Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Қазақстандық қоғамдық даму институтытың» ұйымдастыруымен «Ruh camp» көшпелі оқыту семинары болып өтті.
Екі күндік семинарға Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының өңірлік жобалық офис қызметкерлері, идеология саласына жауапты жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған 30-дан аса қызметкер қатысты. Дәріскерлер құрамында танымал коуч жаттықтырушылар, республикалық сарапшылар қауымдастығының өкілдері, институт қызметкерлері бар.
Оқыту семинары қызметкерлердің коммуникативтік қасиеттері, аналитикалық дағдылары мен сыни ойлау қабілеттерінің дамуына, ауқымды деректермен жұмыс істеудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеруге, ЖАО қызметкерлерінің біліктілігінің артуына және БАҚ саласында сапалы ақпараттық-имидждік сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Екі күндік модульдің алғашқы күні дәріскер, 50-ден аса аймақтық, республикалық және халықаралық ауқымдағы жобалардың авторы, әлеуметтік психология және зерттеу әдіснамасы бойынша жаттықтырушы Ілияс Тілеубергенов «Мемлекеттің идеологиялық жұмыстары: аймақтарда іске асыру жолдары» тақырыбында сөз алып, идеологияның маңыздылығы мен әсері, осы жұмыстарды қаражатсыз өткізу, тиімділігін бағалау мен мониторинг жасаудың тәсілдері бойынша кеңінен тоқталды. Семинар соңында қатысушылар сұрақ-жауап форматында өзара пікір аламасып, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Шара соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Оқыту семинарының екінші күні «Идеологиялық қызметті тиімді іске асырудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында жалғасты. Институт қызметкерлері Самат Нұртаза «Мемлекеттік коммуникативтік саясаттың жекелеген бағыттарын жүзеге асыру мәселелері», Бауыржан Серікбаев «Ақпараттық ілгерілетудің әдіс-тәсілдері/БАҚ және әлеуметтік желі арқылы позитивті имидж қалыптастыру», Жақсыбек Жиеналиев «Қызметкерлердің көшбасшылық қасиеттерін дамытуда жобалық менеджменттің заманауи тәсілдерін қолдану», Рүстем Қанапиянов «Жобаларды іске асырудағы үздік шетелдік тәжірибелер» тақырыптарында дәріс жүргізіп, мазмұнды ақпараттармен бөлісті.
Семинар соңында қатысушылар сұрақ-жауап форматында өзара пікір алмасып, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Шара соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.