Іске сәт, ақмолалық диқандар!

Сайын дала төсіндегі сәл сарғыш тартқан егістік алқаптары теңіздей толқып тұр. Өткен жылғы қуаңшылықпен салыстырғанда, биылғы егіннің жағдайы тәубе дерлік.  Көктемде 5,2 миллион гектар алқапқа дәнді дақыл тұқымдарын сіңірген ақмолалық  диқандар ырыс жорығына аттанып кетті.

Көктем мен жазда көк өскіннің көктеуіне өте қажетті ылғал да жақсы түсті. Мамандардың есептеуіне қарағанда, дән тамырланып, алқаптағы қарабұйра топырақтан көктеп шығу үшін аса қажетті ылғал көлемі жеткілікті болған. Мәселен, мамыр-шілде айларында әр ауданда әртүрлі болғанымен, орта есеппен 11,6 миллиметрден 68,2 миллиметрге дейін ылғал  түскен. Бұл көлем қалыпты деңгейден 33,3 және 57,4 миллиметрге көп. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, көктен иіп көктеді деген осы. Орақ жаңа басталғандықтан қапқа түсіп, қырманға үйілгенді ғана есепке алатын диқандар биыл астықтың аз болмайтынын айтып отыр.

–Барлық егіннің 75 проценті немесе 3,4 миллион гектар астықты алқаптағы өнім көлемі өте жақсы, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов, – бір жарым миллион гектар алқаптың шығымдылығы қанағаттанарлық. Өткен жылы гектар берекесі 9,1 центнерден айналса, биыл 10-11 центнерге жетіп қалуы әбден ықтимал. 4,6 миллион тонна астық жинаймыз деп межелеп отырмыз.

Жерде өскенді жерде қалдырмай жинап алуға мүмкіндік бар. Биылғы егін орағына 8,7 мың астық жинайтын комбайн қатыспақ. Оның 4,4 мыңы жоғары өнімді, жаңа комбайн. Басқарма басшысының орынбасары мемлекеттің қолдауының арқасында облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары машина-трактор паркін жыл сайын жаңартып келе жатқандығын айтып өтті. Үстіміздегі жылдың соңғы жеті айында диқандар жалпы құны 35 миллиард теңге болатын 1025 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Орылған егінді тасымалдауға 4,8 мың жүк көлігі жұмылдырылмақ.

Ендігі мәселе – зор еңбекпен жиналған дәнді сақтау.  Мамандардың айтуына қарағанда, жаздың соңында жауын жиі жауғандықтан, дән ылғалды, демек, негізгі күш элеваторларға түспек. Биыл облыста лицензияланған 70 астық қабылдау кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың қамбасына 4,7 миллион тонна астық сияды. Өзге де ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының 2 миллион  тонналық қоймалары бар.

Күзгі ораққа қажетті 83 мың тонна жанар-жағар май тасымалданып бітуге таяу. Кепілдендірілген дизель отынының құны өскен жоқ. Қазір жер-жерде осындай дайындықтың арқасында егінді іріктеп ору жұмыстары басталып кетті. Кейбір жерлер тіпті, ерте себілген егін алқаптарында орақты барынша өрістете түскен. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері егін орағымен қатар, мал азығын аяқтау бағытында да қауырт қимылдап жатыр. Биыл өңірде 640 мың бас мал қыстатылады. Осыған орай, 1 миллион 260 мың тонна шөп, 260 мың тонна пішендеме, 190 мың сүрлем дайындалды. Егін орағынан кейін 750 мың тонна сабан дайындау жоспарлануда. Бұл жұмысқа мал азығын дайындайтын  бір жарым мың бригада жұмылдырылған. Қазір шабындықтарда 2500 трактор, 1100 шалғы, екі мыңға таяу басқа да ауыл шаруашылығы техникалары пайдаланылуда. Күні бүгінге дейін қажетті шөптің 95 проценті жиналып, қыстақтарға тасымалданып алынды. Сондай-ақ, 234 мың тонна пішендеме, 95 мың тонна сүрлем дайындалды.

Өткен жылғы қуаңшылықтан сабақ алған малсақ қауым қытымыр қысқа қапысыз қамдануда.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар