Тың серпінмен қадам басамыз

Тоқтаусыз ізденіп, білмейтінін білуге ұмтылған  сайын адам өзінің жер бетіндегі жеті миллиард  жанның біреуі ғана екенін, мына өмірдің әр адамға  берілген  игілік екенін түсінетіндей  көрінеді. Білікті, әрі білімді маман болу үшін де, әрдайым білімге талпынып отырмай болмайды.

«Бәрін білемін» деген сөз – барлық бәленің  басы. Қоғамның талабы үздіксіз  іздену мен өмір бойы оқуға ұмтылу болса, қазіргі VUCA әлемінің  бәсекеге қабілетті дарынды  оқушысына білім беруде бұл ұстаным мен пікір өте дұрыс айтылғандай. Білуге талпынған сайын үйренуге ұмтылған сайын қызығушылығың арта түседі. Сондықтан, өркениетке ұмтылған, ақпараттық технология дамыған сайын «бәрін білемін» деу қате пікір. Расында, ұмтылысы бар жанға  ілгерілеуге мүмкіндік бар.

Санаулы күндерден соң жаңалыққа, жаңашылдыққа толы жаңа оқу жылы басталмақ. Оқушы, ата-ана, ұстаз үшін қазір қарбалас уақыт. Білім мекемелері  білім алушыларға білім ордасын дайындап, заманауи бағыттарда тынымсыз жылжып жатыр.Тамыз айының басынан бастап, барлық аймақта мұғалімдерге арналған тамыз кеңестері өтіп, мұғалімдеріміз ізденіс, талпыныс үстінде. Алатауды сағынған мен үшін бұл жолғы тамыз кеңесіне  шырайлы Алматыға аттануға тура келді.

Тамыз кеңесі дегеніміз – жаңа оқу жылына білім беру мекемелері қызметкерлеріне алдағы жоспарларын саралап, бағыт бағдар беретін, бәсекеге қабілетті білім алушыларға сапалы білім беруде  әдістемелік қолдау көрсететін маңызды жиын болып саналса, сол жиынға мектеп басшысы ретінде бірінші қатысуым.

Айталық, ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық  ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 10-11 тамыз күндері Алматы облысы, Қаскелең қаласы, Сүлеймен Димерел атындағы университетте өткен мамандандырылған білім беру ұйымдарына арналған  ғылыми зерттеу жұмысы аясында «Оқыту мен тәрбиелеу жүйесін трансформациялау: сын-қатерлер, мүмкіндіктер, жауапкершілік» тақырыбындағы тамыз педкеңесіне Ақмола облысының білім басқармасы мамандары, мамандандырылған мектеп басшылары бірге қатысып қайттық.  Педкеңестің мақсаты да сол – 2022-2023 оқу жылында жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту жағдайына жағдай жасау, жалпыазаматтық құндылықтарға негіздей отырып, дарынды балаларға білім берудің  сапасын арттыру, білім мазмұнын жетілдірудің бағыттарын анықтау еді.

Осы мақсат аясында білікті тренерлер дәріс оқыды. Санкт-Петербург қаласындағы жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім беру академиясының аға оқытушылары дәріс берді.  Қазіргі заманауи білім беру мекемесінің және басшы имиджінің қандай болу керек екендігі, ескі ұстанымдарды трансформациялаудың тәсілдері мен ерекшеліктері туралы қызықты мысалдармен түрлі тақырыптар қамтылды. «Мұғалім, Оқушы, Мектеп – жаңа түсінік» «Заманауи мектептегі білім мен тәрбие» тақырыбын отбасылық коуч, гуманистік педагогика пәнінің мұғалімі, ICBT халықаралық бизнес-тренерлер мектебінің түлегі, «Жаңа ұрпақ» республикалық көшбасшылық мектебінің негізін қалаушы, «UNESCO» клубының Қазақстандық федерациясының басқарма мүшесі, «Папа может» кітабының авторы Асхат Әбжанов жүргізді. Отбасында, ұжымда оқушы, мұғалімдермен жұмыс барысында рухани тәрбиені транцформациядаудың заманауи әдістерін  таныстырды.  Ш.А.Амонашвиллидің  шәкірті ретінде гуманистік педагогиканың тигізер әсерін жеткізді. Тағы бір маған ерекше ой салған тақырыпты Нұр-Сұлтан қаласындағы «BINOM – Ұлы Дала» мектеп-лицейінің директоры Құралай Байтәжікова «Корпоративтік басқару мәдениеті» тақырыбы бойынша өз тәжірибесінде қолданып, зерттеп жатқан  командалық жұмыстың тиімділігі, ерекшелігі, түрлері мен қалыптастырудың жолдары аясында тәжірибелік дәріс жүргізді. Бір мақсат, бір мүддеге бағытталған қомандалық топтың факторларына жеке-жеке анықтама берді. Бұл да басшы үшін ең құнды дәріс болды. Бүгінгінің ұстазы қандай болуға тиіс? Қазіргі балалардың талғамы мен қалауына, қоғамдық бәсекеге қабілетті тұлғаны қалай жасаймыз?

Бұл сұрақтардың жауабын тамыз кеңесінің екінші күнімен толықтыра түстік. Тақырыпты ашқан «USTAZ Pro» академиялық директоры Нұрлан Иманғалиев білім саласындағы уақыт сабақтастығына сараптама мен зерттеу жасай отырып, әсіресе, жас ұстаздардың қызметінің өлшем-шарттарын қарастыруға тырысты.

Сонымен, тамыз кеңесінен өз басым не алдым? Басшы ретінде бойымда қандай қасиеттер болуы керек? Сөйлеу мәнерім мен қарым-қатынас мәдениетім, ситуациядан шығу қабілетімді қалай дамытамын, үздіксіз  ізденудің пайдасы, білім беру мен тәрбие беру тәсілдерін трансформациядаудың жолдары, заманауи білім бере отырып жетістікке жетудің құпиясы, ұжымдық басқарудың, көшбасшылықтың тиімділігі, тағы басқа көптеген сұрақтардың жауабын алдым. Республиканың  әртүрлі аймағынан келген әріптестеріммен танысып, тәжірибе бөлісіп, бір   күш-қуат алып қалған жайым бар.

Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының басшысы Ануар Ерболұлы Оңайбеков тамыз кеңесін қорытындылап, дарынды балалармен жүргізілетін жұмыстар мен көрсетілген сапалы қызметтің тасасында ұстаздардың ерекше еңбегі жатқанын атап өтті. Әрбір баланың келешегіне жол көрсетіп қана қоймай ,оларға  жасалатын қызметтің сапасы, нәтижесі, заманауи білім беру мекемелерінің  мәселелері мен шешу жолдары да аталып өтілді. Жыл қорытындысына сараптама жасалды. Халықаралық дәрежеде қазақстандық білімнің деңгейін дәлелдеген шәкірттердің жетістіктерімен қуандық. Проблемаларға да ойлана қарадық.

Ең бастысы, тамыз кеңесінен рухани, әдістемелік мол әсер алдық десек болады. «Қандай өсімдік ексек те ол күнге зәру, оның жүрегі саналатын тамыры ылғалға мұқтаж» деген сөз бар. Балалар да дәл солай. Шәкірттің  бәсекеге қабілетті болуы ата-анасының қамқорлығымен бірге, ұстаздың мейірімі, білім ордасының заманауи бағытқа ұмтылысымен де өлшенетүспекші. Демек, басталатын жаңа оқу жылы баршаңызды жақсылыққа жетелейтін жыл болсын дегім келеді.

Рысжан ШАМҰРАТОВА,
Ақмола облыстық білім басқармасының
Нұр-Сұлтан қаласындағы  «№2 дарынды балалар
мектеп-интернатының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар