– Қытай қайта пайдалануға болатын суборбиталық зымыран тасығышты алғаш рет сәтті ұшырып, сынақтан өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Қытай аэроғарыштық ғылым және техника корпорациясының (CASC) мәлімдемесіне сілтеме жасап.
«Қайта пайдалануға болатын суборбиталық тасымалдағыш сәтті ұшырылды. Бұл қайта пайдалануға болатын «Ғарыш-Жер» тасымалдау технологиясының берік негізін қалады», – деп түсіндірді CASC.
Тасымалдаушы Цзюцюань (Солтүстік-Батыс Қытай) ғарыш айлағынан ұшырылды. Суборбиталық ұшырылымнан кейін аппарат Ішкі Моңғолия автономиялық аймағында орналасқан әуежайға қонды.
Жергілікті БАҚ жазғандай, қайта пайдалануға болатын суборбиталық құрылғылар ғарыштық ұшақтарды жасау және құру саласындағы зерттеулерді жеделдетуде үлкен маңызға ие. Бұдан басқа, мұндай аппараттарды ғарыштық туризмді, сондай-ақ қызметкерлер мен жүктерді құрлықаралық жылдам тасымалдау үшін пайдалануға болады.
Фото: www.spacechina.com