Ұлт Ахмет Байтұрсынұлынан бастап тіл үшін күрес әлі тынбай келеді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы халқының тілдері күніне арналған салтанатты жиын болып өтті. Мәдениет сарайының фойесінде «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» атты тақырыпта көрме ұйымдастырылып, жұртшылық назарына ұсынылды. Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған шара Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры ұжымының театрландырылған қойылымымен ашылды.

– Тіл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан балалар мұрасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, биыл баршамыз тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойын  және тілдер мерекесін қатар атап өтіп отырмыз. Өткен жылы ЮНЕСКО ұлы ғалымның мерейтойын атап өту жөнінде шешім қабылдады. Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ұлт болып сақталып қалуы үшін тілдің орны айрықша екендігіне зор мән берді. Оған «Егерде біз қазақ екенімізді ұмытылып қалуды тілемесек, тіліміздің де сақталып қалу қамын қатар ойлауымыз керек» деген сөздері айқын дәлел. Ол ұлт тілін сақтаудың орасан зор маңызын халқымыздың санасына сіңіре отырып, қазақ тілін ғылымға бейімдеді. Ағымдағы жылы еліміздің барлық аймақтарында ғалымның 150 жылдығына арналған түрлі форматтағы мәдени-көпшілік іс-шаралар өтуде. Облысымызда Ахмет Байтұрсыновтың мол мұрасын зерттеуге арналған халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар және көптеген мәдени шаралар өтуде. Ұлы ғалымның шығармашылығына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты өңіраралық айтыс өткізіледі, –  дей келіп, өңірімізде тіл саясаты бағытында атқарылып жатқан ауқымды шараларға да тоқталып өтті.

Ұлт ұстазының есімін ұлықтау мақсатында Ақмола облысындағы 1 мектеп пен  22 көшеге Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген. Алдағы уақытта Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледжіне, республикалық ономастикалық комиссисяның қолдауымен Біржан сал, Жақсы аудандарындағы екі орта мектебіне, сонымен қатар, аудан орталықтары мен ауылдардың көшелеріне ғалымның есімі берілетін болады.

Салтанатты шарада Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңіріміздің тіл саясатында нәтижелі еңбектерімен ерекшеленген жерлестерді марапаттады. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының Құрмет грамотасымен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ермек Нұғыманов, Ақмола облыстық білім басқармасының бас маманы Айгүл Шақшақова және Ерейментау аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жанар Жүсіпова марапатталды. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің дамуына ерекше үлес қосып жүрген бірқатар ақмолалықтар Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатына ие болды. Олардың қатарында Ақмола облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің негізін салған, ұлттық ойын «Асық атуды» қайта жаңғыртқан Мейрамбек Қиықов және тағы басқалары бар.

Сонымен қатар, республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің дамуын насихаттар жүрген тәжірибелі журналист, ақын-жазушы, биылғы «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» облыстық конкурсының жеңімпазы Серік Жетпісқалиев, «Үздік сайт мақаласы» номинациясының жеңімпазы «BAQ.kz» ақпараттық агенттігінің Ақмола облысы бойынша тілшісі Әсем Құлжанова және тағы басқалары марапатталды.

Іс-шарада Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғыллымдарының докторы Жамбыл Омарұлы Артықбаев жиналған қауымды Қазақстан Республикасы халқының тілдері  мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Мерекелік шара Қазақстан Республикасы «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, елге танымал эстрада жұлдызы Ибрагим Ескендірдің орындауындағы әсем әндермен жалғасын тапты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар