылында тың жетістіктер тіледі және бір топ ардагер ұстаздар мен мұғалімдерді түрлі марапаттармен марапаттады.

 Сондай-ақ, Көкшетау, Степногорск қалалары мен аудандардың білім бөлімдерінің басшыларына «Yutong» маркалы 15 автобустың кілтін табыс етілді.  Облыстық байқау жеңімпаздары атанған Көкшетау қаласындағы С.Жүнісов атындағы №18 орта мектеп-лицейінің ұжымы 22 миллион теңгенің және Көкшетау құрылыс-технологиялық колледж ұжымы 20 миллион теңгенің ақшалай сертификаттарына ие болды.

«Білімді ұлт: білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм» тақырыбында өткен жиынға Қазақстан Ресупубликасының Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов, «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова, Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Талғат Жүнісов, облыстық басқармалардың басшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері, ардагер ұстаздар, білім қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Сонымен қатар, өңіріміздегі мұғалімдер мен ата-аналар қоғамдастығының бес мыңнан астам өкілі аталмыш жиынға  әлеуметтік желілер арқылы онлайн қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Тамыз кеңесінің пленарлық отырысы басталмас бұрын облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде оқу-тәрбие процесінің өзекті мәселелері талқыланған дөңгелек үстел жиыны болып өтті. Аталмыш жиынға қатысқан өңіріміздің қалалары мен аудан әкімдеріне аймақ басшысы білім саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, ұлт болашағының сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық қажетті жағдайды жасау керектігін қадап айтып, нақты міндеттер жүктеді.

Бұдан кейін конференцияда да құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі жаңа оқу жылында білім саласының қызметкерлерінің толағай табыс тілеп, өңірімізде сала бойынша атқарылып жатқан оң істерге тоқталып өтті. Әсіресе, білім сапасына келгенде ешқандай кемшіліктер болмауы керек дегенді баса айтты өңір басшысы. Жасырары жоқ, өңіріміздегі бірқатар аудандарында білім сапасы көңіл көншітпейді. Мәселен, білім сапасының көрсеткіші Астрахан ауданында 55 пайызды құраса, Бұланды мен Жарқайың аудандарында 57 пайыз төңірегінде екен. Ал, Степногорск қаласы және Ақкөл мен Бурабай аудандарының мектептері оқу сапасы бойынша жақсы көрсеткіштерге ие. Мысалы, Степногорск қаласында 66 пайыз болса, Ақкөл мен Бурабай аудандарында білім сапасы  63 пайыз төңірегінде.

– Бүгін біз білім беру саласының жұмысын қорытындылау және өңірде «Білімді Ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын  іске асыру бойынша жаңа оқу жылына арналған негізгі міндеттерді анықтау үшін кезекті рет жиналып отырмыз. Өткен оқу жылында жалпы облыс бойынша мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім берудің барлық деңгейлерінде  Ұлттық жобаның негізгі жоспарланған индикаторлары мен  көрсеткіштеріне  қол жеткізілгенін атап өту қажет. Біздің Ақмола облысында білім саласына зор көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылдың ішінде білім мекемелерінің құрылысы мен қайта жабдықталуы үшін 40 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. 12 білім беру мекемесі пайдалауға берілді. Қазіргі таңда облысымызда 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олардың бесеуі ағымдағы жылы пайдалануға беріледі.

1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында Қосшы қаласында 1200 орынға лайықталған жаңа мектеп ашылады, – дей келіп,   өңір басшысы жыл санап білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасының нығайып жатқандығын да тілге тиек етті. Бір ғана мысал, биылғы жылдың өзінде осы бағытқа бюджеттен 4 миллиард теңге бөлінген екен.   Соңғы үш жылдың ішінде 250 білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 48 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Оқушыларды тасымалдау үшін жыл сайын жаңа арнайы көлік сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтуіміз керек. Мәселен, үш жыл ішінде облыста 70 автокөлік құралдары сатып алынды, биыл лизинг арқылы 2,6 миллиард теңге сомасына 65 автобус жеткізілмекші.

Бүгінде балаларды мектепке жеткізу үшін 188 бірлік автокөлік құралдары жұмылдырылған, оның ішінде 121 автобус және 67 шағын автобус бар.

Жиында облысымыздағы білім саласындағы ілкімді істер, соны жаңалықтар, алдағы оқу жылында алға қойылған мақсат-мүдделер турасында облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов баяндама жасады. – Конференция аясында облыс көлемінде мектепке дейінгі, жалпы білім беретін, техникалық және кәсіптік, арнайы және қосымша білім беру, тәрбие, дарынды балалармен жұмыс, қамқоршылық және қорғаншылық бағыттарында 12 секциялық отырыс өткізіліп, 947 педагог оффлайн, 12 мыңнан аса педагог онлайн режимінде тәжірибе алмасты.

Сонымен қатар, Оқу ағарту министрлігі тарапынан ұйымдастырылған Республикалық тамыз педагогикалық форумына онлайн және оффлайн форматта Ақмола облысының 4 мыңнан астам педагогы қатысты. Бүгінгі форумды да облыс педагогтері ZOOM және Facebook, Instagram әлеуметтік желілері арқылы көруде. Форумның секция жұмыстарында биылғы оқу жылының басты жаңалықтары талқыланды. Тарқатып айтар болсақ, Қазақстан Республикасының бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің стандарты мен үлгілік оқу жоспарларына енгізілген өзгерістер, 1-ші қазақ тілді сыныптарда тек ана тілінде, орыс тілінің 2-ші сыныптан, ал, ағылшын тілінің 3-ші сыныптан бастап оқытылатындығы.

Орта буында Жаһандық құзыреттілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру сағаттарының қосылуы туралы жаңа міндеттер сараланды. Өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар аз емес, ал, алға қойған міндеттер мен мақсаттарымыз одан да көп. Биылғы 2022 жыл Қазақстандағы Балалар жылы аясында өтуде. Балалар жылын өткізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген, соған сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Ақмола облысында балаларды қолдаудың жеті бағыты бойынша іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Балалар жылы бойынша өңірлік штаб, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен спикерлер пулы жұмысын жүйелі түрде жүргізуде. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың аудандары мен қалаларында әртүрлі форматтағы 1700-ге жуық ірі ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды, онда 480 мыңнан астам бала қамтылды. Облысымызда 35 мынан астам баланы қамтыған 610 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді.

Өткен жылы 1122 орынға арналған 14 мектепке дейінгі ұйым ашылды, 39 балабақша бөбекжайға ауыстырылды, бұл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 85,1пайызға дейін қамтуға және 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамтуды 100 пайызға сақтауға мүмкіндік берді.Биыл жылдың аяғына дейін 1240 жаңа орын құру, сондай-ақ 10 балабақшаны бөбекжайға ауыстыру жоспарлануда, бұл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамтуды 85,4 пайызға дейін арттыруға және 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды қамтуды 100 пайыз сақтауға мүмкіндік береді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары желісінің дамуы аясында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қойылатын талаптар да түбегейлі өзгереді. Осы салада көрсетілетін қызметтердің сапасына назар аудару қажет, – дей келіп, білім басқармасының басшысы балаларға инклюзивті білім беру үшін жағдайлар жасалғанын да атап өтті.

Жаңа оқу жылында облыстың 542 мектебіне 136 мыңнан астам оқушы оқитын болады, олардың 15063-і бірінші сынып оқушылары. 542 мектептің 350-і шағын жинақты мектеп болып табылады. Қала және ауыл мектептері арасындағы білім берудегі алшақтықты қысқарту, жаңа оқу жылынан бастап ауыл балаларының сапалы білім алуына қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін облыста шағын жинақталған мектептерді тірек мектептерге біріктіру жолымен «Тірек мектеп – магниттік мектептер» кешенінің» пилоттық жобасын іске асыру жоспарлануда, оған 20 мектеп кірді.

Білім сапасы білім беру саласындағы негізгі мәселелердің бірі болып табылады, 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша 60,8 пайызды құрады, бұл ретте қалалық жерлерде 61,2 пайызды, ал, ауылдық жерлерде 60,5 пайыз төңірегінде екен. Өткен оқу жылында 11 сыныптың 4617 түлегінің 270-і «Алтын белгі» төсбелгісіне және 279-ы үздік аттестатқа ие болса, 1354 түлек қазақстандық жоғары оқу орындарына грантқа түсті, бұл түлектердің 36 пайызын құрайды, оның 166-сы «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлері.  Біздің облыс оқушылары үшін жемісті жыл болды десек асыра айтпағандығымыз. Оқу жылының қорытындысы бойынша облыстың «қоржынында» біздің оқушыларымыз республикалық, халықаралық олимпиадаларда және ғылыми жобалар конкурстарында 80 медаль жеңіп алды, оның 17-і алтын, 25-і күміс, 38-і қола медальдары.

Ақмола облысындағы білім беру жүйесінде барлығы 36094 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 22 мыңнан астам педагог бар. Облыста 2021 жылдан бастап білім беру ұйымдарының басшыларын аттестаттау жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша 30 пайыздан 100 пайызға дейін қосымша ақы төленетін біліктілік санаттары беріледі. Облыстың 770 мемлекеттік білім беру ұйымдарында жаңа жүйе бойынша 145 басшы және 397 басшы орынбасарлары аттестаттаудан өтті. Өңірімізде педагог мамандардың қатарын арттыру мақсатында облыс әкімінің тағайындалған арнайы грантымен 400 студент педагогика мамандықтары бойынша білім алуда. 2022 жылы оқуын тәмамдаған 100 маман биылғы оқу жылында білім мекемелеріне жолдама алып, жұмысқа орналасып отыр.

Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалардың құқықтарына қысым жасалмауы тиіс. Облыста ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар 11 395 бала, оның ішінде мүгедектігі бар 1643 бала бар. Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды қолдау мақсатында облыста 28 арнайы білім беру ұйымы жұмыс жүргізуде.

Ақмола облысында өңір кәсіпорындары үшін жас кадрларды даярлауды 97 мамандық және 165 біліктілік бойынша 32 колледж жүзеге асырады. 17 мың студент немесе 80 пайыздан астам ұл-қыз тегін оқиды және жаңа оқу жылында мемлекеттік тапсырыс аясында 5800 мектеп түлегі қабылданады деп жоспарланған. Облыс колледждерінде 450-ден астам кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатылған. Колледждер жанынан құрамына 300-ден астам жұмыс беруші кіретін индустриялық кеңестер жұмыс істейді. Мамандарды даярлау сапасын арттыруға «Жас Маман» жобасы мүмкіндік берді, соның арқасында облыстың 11 колледжінде заманауи оқыту жабдықтары пайда болды және құзыреттілік орталықтары ашылды.

Тамыз кеңесінде Бурабай ауданы Зеленый бор мектеп-гимназиясының директоры Мейрамбек Рахымжанов, Краснояр агротехникалық колледжінің директоры Сайран Сейітқалиева, Шортанды №3 жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілінің мұғалімі Гүлім Батырғалиева, Ақмола облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсем Асаинова және тағы басқалары сөз сөйледі.

Жиын соңында отырысты қорытындылаған облыс әкімі өңірдің білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін шешудегі негізгі міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталып,педагогтарға, ұйым қызметкерлеріне және білім беруді басқару органдарының нәтижелі жұмысы үшін алғыс айтты

Сондай-ақ, конференцияда үздік педагогтардың еңбектері ерекше аталып, білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері марапатталды. Облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» және «ТжКБ үздік ұйымы» байқауларының жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар беріліп, жас мамандарға да құрмет көрсетілді. Кәсіби шеберлігі, жоғары моральдық қасиеттері және балаларға деген толерантты көзқарастары үшін педагогикалық еңбек ардагерлеріне «Еңбек ардагері» медалі тапсырылды.

Олардың қатарында: Тота Бреншинова, Екатерина Бузина, Алтынжан Рахымова, Баян Исмағамбетова, Тынымбай Досбатыр бар.  Сонымен қатар, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен Көкшетау қаласындағы №5 көппрофильді «Таңдау» гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Әлия Ахетова, Көкшетау қаласындағы №13 «ЭКОС» мектеп-гимназиясының директоры, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Светлана Ахметжанова, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гүлжанат Серкешбаева және тағы басқалары бар.

Байқаулар мен  педагогикалық олимпиадалардағы, авторлық жобаларды әзірлеуге, «Жас педагогтар Одағының» жұмысын ілгерілетудегі жоғары жетістіктері және өскелең ұрпақтың рухани, зияткерлік деңгейін дамытудағы жауапкершілігі үшін бірқатар ақмолалық педагогтарға Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен және 100 мың теңге ақшалай сертификаттары табыс етілді. Олардың қатарында Жақсы ауданындағы Қ.Өскенбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің педагог-психологы Аида Ахметова, Ақкөл ауданының Ақкөл қаласындағы №2 жалпы білім беретін мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Жамал Туитина, Көкшетау қаласындағы С.Жүнісов атындағы №18 орта-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Карина Роот және тағы басқалары марапатталды.

Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

  

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар